Ресей-Украина қақтығысындағы Telegram рөлі

Әлеуметтік желі қызметтері дүние жүзіндегі соғыс пен қақтығыстар контекстінде коммуникация, ақпарат тарату, психологиялық операциялар және жұмылдыру құралы ретінде әрекет етеді. 2022 жылдың 24 ақпанында Ресейдің Украинаға басып кіруі туралы жаңалық баспа, телерадиодан бөлек әлеуметтік желіде көп жарияланды. Соның ішінде Telegram желісі — ақпараттық соғыстың негізгі цифрлық аренасы айналды.

Factcheck.kz осы мақалада Украина-Ресей cоғысындағы Telegram рөлі туралы баяндайды.

Telegram-ның Украинада қолданылуы

Telegram соғыс жайлы цензурасыз ақпарат таратуды қамтамасыз ететін әлеуметтік медиа платформасы ретінде танымал. Киев халықаралық әлеуметтану институтының (KIIS) дерегіне сәйкес, украиндықтардың 63,3%-і 2022 жылдың 24 ақпанынан кейін жаңалықтар үшін Telegram-ды пайдалана бастады. Бұған дейін украиндықтар пайдаланушылар үлесі 35,9% болған. Қолданба үш миллионнан астам украиндық босқынды қауіпсіз жолдармен және көмекпен байланыстыра алған.

Украина үкіметінің шенеуніктері, соның ішінде президент Владимир Зеленский өз Telegram арнасында жеңіске жеткенше күресуге деген жігер білдіреді, украин жауынгерлерін жігерлендіріп, әлемді Украинаны қолдауға шақырды. Шетелдегі миллиондаған украин әлеуметтік желіні атамекені жайлы хабар алу үшін пайдаланып отыр.

Әлеуметтік желідегі жазбалар, спутниктік суреттер және нақты уақытта түсірілген видеолар — әскери қылмыстың цифрлық мұрағатын жасау үшін болашақта қолданылуы мүмкін.

Екінші жағынан, Украина ресейлік арнайы қызметтердің ықпалы мен ақпараттың тарап кетуіне байланысты Telegram-ды бұғаттау мәселесін қарастырып жатыр. Украина парламентінің сөз бостандығы комитетінің басшысы Ярослав Юрчишин егер мессенджер ресейлік құпия қызметтерге ақпарат бергені расталса, Украина Telegram-ды бұғаттауы мүмкін екенін хабарлады. Telegram-ды бұғаттау туралы шешім Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің санкцияларға қатысты шешімі сияқты нақты негіздемелерді талап етеді.

2024 жылдың ақпанында сөз бостандығы жөніндегі комитеті Украинадағы Telegram қызметіне тыйым салудың жолдарын іздеу керегін мәлімдеді. Алайда Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығының басшысы Андрей Коваленко Telegram-ды Украинада бұғаттау “мүмкін емес екенін” айтты.

Telegram украиндықтар үшін маңызды ақпарат көзі екенін айта кеткен жөн. 2023 жылғы дерекке сай, халықтың 72%-і Telegram-ды негізгі ақпарат көзі ретінде пайдаланады. Сондықтан Telegram-ды бұғаттау туралы шешім Украинадағы ақпараттық кеңістікке айтарлықтай әсер етеді.

Telegram-ның Ресейде қолданылуы

2023 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша Ресейдегі Telegram-ды күнделікті қолданатындар саны — 48,8 миллион. Бұл елдегі интернет қолданушылардың шамамен 40%-і.

Жалған ақпараттың тарауына жол бермеу үшін ЕО санкциялары ірі технологиялық компаниялардан кремльшіл қолдайтын RT медиа желісіне тыйым салуды талап етті. Осы тыйымдарға қарамастан, RT арналарының ағылшын, испан, француз және неміс тілдеріндегі арналары Telegram мессенжерінде белсенді болып қала берді. RT-нің бірнеше тілдегі бөлімшесі өздерінің Telegram арналары арқылы миллионнан астам жазылушыны біріктірді (орысша, испанша, немісше, т.б). Батыстың әсіре оңшыл топтары мен қастандық теоретиктері Кремль қолдайтын жалған ақпаратты Батыстың Украинаға қолдауына нұқсан келтіру үшін пайдаланды.

