ATACMS Ресейге соққы беріп жатыр: бұл зымырандар соғыс барысын қалай өзгертеді?

АҚШ президенті Джо Байден өкілеттігінің аяқталуына екі ай қалғанда, Украинаға ATACMS ұзақ қашықтықтағы зымырандарын Ресей аумағына соққы беру үшін қолдануға рұқсат берді. Алғашқы кезеңде бұл зымырандар Украина қарулы күштерін қорғау мақсатында Курск облысында қолданылмақ. Бұл аймақта ресейлік және солтүстіккореялық әскерлер орналасқан. Алайда болашақта рұқсаттың ауқымы кеңеюі мүмкін.

Ұзақ қашықтықтағы зымырандарды қолдану Курск облысындағы жағдайға қалай әсер етеді? Ресейдің қандай әскери нысандарын көздеуі мүмкін? Заборона басылымы сарапшылармен осы сұрақтарды талқылады.

Ресейдің КХДР әскерін тартуына жауап

Ресми түрде АҚШ президенті ATACMS зымырандарын Ресей аумағында қолдануға рұқсат бергені туралы жарияламағанымен, бұл ақпаратты ЕО-ның сыртқы істер жөніндегі жоғары өкілі Жозеп Боррель мен АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Брайан Николс растады.

Брайан Николс G20 саммиті кезінде бразилиялық O Globo басылымына берген сұхбатында бұл шешім Украинаға «өзін-өзі қорғауға жақсы мүмкіндік беретінін» атап өтті. Сонымен қатар «сәті түссе, бұл Ресейге күш қолдану арқылы Украинаның аумағын басып алу әрекеттерінің нәтижесіз екенін түсіндіруі мүмкін» деп мәлімдеді. Бұл қадам Ресейді бейбіт келіссөздерге келуге немесе одан да маңыздысы, Украинаның аумағынан әскерлерін шығаруға мәжбүрлеуі мүмкін. Николстың айтуынша, қақтығыстың жалғасуы немесе тоқтауы толықтай Ресейге байланысты.

The New York Times басылымының деректері бойынша, бұл рұқсат Ресейдің Солтүстік Корея әскерлерін күтпеген жерден әскери қимылдарға тарту шешіміне жауап ретінде берілген. Байден солтүстіккореялық бөлімшелерге жасалған соққылар Пхеньянды Мәскеуге қолдау көрсету саясатын қайта қарауға мәжбүр етеді деп үміттенеді.

AXIOS мәліметінше, зымырандарды қолдану рұқсаты әзірге Ресейдің тек Курск облысымен шектелген. Дегенмен, сарапшылар бұл шектеуді алып тастау керек дейді. FDD бағдарламасы директорының орынбасары Джон Харди Ресей аумағындағы басқа да нысандарға соққылар Киевтің келіссөздердегі ұстанымын нығайтып, Мәскеуді Украинаның энергетикалық жүйесіне шабуылдарын тоқтатуға мәжбүр етуі мүмкін деп санайды.

Солтүстіккореялық әскерлер — ATACMS-тың басты нысанасы

Фронттағы жағдайды жақсартуға тырысқан Мәскеу Пхеньяннан қолдау алды. Солтүстік Корея Ресейге шамамен 10–12 мың әскери қызметкер, сондай-ақ реактивті жүйелер, артиллерия және оқ-дәрілер жіберді. АҚШ-тың Украинаға ATACMS ұзақ қашықтықтағы зымырандарын қолдануға рұқсат беруі осы әрекетке жауап ретінде қабылданды деп түсіндіреді әскери-саяси сарапшы Александр Кочетков.

«Кассеталық жауынгерлік бөлігі бар ATACMS зымырандары солтүстіккореялық әскерлердің жеке құрам орналасқан орындарына, командалық пункттеріне және техникаларына соққы жасай алады. Бұл жүйе ресейлік армияға маңызды қолдау көрсетіп отырған бұл күштерді тоқтата алады», — деп атап өтті сарапшы.

Ол зымырандардың солтүстіккореялық әскерлер анықталған басқа аймақтарда да қолданылуы мүмкін екенін айтты.

БАҚ мәліметтері бойынша, 19 қарашаға қараған түні ATACMS зымырандары Ресейдің Брянск облысындағы Карачев қаласы маңында орналасқан 1046-материалдық-техникалық қамту орталығының арсеналын жойды.

