Әлеуметтік желілерде Қазақстандағы перзентханалар мен ауруханаларда әке болуды анықтау үшін міндетті ДНҚ тестін жүргізу туралы заң жобасын әзірлеу идеясы қызу талқыланып жатқаны туралы видео кең тарады.
TikTok желісінде abaihan_uly қолданушысы жариялаған видео (архив) вирусқа айналып, қоғамдық резонанс туғызды. Әсіресе, кейбір жаңалық ресурстары (1, 2, 3) бұл ақпаратты таратқаннан кейін, талқылау одан әрі күшейе түсті.
Ролик авторы ТМД елдерінде ерлердің 30%-ке жуығы өз баласын емес, өзге біреудің баласын тәрбиелеп жатқаны туралы статистиканы айтады.
Factcheck.kz редакциясы екі мәлімдемені тексеріп көрді.
Мәлімдеме: Қазақстанда перзентханалар мен ауруханаларда әке болуды анықтау үшін міндетті ДНҚ тестін тапсыру туралы заң жобасын әзірлеу идеясы қызу талқыланып жатыр.
Үкім: Жалған
Біз мұндай заң жобасының талқыланып жатқаны туралы ашық дереккөздерден ешқандай ақпарат таба алмадық. Бұл тақырыптың маңызды екенін ескерсек, мұндай ақпараттың болмауы таңғаларлық. Factcheck.kz сұрауына жауап ретінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі видеода таратылған мәлімдеменің шындыққа жанаспайтынын хабарлады — министрлікте де, басқа мемлекеттік органдарда да мұндай заң жобасы әзірленіп жатқан жоқ.
Министрлік азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.
Мәлімдеме: Ресми статистикаға сәйкес, ТМД аумағында ерлердің 30%-і өзінің емес, өзгенің баласын тәрбиелейді.
Үкім: Манипуляция
Ерлердің 30%-і өзінің емес, өзгенің баласын тәрбиелеп жатқаны туралы мәлімдеме интернетте кемінде 2000 жылдардың басынан бері тарап келеді. Бұл ақпарат әртүрлі елде, әртүрлі уақытта түрлі ресурста жиі айтылып жүргенімен, оның дереккөздері сенімсіз немесе өте шектеулі іріктеуге негізделген. Бұл жалпы халыққа қатысты болжам жасауға мүмкіндік бермейді. Қолда бар зерттеулерге сүйенген ғалымдар Батыс елдерінде әке болудың сәйкессіздігі көрсеткіші 1-4%-тен аспайды дейді. Қазақстан немесе ТМД елдері бойынша мұндай көрсеткіштерді растайтын ғылыми деректер немесе ресми статистика табылмады.
Аталған контексте «әкелік сәйкессіздік» термині әкелердің өзінің емес, өзгенің баласын тәрбиелеп жатқанын білмейтінін және мұны тек ДНҚ тесті арқылы анықтауға болатынын білдіреді. Бұл статистиканы келтірген автордың меңзегені де осы. Сондай-ақ, бұл тексеруде біз көп күйеуге шығуға рұқсат етілген мәдениеттерді есепке алмайтынымызды атап өткен жөн.
2002 жылы Канадалық Балалар Құқығы Кеңесінің сайтында жарияланған мақалада The Globe and Mail газетіне сілтеме жасай отырып, 1970 жылдардың басында Оңтүстік Англияда мектеп мұғалімі жүргізген эксперимент сипатталады. Эксперимент барысында оқушыларға ата-аналарының қан топтарын анықтап, осы деректер негізінде өздерінің қан тобын шығару тапсырылған. Нәтижесінде, «оқушылардың 30%-і өз әкелерінің биологиялық әкелері емес екенін анықтағаны» туралы мәлімет берілген. Алайда, бұл эксперименттің расымен болғанын растайтын дәлелдер жоқ, ал The Globe and Mail газетінен осындай мазмұндағы мақалаларды табу мүмкін болмады.