POLITICO америкалық басылымы осы жағдайға қатысты мақала жариялағаннан кейін Telegram ЕО аумағында RT арналарын бұғаттады. Еуропалық комиссияның құндылықтар және ашықтық жөніндегі вице-президенті Вера Юрова ЕО санкциялық режимін бұзу немесе айналып өту жазаланатынын мәлімдеді. Telegram өкілі Реми Вон әлеуметтік желі Кремль қолдайтын бұқаралық ақпарат құралдарына ЕО аумағында өз платформасын пайдалануға тыйым салғанын растады.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Telegram Кремль пропагандасының басты құралдарының біріне айналды. Бірақ, ресейлік БАҚ-тың ауқымды цензурасы Telegram-ды ресейліктер үшін маңызды ақпарат көзіне де айналдырды. Мысалы, Meduza секілді тәуелсіз платформалар Telegram арна арқылы ақпарат таратып отыр. Дегенмен кремльшіл жалған ақпарат көзі де аз емес. Осыған орай, кейбір сыншылар Telegram мен Кремль арасында байланыс болуы мүмкін деп болжайды (1, 2). Алайда Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуров бұл мәлімдемелерді жоққа шығарды.

Telegram мәселесі неде?

Telegram “билікпен әріптестігі жоғын” көрсетуге тырыспайды да.

Наталья Крапива, Access Now цифрлық құқықтар ұйымының заңгері | Дереккөз

Біріншіден,Telegram мазмұнды ұсыну алгоритмдерін пайдаланбайды. Сондықтан қаралым саны пайдаланушыларға қандай мазмұн көрсетілетініне тікелей әсер етпейді. Ал Facebook немесе Twitter секілді платформа алгоритімдері қаралым мен реакциясы көп мазмұнды алға жылжытуы мүмкін. Сондықтан, Telegram-да жасанды түрде көбейтілген фоллоуерлер саны арнаның танымалдығына жанама ықпал етеді. Мысалы, жазылушылардың саны көп арна кездейсоқ бақылаушыға неғұрлым беделді болып көрінуі ықтимал, бұл пайдаланушының сол арнадағы ақпаратты қабылдауына септігін тигізеді. Бұған қоса, мұндай арналар Кремль тарапынан қаржыландыру немесе қолдау алу үшін пайдаланылуы мүмкін.

Екіншіден, платформаның шифрлау және құпиялылық мүмкіндіктері пайдаланушылар үшін пайдалы болғанымен, оны киберқылмыскерлер де қолдануы ықтимал (1, 2, 3, 4). Сондықтан зерттеушілер Telegram-ды қылмыстық әрекеттер үшін пайдалану туралы алаңдаушылық білдірді.

Үшіншіден, Telegram-да кез келген адам арна ашып, аноним түрде жазба жариялай алатындықтан, мазмұнның көп бөлігі журналистік стандарттарға сәйкес келмейді және эмоционалды риториканы қолдану арқылы күмәнді ақпаратты немесе тікелей жалған мәлімет таратып, үгіт-насихат жүргізеді.

Telegram артықшылықтарына қарамастан, компанияның негізін қалаушы Павел Дуров компанияның жалған ақпараттың тарауын тоқтатуға мүмкіндігі жоқ екенін мойындады.

Дуровтың Financial Times редакциясына берген сұхбатына сүйенсек, Telegram биыл модерация процестерін жақсартуды жоспарлап отыр. Бұған көптеген жаһандық сайлау мен «әлеуетті мәселелерді шешу үшін AI-ға қатысты механизмдер қолданылуы» әсер еткен.
Бірақ “егер қолданушылар қызыл сызықты кесіп өтпесе, біз оларды тәртіпте ұстауымыз керек деп ойламаймын”, — дейді Дуров.

Такер Карлсонға берген кейінгі сұхбатында Дуров Украина-Ресей соғысындағы Telegram-ның ұстанымына байланысты бірнеше мәлімдеме келтірді. Ол Telegram-ның қақтығыс контекстінде бейтараптық сақтайтынын, “Telegram Ресей билігімен бірге жұмыс істейді” деген ой шындыққа жанаспайтынын айтты.

2013 жылы Ресей билігі Дуровтан Украинаның демократияшыл наразылық білдірушілердің жеке деректерін беруді талап еткен, Telegram басшысы бұдан бас тартып, “Украиналық пайдаланушыларды сатпаймыз” деген. Дуровтың айтуынша, бұл Ресей үкіметіне де ұнаған жоқ. 2017 жылы Дубайға “геосаяси байланыстардан” немесе “кез келген саяси күресте жеңімпаздарды таңдаудан” аулақ болу үшін көшкенін айтты.

Өзге әлеуметтік желілер фейк ақпаратты қалай белгілейді?