Бұған дейін, бір ай бұрын, дәл осы қалада Ресей Қорғаныс министрлігінің Бас зымыран-артиллериялық басқармасының 67-арсеналына соққы жасалған еді. Бұл қоймада Солтүстік Кореядан жеткізілген оқ-дәрілерді қоса алғанда, әртүрлі қару-жарақ сақталған-ды.

Украина Қауіпсіздік және ынтымақтастық орталығының негізін қалаушылардың бірі Дмитрий Жмайло қарсыластың логистикасы мен қару-жарақ қоймаларына жасалған соққылар тактикалық деңгейдегі жағдайды өзгерте алады деп санайды.

«Бұған дейін Ресей әскерлері Курск облысында қарсы шабуылын бірнеше рет кейінге қалдырды, өйткені біз олардың қару-жарақ қоймаларын жоюып үлгердік. Ұзақ қашықтықтағы зымырандарды қолдану арқылы біз қарсыластың шабуылдарын толықтай тоқтатпасақ та, олардың қарқындылығын төмендетуге қол жеткізе аламыз. Себебі ресейліктерде оқ-дәрі тапшылығы сезіле бастайды», — деді сарапшы.

Ресей ATACMS зымырандарын атып түсіре ала ма?

Мәскеу АҚШ-тың ATACMS зымырандарын Ресей аумағына қолдануға рұқсат беруін «НАТО-ның соғысқа тікелей араласуы» деп бағалап, асимметриялық шаралар қолдану арқылы жауап қататынын мәлімдеді. Сонымен қатар ресейлік тарап өздерінің әуе қорғаныс жүйелерінің «айрықша мүмкіндіктері» бар екенін алға тартты. Алайда сарапшылар бұл жүйелердің ATACMS зымырандарына қарсы тиімділігі өте төмен екенін айтады.

«Әзірге ресейліктердің бұл зымырандарды атып түсіре алғанын тіркемедік. Кейбір жеке зымырандар С-400 жүйесі арқылы жойылған болуы мүмкін, бірақ бұл тек жүйе дұрыс бағытта орналасқан жағдайда және зымыранды атуға уақыт жеткілікті болғанда ғана болуы ықтимал. Зымыран өзінің соңғы траекториясында гипердыбыстық жылдамдықпен ұшады. ATACMS зымыраны ұшырылғаннан кейін нысанаға жеткенге дейін бірнеше секунд қана уақыт өтеді», — деп түсіндірді әскери-саяси сарапшы Александр Кочетков.

Сонымен қатар Украина Қарулы күштері ресейлік әуе қорғаныс жүйелерін жүйелі түрде жойып, ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізді.

«Бұл жүйелерді Херсон және Харьков облыстарын азат еткен кезде нысанаға алдық. Ресейліктерді Қырым көпірін қорғау үшін әуе қорғанысын Қырымның шығыс бөлігіне көшіруге мәжбүр еттік. Әрине, олар зымырандарымызды атып түсіруге тырысады, бірақ дайындық шараларымыздан кейін ресейлік әуе қорғаныс жүйесі әлсіреп қалды. Олар тек ең маңызды нысандарды қорғап отыр», — деді Дмитрий Жмайло.

Курск облысымен шектелмейді

Сарапшылар ATACMS зымырандарын Ресей аумағында қолдануға берілген рұқсат кейіннен маңызды нысандарды, оның ішінде аэродромдар орналасқан басқа аймақтарды да қамтуы мүмкін деп болжап отыр.

«Жазда Қорғаныс министрлігі АҚШ-қа 300 шақырымдық қашықтықтағы зымырандармен жоюға арналған 250 басым нысанның тізімін ұсынды. Бұл нысандарды жою бізге стратегиялық артықшылық береді. Осы қосымша құралды пайдалануға мүмкіндік аламыз деп үміттенемін», — деді Дмитрий Жмайло.

ATACMS зымырандары оқ-дәрі қоймаларын да тиімді жоя алады. 300 шақырым радиуста қолбасшылық пункттері, штабтар, «Искандер» зымыран қондырғылары және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері орналасқан. Бұлардың барлығы Украина Қарулы Күштерінің басты нысанына айналады. Бұл аймақта украиналық қалалар мен позицияларға шабуыл жасау үшін қолданылатын тактикалық авиация орналасқан шамамен 20 аэродром бар. Кейбір аэродромдар «Шахед» дрондарын ұшыру базалары ретінде пайдаланылады.

Украинское независимое онлайн-издание, которое занимается расследованием общественно значимых проблем.

Factcheck.kz