2005 жылы бірнеше жаңалық ресурсы (1, 2) Journal of Epidemiology and Community Health журналында жарияланған жаңа ғылыми зерттеу туралы мәлімет таратты. Зерттеу авторлары 1950 жылдан 2004 жылға дейінгі кезеңді қамтыған әке болудың сәйкессіздігіне қатысты 17 зерттеуді талдап, ерлердің шамамен 4%-і өздері тәрбиелеп жатқан балалардың кем дегенде біреуінің биологиялық әкесі емес екенін анықтады. Сонымен қатар талданған мақалалардағы деректердің көрсеткіштері айтарлықтай кең ауқымды қамтыды — 1%-тен 30%-ке дейін. Бұл 30% көрсеткіш кейінірек басқа дереккөздер арқылы кеңінен таралған болуы мүмкін. Алайда, зерттеулердің шағын іріктемеге негізделуі және әртүрлі әдістемелер қолданылуы салдарынан пайда болған бұл айырмашылық зерттеу талдауының негізгі шектеулерінің бірі ретінде айтылған.
Сол жылы People and Place ғылыми журналында Аустралияның Суинберн Технология университетінің зерттеушісі Майкл Гилдинг 10-30% көрсеткішін «қалалық аңыз» деп жазды. Гилдингтің айтуынша, 30% көрсеткіші Australia Talks Back радиобағдарламасында айтылған, ал оның дереккөзі ретінде 30 жыл бұрын жасалған күмәнді британдық зерттеу көрсетілген. Бұл зерттеу ресми түрде жарияланбаған және ғылыми сараптамадан өтпеген. Гилдингтің пікірінше, ДНҚ-тест қолданыла бастағаннан бері Батыс елдерінде жүргізілген ешбір зерттеу бұл көрсеткішті 3%-тен жоғары деп көрсетпеген.
Десе де, 2008 жылы әртүрлі ресурстар нақты дереккөздерге сүйенбестен, ерлердің 10%-тен 30%-і өзінің емес, өзгенің балаларын тәрбиелеп жатыр деген жалпылама мәлімдемелерді таратуды жалғастырды (1, 2, 3).
2010 жылы бұл 30%-тік көрсеткіш туралы мифті жоққа шығаруға арналған жаңа түсініктемелер пайда болды. DNA Diagnostics Center компаниясының сайтында осы қате түсініктің қалай қалыптасуы мүмкін екені жайлы қарапайым түсінік берілді. Мәселе мынада: әке болуды анықтау тесті бойынша қызмет көрсететін зертханалар өз клиенттері арасында алынған нәтижелерге сүйене отырып, осындай көрсеткіштерді жариялайды. Алайда, бұл деректерді барлық ерлерге қатысты қолдану дұрыс емес. Бұл жағдайда тесттен өткендердің 30%-і деп айту орынды болады. Майкл Гилдинг өз мақаласында бұл іріктеменің репрезентативті бола алмайтынын атап өтті, себебі ол биологиялық әке екеніне күмәнданған ерлерден ғана тұрады.
Сол уақытта америкалық биолог-эволюционист Марлин Зук Los Angeles Times басылымына арнап жазған арнайы материалында, Батыс қоғамдарындағы әке болудың сәйкессіздік жиілігі объективті зерттеулердің көпшілігі бойынша шамамен 1%-тің айналасында екенін, кейбір зерттеулер бұл көрсеткішті 3-4%-ке дейін жеткізетінін, бірақ одан жоғары болмайтынын айтқан.
Соған қарамастан, дәлелденбеген 30%-тік көрсеткіш бүгінгі күнге дейін интернетте тарап келеді (1, 2, 3, 4). Қазақстандық БАҚ та қалыс қалмай, 2022 жылы кейбір басылымдар «Қазақстанда әр алтыншы әке өзінің емес, өзгенің баласын тәрбиелеп жатыр» деген жаңалықты жариялады (1, 2). Бұл жаңалықтың бастапқы дереккөзі 31-арнаның репортажы болды. Онда ДНҚ тестілері жүргізілетін зертханалардың бірінің қызметкері өз орталықтарында талдау тапсырған әр алтыншы әкенің нәтижесі теріс болғанын мәлімдеген. Алайда, зертхана қызметкері де, арнаның өзі де «әр алтыншы қазақстандық әке» туралы айтпаған. Бұл ақпаратты қайта басқан кейбір БАҚ мәліметті бұрмалап, кликбейт тәсілін қолданған.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.