БҰҰ бас хатшысы Украинаны мина қолданғаны үшін айыптағаны рас па?

Жақында ресейлік медиада “Антониу Гутерриш Украина қарулы күштерін “Лепесток” минасын бейбіт тұрғындарға қарсы қолданғаны үшін Киевті айыптағаны жайлы” ақпарат тарады. Provereno.media ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

БҰҰ Бас хатшысының мәлімдемесі туралы жаңалық 3 тамызда Нью-Йоркте өткен баспасөз конференциясынан кейін ресейлік медиада тарады. Кейбір медиалар “Гутерриш Киевті бейбіт тұрғындарға қарсы миналарды пайдаланбауға шақырды” деп жазды.

Залда РИА Новости тілшісі Алан Булкаты болды. Ол Гутерриштен Ресейдің Украинаны айыптауына қатысты түсініктеме беруді сұрады.

Бұл сұраққа қатысты ақпарат бере алмаймын және нақты мәлімет те жоқ. Біз әрқашан айтатын нәрсе — бейбіт тұрғындарды қорғау кез-келген қақтығыстың негізгі элементі. Сонымен қатар, барлық тарап бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төндіретін әрекеттен аулақ болуы керек.

Антониу Гутерриш.

Шынтуайытында Гутерриш ешкімді айыптамады. Яғни, ресейлік медиада тараған ақпарат бұрмаланған.

ПФМ-1 — жарылыс қаупі жоғары жаяу әскерге қарсы қолданатын кеңестік үлгідегі мина. Мұны қолмен жеке-жеке орналастырудың қажеті жоқ. Себебі кассета оқ-дәрісіне салынған соң, кеңістікке шашырайды. Мина жарылған кезде табан қатты жарақаттанып, көп жағдайда ампутация жасалады.

1997 жылы желтоқсанда 122 мемлекеттің өкілдері жаяу әскерге қарсы миналарды пайдалануға, жинақтауға, өндіруге және тасымалдауға тыйым салу және оларды жою туралы Оттава конвенциясына қол қойды. Украина конвенцияға 2005 жылы қосылды, ал Ресей әлі қол қойған жоқ. Бұл құжатқа қоса, Женева және Гаага конвенциялары да елді мекендерде жаяу әскерге қарсы миналар мен кластерлік снарядтарды қолдануға тыйым салады.

Ресей Украинаны дәл осы нормаларды бұзды деп айыптады. Ресейдің БҰҰ-дағы өкілінің бірінші орынбасары Дмитрий Полянскийдің айтуынша, Гутерришке тиісті хат жіберілген. Ресей тарапының мәліметінше, шілденің соңында Украина қарулы күштері Донецк орталығына жүздеген ПФМ-1 толтырылған кассеталық оқ-дәрілермен шабуыл жасаған.

Украина өз кезегінде Ресейді айыптады. Ресейлік және украиндық медиа миналар жарылған Донецк облысының бейбіт тұрғындары арасында құрбан болғандар туралы жазды. 15 тамызда өзін республика деп жариялаған ДНР билігінің өкілдері ПФМ-1-ден 44 бейбіт тұрғын зардап шеккенін хабарлады.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz