Фактчек | Нұртөре Жүсіп БАҚ саны, полиция және журналистерді қорғау туралы

Сенаттың 30 қыркүйектегі отырысында Нұртөре Жүсіп елдегі журналситердің жағдайы туралы мәселе көтеріп, бірқатар дерек келтірді. Factcheck.kz депутат сөзін тексерді.

Депутаттың айтқаны (тайм-код: 41:59)

Тәуелсіздік жылдарында елдегі ақпарат құралдарының саны 400 ден 4,5 мыңға көбейді. Қазіргі таңда елде 184 телеарна, 79 радио, 790 ақпараттық агенттік бар. 2 964 мерзімді баспасөз басылымдары немесе 1 859 газет және 1 105 журнал тіркелген.

Нұртөре Жүсіп

Үкім: Жартылай шындық және техникалық қате

Cенатор сөзі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің дерегінен сәл басқаша болса да, жалпы сәйкес. Оған сай, 8 тамызда елімізде 4 873 БАҚ есепке алынған, оның 3 541-і мерзімді баспа басылымы (2155 газет, 1386 журнал). Одан бөлек 184 телеарна, 79 радио бар. Ал Ақпарат министрі Аида Балаева тәуелсіздіктің алғашқы уақытында елімізде 407 ақпарат құралы болған деді. Бірақ министр нақты қай жыл екенін баса айтпаған.

Несі техникалық қате? Елімізде 790 ақпарат агенттігі емес, осынша интернет БАҚ бар. Ал агенттік саны — 459.

Көршіміз Ресейде жағдай мүлдем басқаша. Журналистердің кәсіби міндетіне кедергі келтіргендер, журналистерге шабуыл жасағандар 6 жылға дейін түрмеге қамалатын арнайы бап та енгізілген.

Нұртөре Жүсіп

Үкім: Шындық, бірақ…

Шынымен-ақ Ресейде ҚК-тің 144-бабының 3-тармағына сай, журналиске немесе оның туыстарына зорлық-зомбылық көрсетсе не олардың мүлкін бүлдірсе немесе жойса, 5 жылға дейін мәжбүрлі жұмысқа жегілуі не 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Алайда ақпарат бұрмаланбауы үшін көрші елдегі жағдайға объектив қарайық: бұл заңды сарапшылар жиі сынайды, ал журналистердің жай-күйі мәз емес, сондықтан да сенатор не үшін Ресейді үлгі қылғаны түсініксіз. Ресейдің сот департаментінің дерегіне сай, былтыр бұл бап бойынша 4 адам ғана жауапқа тартылған.

БАҚ құқығын қорғау орталығы осы бап бойынша іс қозғалуы тым сирек екенін айтады. Оның үстіне көршіміздің соңғы кездері БАҚ-қа қысым күшейген. Ал «Шетелдік агент» туралы заңы тіпті кейбір медианың жұмысын тоқтатқан.

«Шекарасыз репортерлардың» баспасөз бостандығының әлемдік индексінде соңғы бес жылда Ресей позициясы нашарлағанын байқауға болады: 180 ел ішінде 2017, 2018 жылдары — 148 орында, 2019, 2020 — 149 орында болса, 2021 — 150-орынға түскен. 

Қазақстанда 100 мың тұрғынға 445 полиция қызметкері келеді екен. Әлемдік стандартта 300-ден аспауы керек. Сонша полицияға қаншама жеңілдік қарастырылған, таяуда олардың жалақысы тағы да өсті. Ал бүкіл Қазақстанда журнаистер саны 4-5 мыңнан cәл-ақ асады.

Нұртөре Жүсіп

Үкім: Манипуляция және үкім жоқ

Биыл маусымның 11 күні өткен брифингте Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 100 мың адамға шаққандағы полиция саны 369 адамды құрағанын айтқан. Ол соңғы 2 жылдағы реформа аясында жеке құрамның штат саны 13,5 мың адамға қысқарғанын хабарлаған. Н. Жүсіп БАҚ бетіндегі ескі дерекке сілтесе керек. Бұдан бөлек, сенатор қандай стандартты меңзегенін, оны кім, қашан айқындап қойғанын нақтыламады. Біз тек БҰҰ-ның әлемде 100 мың адамға орта есеппен 300 полиция келетіні туралы ескі құжатты таптық.

Журналистердің нақты санын табу мүмкін болмады. Көбі штаттан тыс, фриланста жұмыс істейді, оның үстіне журналистиканың ішінде фактчектен бастап, фотожурналистикаға дейін түрі көп. Алайда Н.Жүсіп келтірген сан БАҚ-тың ресми санымен де үйлеспейді, әйтпесе бір БАҚ-та бір жарым журналист жұмыс істейтін болып шығар еді.

Ұлыбританияның Sunday Times басылымының жазуынша, журналистерде стресстік жағдайдың туу ықтималдығы кәдімгі әскери ұшқыш, таксист, өрт сөндіруші сияқты мамандық иелерінен де жоғары болады.

Нұртөре Жүсіп

Үкім: Жартылай шындық

Sunday Times-тің нақты осылай жазып-жазбағаны жайлы материал таба алмадық. Қалай дегенде де, депутат CareerCast.com-ның жылда шығатын дерегіне сүйенсе керек. Есепке сай, журналистердің жұмысы өрт сөндіруші мен әскери қызметшілерден жоғары болмаса да, сол сияқты ең стрессі көп 10 мамандық қатарына жатады. Statista-ның 2019 жылғы дерегі де осындай көрсеткішке ұқсайды.

Фактчек | Нұртөре Жүсіп БАҚ саны, полиция және журналистерді қорғау туралы

Журналистерді қорғау комитетінің жазуынша, тек шайқас аймағында жүрген журналистер емес, жалпы түрлі трагедия, азап пен зорлық-зомбылық туралы жазатын журналистерде түрлі стресс болуы ықтимал.

Пандемия тұсында 200-ге тарта журналист пен жазушы өмірден өтті. АҚШ-та журналистердің жалақысы жылына 28 мыңнан 75 мың долларға дейінгі аралықта. Ал бізде бір жылда табатыны 3-4-5 мың доллар шамасында ғана.

Нұртөре Жүсіп

Үкім: Шындық және үкім жоқ

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021 жылдың 2-тоқсанындағы жағдайға сай, ақпарат және байланыс қызметкерлерінің орташа атаулы айлығы 345 825 теңге. Бұл жылына 9 720 доллар. Алайда “орташа жалақы көрсеткіші” шындықтан алыс екенін ескеріп, ақиқатқа әлдеқайда жақын медианды жалақы тұрғысынан есептеп көрейік.

Ақпарат және байланыс қызметкерлері жалақысының 2020 жылғы медианды көрсеткіші — 202 806 теңге, бұл жылына 5 700 доллар көлемінде: сандар сенатор айтқан көрсеткішке келеді. Естеріңізге сала кетейік, медианды жалақы дегеніміз журналистердің жартысы осы көлемнен көп, жартысы аз табады дегенді білдіреді. АҚШ-та журналистердің медианды жалақысы жылына 49 300 доллар. Жылдық жалақы 25 510 доллардан басталып 127 370 долларға дейін жеткен. Сондықтан бұл деректерді шындық деген үкім қоюға болады.

Дейтұрғанмен, екі елдің экономикалық жағдайының ерекшелігін ескерсек, депутат сөзі даулы мәселе.

Ал қайтыс болған журналистер мен жазушылар туралы деректі үкімсіз қалдырдық. Негізі сенатордың мұндай ақпаратты қайдан алғаны, кім не қандай орган мұндай анализ жасағаны бізге де қызық.

Біз тек «‎Шекарасыз репортерлер» келтірген, кісі қолынан ажал құшқан журналистер туралы нақты айта аламыз: 2020 жылы 50 журналист, 2021 жылдың 5 қазанына сай, 23 журналист өлген.

Фактчекер-журналист. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өтті, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы.

Factcheck.kz