Meta компаниясы жалған ақпаратты анықтау және оған қатысты шара қолдану үшін тәуелсіз Халықаралық фактчек желісі (IFCN) арқылы үшінші тараптағы ұйымдарымен жұмыс істейді. Жалған ақпарат Facebook, Instagram, Threads қолданушыларынан келген кері байланыс арқылы анықталуы мүмкін. Фактчекерлер контентті тексеріп, дұрыстығын бағалайды. IFCN серіктестері “Жалған”, “Өңделген” немесе “Ішінара жалған” деп бағалаған контентті Facebook, Instagram және Threads арқылы бөлісу шектеледі. Қолданушылар ондағы түсіндірмені оқи алады. Жалған ақпаратты қайта-қайта бөлісетін парақшаларға шектеулерге ұшырауы ықтимал.

Meta: Facebook

Facebook жесіліндегі ақпаратқа сүйенсек, Дональд Трамп 2024 жылдың 19 наурызында ханзада Гарридің АҚШ-тан кетуін талап еткен-міс. Дегенмен, Lead Stories фактчекерлерінің дерегінше, егер ханзада есірткі тұтыну туралы АҚШ визасы туралы өтінішінде “өтірік айтқанын” көрсетсе, оның әкімшілігі “тиісті шара қолданатынын” айтқан. Бұл мәліметті Facebook төмендегідей белгілеген:

Ресей-Украина қақтығысындағы Telegram рөлі

Meta: Іnstagram

Іnstagram-да жарияланған видеода адамға вакцина “инъекцияланғанда” не болатыны көрсетілген. Бірақ Lead Stories мәліметінше, 2014 жылғы түпнұсқа видеоның авторы “ғылыми фантастикалық жеке жұмыс” деп сипаттаған. Instagram бұл фейк ақпаратқа “Жалған мәлімет” деп белгі қойып, фактчекерлердің мақаласына сілтеме қалдырған:

Ресей-Украина қақтығысындағы Telegram рөлі

Meta: WhatsApp

WhatsApp желісінің ақпаратынша, олар 2018 жылдан бастап бүкіл әлем бойынша 50-ден астам фактчекиң ұйымымен серіктес. Соның ішінде WhatsApp IFCN-мен тікелей жұмыс істейді. WhatsApp жалған ақпараттың таралуына жол бермеу үшін күдікті ақпараттың дұрыстығын IFCN-ге мүше ұйымдардың сайтынан тексеруге болатынын жазады.

X (бұрынғы Twitter)

X желісі Associated Press және Reuters агенттіктерімен серіктес, олардың екеуі де Халықаралық фактілерді тексеру желісінің қағидаттары кодексіне қол қойған. X осы ұйымдармен трендтер және платформадағы басқа беттердегі мәліметті тексеру үшін тығыз жұмыс істейді.

Сommunity Notes (бұрынғы Birdwatch) – бұл Х пайдаланушылары желідегі ықтимал жалған ақпаратты анықтап, оған ескертпе қосады. Бұл түсіндірмелер әдетте жазбаны оқитын X пайдаланушылары ақпараттың растығын бағалау үшін пайдалана алатын түпнұсқа дереккөзге сілтемелерді қамтиды. AP және Reuters агенттігі Сommunity Notes тобымен ұйымдасып жұмыс істейді.

Мәселен, НТВ арнасы Крокус Сити Холлда болған терактіге қатысты жариялаған видеода Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Мәскеудегі терактіге Киев режимінің қатысы барын растайды-мыс. Алайда бұл видео жалған. 22 наурыз кешке украиналық телемарафонның эфирінде басқа жүргізушілер жұмыс істеді, Данилов та онда қонақ болған жоқ. Бұл ақпаратты X фейк деп белгілеп, видеоның түпнұсқасы 10 наурызда жарияланғанын жазған:

Ресей-Украина қақтығысындағы Telegram рөлі

Түйін

  • Telegram Украина-Ресей соғысында ақпарат алмасу үшін маңызды платформаға айналды. Ресми мемлекеттік арналар да, тәуелсіз медиа да жаңалықтар мен хабарландыруларды тарату үшін Telegram-ды пайдаланады. Бұл Telegram-ның басқа платформалармен салыстырғанда цензураға ішінара қарсы тұруымен байланысты.
  • Әскери бөлімдер, еріктілер топтар мен гуманитарлық ұйымдары осы әлеуметтік желі арқылы азаматтық қорғаныс шараларын ұйымдастырып жатыр.
  • Telegram цензураны айналып өткенінің арқасында Ресей мен Украинадағы пайдаланушылар үшін қолжетімді болып отыр.
  • Meta (Facebook, Instagram, WhatsApp, Threads) және X платформаларындағы жалған ақпаратты анықтау, қарау және оған қарсы әрекет ету үшін тәуелсіз фактчек ұйымдарымен жұмыс істейді.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz