Ыстанбұлдағы терактіге қатысты жаңа видео тарады ма?

Әлеуметтік желі қолданушылары Түркиядағы жарылыстың видеосын таратты. Олар мұны жақында Ыстанбұл қаласында болған терактінің бейнесі деп топшалаған. Алайда Agence France-Presse (AFP) фактчекерлері видеоның алты жыл бұрынғы екенін анықтады.

Бейнебақылау камерасының 23 секундтық бейнежазбасынан адамдардың жарылысқа дейінгі уақытта көшеде кетіп бара жатқаны көрінеді.

2022 жылғы 13 қарашада Twitter-де урду тілінде жарияланған жазбада: «Біз Түркиядағы жанкешті жарылысты қатаң айыптаймыз» делінген. Осыған ұқсас Facebook пен Twitter-дегі араб, урду, парсы тіліндегі жазбалар да 10 000-нан астам рет көрілген.

Ыстанбұлдағы терактіге қатысты жаңа видео тарады ма?

Пәкістандық ARY News агенттігі жарылыс туралы репортажында да осы кадрды пайдаланған. Олардың репортажы Facebook желісінде 300 мыңнан астам рет қаралым жинаған.

2022 жылғы 13 қарашада Ыстанбұлдың адам көп жүретін Истикляль көшесінде жарылыс болды. Салдарынан алты адам қаза тапты, 81 адам жарақаттанды. Алдын ала мәлімет бойынша, әйел адам көшеге жарылғыш затты тастап кеткен. Түркия билігі теракті артында Күрдістан жұмысшы партиясы тұрғанын айтады.

Алайда көпшілік арасында тараған бұл видео ескі болып шықты. Оның жақында Ыстанбұлда болған жарылысқа еш қатысы жоқ.

Яндекстің кері іздеу жүйесі 2016 жылғы 19 наурызда түріктің Evrensel Daily газетінің Twitter-іне жарияланған дәл осы видеоның ұзағырақ нұсқасын тапты.

Twitter-де түрік тілінде: «Истикляль көшесіндегі Таксимде лаңкес жасаған терактінің анығырақ суреттері пайда болды» деп жазылған. Таксим – Ыстанбұлдағы Истикляль және басқа көшелер орналасқан танымал алаң.

2016 жылғы 19 наурызда Иктикляль көшесінде теракт болып, салдарынан төрт шетел азаматы қаза тапқан. Билік жарылысты ұйымдастырған адамды «Ислам мемлекеті» тобына қатысы бар түрік жиһадшысы деп атаған. Осылайша, желіде тараған видеоның 2022 жылғы терактіге еш қатысы жоқ.

Factcheck.kz