Владимир Путин Батысқа ядролық қарумен сес көрсетті ме?

Ресей президенті Владимир Путиннің 21 қыркүйектегі жолдауынан кейін Батыс баспасөз құралдарында оның әлемге ядролық қарумен сес көрсетіп жатқаны (1234) айтылды. Сарапшылар (123), медиа (12345) мен желі қолданушылары Ресейдің ядролық қарумен доңайбат көрсетіп жатқанын бірінші рет айтып отырған жоқ. Бұл әңгіме 24 ақпаннан кейін жиілей түсті. Сонымен қатар Путиннің ядролық қарумен сес көрсеткені туралы хабарламалар Батыс пропагандасының бір бөлігі деген де пікір (123) бар. 

Factcheck.kz редакциясы «Владимир Путин мәлімдемелерінде расымен ядролық қарумен сес көрсете ме?» деген сұраққа жауап іздеді. Ол үшін біз Ресей президентінің 2022 жылғы ең маңызды мәлімдемелерін талдап шықтық. 

Үкім: Шындық

Владимир Путин мәлімдемелеріне жасалған лингвистикалық талдау оның бірнеше мәрте жанама, яғни, жасырын сес көрсеткенін байқатты.  

Түсіндірме сөздікте «қоқан-лоқы көрсетуге» «қорқыту, біреуге кесірін тигізу немесе жамандық жасауға уәде беру» деген анықтама берілген. Үлкен заң сөздігі қоқан-лоқыны белгілі бір адамға не қоғам мүддесіне физикалық, материалдық немесе басқа да зиян тигізу мақсатында ауызша, жазбаша я басқа бір формада психикалық қысым көрсету деп сипаттайды.

Ауызша және жазбаша қоқан-лоқыны зерттеумен және дәлелдеумен айналысатын заң лингвистикасы оны екіге бөледі: мысалы, «Біреуге айтсаң, сазайыңды беремін» тікелей қоқан-лоқы болса, «Балаларыңыз қандай ғажап! Оларға бірдеңе болса, өкінішті болар еді» деген жанама доңайбат болады. 

Сот-лингвистикалық сараптама маманы К.И. Бринев тікелей қоқан-лоқы құрылымы мынандай болады дейді

  • саған жамандық істегенімді қаламайтын шығарсың деп ойлаймын; 
  • саған жамандық істей алатынымды білесің деп ойлаймын;
  • мынаны білгеніңді қалаймын: егер Х істесең, онда саған жамандық істеймін;  
  • айтатыным: егер Х істесең, онда саған жамандық істеймін;
  • мұны сен Х істеп қоймасын деп айтып отырмын. 

Жанама қоқан-лоқыны анықтау қиындау, себебі оларды контекстен немесе әңгіме туралы белгілі мәселеден бөліп қарастырғанда бейтарап естілуі мүмкін. Сөйлеуші шынайы пиғылын жоққа шығаруға мүмкіндігі болуы үшін әдейі екіұшты стратегия таңдайды: «Әрине, сізге сес көрсетіп отырған жоқпын! Қауіпсіздігіңізге алаңдап отырмын»

Жанама қоқан-лоқының мынандай құрылымы бар

  • айтатыным: Х істесең, жаман нәрсе болуы мүмкін екенін білгеніңді қалаймын;
  • олай болғанын қаламайсың деп ойлаймын; 
  • сенің Х істеп қоймағаныңды қалаған соң айтып отырмын. 

Сөйлеуші қандай құрылымды таңдаса да, тікелей және жанама қоқан-лоқыда ол сөзінің доңайбат ретінде қабылданатынын біледі және солай болғанын қалайды. 

Лингвистер жанама қоқан-лоқы саясаткерлерге тән екенін айтады. Бұл ашық шиеленіс пен беделге нұқсан келтірмей саяси мақсатқа жету жолы саналады. 2022 жылғы 27 қазанда «Валдай» халықаралық пікірталас клубының отырысында сөйлеген сөзінде Владимир Путин ядролық риторикада жанама қоқан-лоқы стратегиясын қолданғанын ашық мойындады: 

Біз ынта танытып, ешқашан Ресейдің ядролық қару қолдану мүмкіндігі туралы ештеңе айтқан жоқпыз ғой, тек Батыс елдері лидерлерінің мәлімдемелеріне тұспалдап жауап беріп отырдық.

Сес көрсету кезінде сөйлеуші әрекетін ашық мойындап, «Бұл туралы айтсаң, жаман болатынын ескертіп, саған сес көрсетіп отырмын» деп ашық айта алмайды. Сондықтан тікелей және жанама қоқан-лоқы кезінде сөйлеушінің пиғылын жоққа шығаруы табиғи нәрсе саналады: «сес көрсетіп жатқан жоқпын, ескертіп отырмын», «жай ғана ескергенің жөн», «бұл сес көрсету емес, бұл факт». Путин жанама қоқан-лоқы көрсеткенде тура осындай құрылымдарды пайдаланады: 

Сес көрсетіп отырған жоқпыз. Бірақ бізде не бар екенін және егемендігімізді қорғау үшін қажет болса [оны] қолдана алатынымызды бәрі білуі керекБұл анық жағдай

В.В. Путинның XXV Петербургте өткен халықаралық экономикалық форумның пленарлық отырысында сөйлеген сөзі, 17.06.2022

Жанама қоқан-лоқы міндетті түрде біреуге қарата айтылмауы мүмкін: сес көрсетіп отырған адамның адресаттың ол қалағандай түсінетінін білуі жеткілікті. Мысалы, Путиннің 27 ақпанда әскери қолбасшыларға берген бұйрығында осы принцип байқалады: 

Батыс елдерінің елімізге экономикалық тұрғыда достық пейіл танытпай жатқанын ғана емес, заңсыз санкциялар туралы айтып отырмын, НАТО елдерінің жоғары лауазымды тұлғаларының елімізге қатысты агрессия танытып отырғанын да көріп отырмыз.

Сондықтан қорғаныс министрлігі мен Бас штаб қолбасшысына Ресей армиясын әскери кезеңшіліктің ерекше режиміне өткізуді тапсырамын. 

В.В. Путин мұны Ресей қорғаныс министрі С. Шойгуға және Қарулы күштер бас штабының басшысы В. Герасимовқа қарата айтты

Бұл бұйрықтың жария түрде айтылуы осы сөздердің президенттің қол астындағыларға емес, әлем қауымдастығына және ең бастысы «НАТО елдерінің жоғары лауазымды тұлғаларына» қарата айтылғанын байқатады. Тежеу күштері кешеніне тек ядролық қару кірмейді, бірақ бұл стратегиялық шабуыл күштерінің негізін құрайды. Сондықтан сөздің жалпы контекстіде, әсіресе Ресей заңдары бойынша ядролық қару қандай жағдайда қолданылатынын түсіндіру контекстінде Батыс елдері президент бұйрығын қоқан-лоқы деп қабылдауы мүмкін еді.

Владимир Путин 21 қыркүйек күнгі жолдауында тікелей және жанама қоқан-лоқыны үш рет қолданған: 

Ядролық бопсаға көшті. Мәселе тек Батыс қолдап отырған, атомдық апатқа әкелуі мүмкін Запорожье атом электр станциясын атқылауда болып отырған жоқ. Мәселе НАТО елдерінің кейбір лауазымды тұлғаларының Ресейге қарсы жаппай жою қаруын, яғни, ядролық қару қолдану мүмкіндігі туралы сөздерінде болып отыр. Ресейге қатысты осындай мәлімдемеге барып отырған адамдарға ескерткім келетіні: біздің елде де әртүрлі жою құралы бар, жекелей алғанда олар НАТО-ныкіне қарағанда заманауи. Еліміздің территориялық тұтастығын айтып сес көрсетсе, Ресейді және халқымызды қорғау үшін біздің қолда бар құралдың бәрін қолданатынымыз сөзсіз. Бұл құр қоқай емес. Ресей азаматтары Отанымыздың территориялық тұтастығы, тәуелсіздігі мен бостандығы, тағы да қайталап айтамын, қолда бар қарудың бәрімен қамтамасыз етілетініне сенімді болуы керек. Ал бізге ядролық қарумен доңайбат көрсеткісі келетіндер жел тармақтарының өзіне қарай бұрылуы мүмкін екенін білгені жөн.

В.В. Путин

Жоғарыда сипатталған принцип бойынша, Владимир Путин сөзін жанама қоқан-лоқыдан бастайды. Мұны «еске салғым келеді» деген сөз байқатады. Одан әрі президент Ресейде де ядролық қаруы барын және оның заманауи екенін айтады. Ресейдің қарулануы туралы айтқан Путин «ядролық қару» немесе «жаппай қырып-жою құралы» деген тіркесін қолданбайды. Мұның орнына ол «қырып-жою құралы» деген эвфемизмді айтады. Бұл қарулар туралы айтқанда «сондай-ақ» деген сөзді қолдану оның алдындағы сөйлемде айтылған НАТО-ның ядролық қаруына сілтейді. Эвфемизм қолдана отырып, Путин сыртқы құрылымдарды жұмсартқанымен, қоқан-лоқы реңкін сақтап қалған. Одан кейінгі сөз жұмсартылған тікелей қоқан-лоқы және ескерту саналады. Бұл филология ғылымдарының докторы А.Н. Барановтың формуласына сай келеді: Х Ү-ке Р-ді істейтінін айтып қоқан-лоқы көрсетеді = В.В. Путин [Х] НАТО-ға [Ү] ядролық қару [Р] қолданатынын айтады.

Келесі сөзінде Путин қоқан-лоқыны қайталайды, бірақ тікелей айтпай,  ресейліктерге қарата айтқандай болады. Сөйте тұра, «Тағы бір қайталаймын» деп, бұған дейінгі айтқан қоқан-лоқыға сілтейді: «Ресей азаматтары Отанымыздың территориялық тұтастығы, тәуелсіздігі мен бостандығы, тағы да қайталап айтамын, қолда бар қарудың бәрімен қамтамасыз етілетініне сенімді болуы керек»

Жолдаудың қорытынды бөлімінде Владимир Путин оппоненттеріне тағы да жанама доңайбат көрсетеді: «Ал бізге ядролық қарумен доңайбат көрсеткісі келетіндер жел тармақтарының өзіне қарай бұрылуы мүмкін екенін білгені жөн». «Бұрылуы мүмкін» деген сөз тіркесін жел тармақтары секілді тұрақты құбылыспен қатар қолдана отырып ол «бопсалаушылардың әрекеті оларға қарсы болуы мүмкін» екенін меңзейді.

Жанама қоқын-лоқы доңайбат сөзбен ғана берілмеуі мүмкін. «Валдай» клубы отырысында журналист Ф.Лукьянов Путинге Ресейдің қарулы шабуылға ядролық жауап қайтару туралы «Біз агрессия құрбаны ретінде жұмаққа тап боламыз, ал олар өледі» деген сөздерін еске салады. Журналист «Біз [жұмаққа] асығып отырған жоқпыз ғой, солай ма?» деп сұрайды. Путин жауап бермей, кідіріп қалғанда, ол «Үзілістің өзі алаңдатады» дейді. Бұған президент былай деп жауап береді: 

Сіздерді алаңдату үшін әдейі ойланып қалдым. Қалағаныма жеттім. 

Сұраққа тікелей жауап беруден бас тарта отырып Владимир Путин ядролық қару қолдану мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ол тыңдаушыларды алаңдатқысы келгенін де ашық мойындайды. 

Украинамен шиеленіс аясында 2015 жылы Владимир Путин «Қырым. Отанға апарар жол» деректі фильміне сұхбат берген. «Қырымды аннексиялау кезінде Батыс қарумен қарсы тұрса, ядролық қару қолдануға дайын болдыңыз ба?» деген сұраққа ол «[Ядролық күштерді әскери дайындыққа әкелуге] дайын болдық. [Батыстағы] әріптестеріммен сөйлестім, оларға [Қырымның] тарихи жеріміз екенін, онда орыстардың тұратынын, олардың қауіпке тап болғанын, оларды тастап кете алмайтынымызды айттым» деп жауап береді. 

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz