Неміс тележүргізушісі «Қырым — Ресейдікі» деді ме?

7 ақпанда кремльшіл медиада «Неміс телеарнасы Қырым әрқашан Ресейдікі болғанын мойындады» деген ақпарат тарады (БАҚ-та: 1, 2, 3, 4; әлеуметтік желіде: 1, 2, 3; блогтарда: 1, 2). Жазбаға неміс тілінде сөйлеген репортёрдің видеосы бекітілген. Бейненің астыңғы тұсында орысша субтитрлер жазылған. Factcheck.kz видеоның қаншалықты рас екенін тексеріп көрді.

Неміс телеарнасында Қырым әрқашан Ресейдікі болғаны мойындалды. Das Erste ұлттық арнасының жүргізушісі Украинаның батыс аймақтары әрқашан Еуропаға бағытталғанын, ал елдің шығыс бөлігі дәстүрлі ресейшіл екенін айтты. “Табиғи ресурс кен орындары мен ауыр өнеркәсіп кәсіпорындары орналасқан орыстілді шығыс аймақтары әрқашан Ресейге бағытталған“, — деді ол.

«Осташко! Важное» телеграм-арнасынан

Үкім: Манипуляция

Біз видеоның түпнұсқасын таптық. Иә, неміс тележүргізушісі Карен Миосга 2014 жылдың 25 ақпанында «Tagesschau» кешкі жаңалықтарында осындай мәлімдеме жасағаны рас. Дегенмен, ресейшіл медиа шамамен бес минутқа созылған репортаждың тек бір минутын контекстен жұлынған мәліметтер негізінде ұсынған.

Неміс журналисі Карен Миосга «ARD» мультиплексінің құрамындағы «Das Erste» арнасының «Tagesthemen» жаңалықтар шоуының басты жүргізушілерінің бірі болды. Қазір Миосга ARD саяси ток-шоуының тұрақты жүргізушісі. Миосга 2014 жылдың 25 ақпанындағы репортажында Ресейдің Қырымды аннексиялауы және Ресей, Украина және Батыс арасындағы геосаяси шиеленіс туралы жан-жақты ақпарат берді (түпнұсқа видеоның 5:45-тен бастап 9:25-ға дейін).

Репортаждың басында Украинаның әртүрлі аймағының Еуропа мен Ресейге деген тарихи бағдары, елдегі мәдени және саяси бөліністер туралы айтылады. Миосга мәлімдемесінде Қырымдағы қақтығыс «қырғи-қабақ соғыстың» қайтадан тұтануына себепші болуы мүмкін екенін айтып, «1954 жылы Никита Хрущев Қырымды Украинаға бергенге дейін әрқашан ресейлік болған», «Украина — бөлінген ел» дейді, бірақ бұл — Қырым мәртебесі туралы пікірталастарда Ресей тарапынан жиі айтылатын ой. 2014 жылы 23 ақпанда өткен Севастопольдегі ресейшілдердің ең ірі шеруінде алғаш рет Украина билігін мойындамау туралы үндеу жария етілді. Миосга журналист ретінде Қырым мен Украинадағы жағдайды журналистік бейтараптық стандарттарын сақтай отырып, тақырыпты аудиторияға жан-жақты түсіндіруді мақсат еткен болуы керек.

Миосга Ресейдің Қара теңіз флотына деген стратегиялық мүдделері мен аймақтың Ресей үшін әскери, экономикалық әсерін, Қырымдағы және Украинаның басқа аумағындағы орыс тілді және украин тілді тұрғындар арасындағы этникалық шиеленісті талдайды. Соңында, журналист жағдайдың геосаяси салдарын, соның ішінде Украинаның Батысқа бағытталған саясатына Ресейдің реакциясы мен әскери әлеуеті туралы айтады. Оған сай, «Ресей Украинаның НАТО-ға кірмеу туралы шешімін сақтап қалуын мұқият қадағалайды» деген болжам бар деген.

«Tagesschau» позициясы

«Крым.Реалии» мәліметінше, 2021 жылдың 24 қаңтарында «Tagesschau» редакциясы ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылмағандар туралы репортаж барысында аннексияланған Қырымды Ресей Федерациясының аумағына қосып қойған. Неміс журналисі Жулиан Репке (Julian Röpcke) мен Украинаның Германиядағы елшісі Андрей Мельник «Tagesschau»-ға хат жолдап, онда Ресей аумағы дұрыс көрсетілмегенін ескерткен.

«Tagesschau» бұл техникалық қате екенін мойындап, кешірім сұраған. Интернетте жарияланған сюжетке де түзетулер енгізген. Редакция ұстанымына сай, Қырым — халықаралық құқықты бұза отырып, аннексияланған аумақ.

Халықаралық қауымдастық 2014 жылы Ресейдің Қырымды аннексиялауын заңсыз деп танып, РФ Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзды деп мәлімдеген.

Контекст

Биылғы қаңтарда Карен Миосга Украина президенті Зеленскийден сұхбат алды. Толық сұхбат президент кеңсесінің YouTube-арнасында жарияланды. Онда Зеленский ел егемендігі, аумақтық тұтастығы және Ресеймен қарым-қатынас тақырыптарын қозғады. Бұл туралы «Tagesschau» да жазды.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz