Испания министрі бала зорлауды заңдастыруды ұсынды ма?

Ресейлік медиа Испанияның теңдік жөніндегі министрі Ирене Монтероның парламенттің төменгі палатасында бала зорлауды заңдастыруға шақырғанын жазды. “Проверено” ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Министр Ирене Монтероның мәлімдемесі ресейлік медиа мен әлеуметтік желілерде наразылық тудырды.

  • «Бесінші арна» Монтероның сөзін былайша түйіндеді: «Депутаттар конгресінің отырысында сөз сөйлеген шетелдік шенеунік педофилияға тыйым салуды сынады, сонымен қатар балалардың ересек азғындармен жыныстық қатынасқа түсуге құқығы бар екенін айтты».
  • Ren-TV: «Испанияда министр педофилияны заңдастыруға шақырды» деп жазды.
  • «Царьград» газеті «Испандық ұят: Еуропа ең лас азғындыққа үйретіп жатыр» деген мақала жариялады. Онда:“Осы уақытқа дейін «педофилияның заңды әрі қалыпты екені» туралы әңгіме гендер мәселелері жөніндегі жекелеген ғылыми сарапшылар деңгейінде жүргізілсе, қазір бұл тақырып үкімет пен парламент мінберінде талқыланып жатыр” делінген.

Кейбір ресейлік шенеунік те Монтероның сөзіне қатысты пікірін білдірді. Мәселен, Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова: “Бұл мәлімдеменің ең қорқыныштысы педофилияны заңдастыруда да емес. Мұны бала құқығы үшін күрес деген ұранмен насихаттауында: баланың пәктігінен айырылмауы кәмелетке толмағандардың өзін-өзі тану құқығын өрескел бұзылуы екен”,-деді.

21 қыркүйекте Испания министрі Ирене Монтеро теңдік жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Онда ол өз министрлігінің жұмысы туралы айтты. Дәл осы отырыста министр бала құқығына қатысты сөз қозғады. Оны Мария Захарова быйлаша жеткізді: “… осы елдегі барлық ұл, қыз, балалар жынысына қарамастан өз денесін тануға құқылы. Сонымен бірге оның денесіне бірде-бір ересектің қолын тигізбеуі керек екенін, мұны бала қаламаған жағдайда зорлық-зомбылықтың бір түрі болып саналатынын білуге құқығы бар. Оған қоса олар келісім негізінде кез келген адамды жақсы көре алатынын және сексуал қарым-қатынасқа түсе алатынын білуге құқылы”. Министрдің пікірін Захарова ары қарай өзінше тәпсірледі: “Қарапайым тілмен айтсақ, испаниялық министр педофилияға тыйым салуды қоғамның балаға зорлық-зомбылық көрсетуінің бір түрі деп мәлімдеді.”

Мария Захарованың Монтеро сөзінің стенограммасы мен орысша аудармасын қайдан алғаны белгісіз. Себебі бұл аударма оның Telegram жазбасына дейін интернетте жарияланбаған. Бірақ министрдің жиында сөйлеген сөзінің видеосына қарап, Захарованың аудармасы мен түпнұсқа мәтінде айырмашылық көп екенін байқауға болады.

Испания министрі бала зорлауды заңдастыруды ұсынды ма?

Сонымен қатар Монтероның сөзі Vox партиясының өкілі Лурдес Мендеске берген жауабының үзіндісі ғана болып шықты. Монтеро әйелдердің репродуктив құқықтары, аборт жасау құқығы туралы айтқан. Шенеуніктің жауабың толық тыңдасаңыз, Монтеро барлық жастағы балаларды емес, бірнеше рет «16 және 17 жастағыларды» меңзегенін байқайсыз.

Испанияда да, Ресейде де адам 16 жасынан бастап сексуал қатынасқа келісім бере алады. Ресейдің ұлттық заңнамасы және қылмыстық кодексіне сәйкес, 16 жасқа толмаған адамдармен олардың келісіп-келіспеуіне қарамастан жыныстық қатынасқа түсуге тыйым салынады. Испанияда кәмелет жасы — 18. Онда 16 және 17 жастағылар әлі де бала болып саналады, бірақ олар басқа адаммен жыныстық қатынасқа түсуге саналы түрде келісім беруге заңды құқығы бар. Министр өзінің мәлімдемесінде дәл осы 16-17 жастағылар туралы айтқан.

Оның үстіне медицина тұрғысынан педофилия 16 жастан асқан адамның жыныстық жетілуге ​​дейінгі балаларға деген қызығушылығы не жыныстық қатынасқа түсу әрекеті екенін ескерген жөн. Сонымен бірге ол адам баладан кем дегенде бес жас үлкен болуы қажет. Негізі қай жастағы балалар жыныстық жетілуге дейінгілер болып саналатыны нақты емес. Дегенмен көптеген дереккөз оның 12-13 жасты көрсетеді. Ал “педофил”, “гебефил” не “эфебофил” деп 13-16 жас аралығындағы балаларға сексуал қызығушылық танытатындарды атайды. Басқаша айтқанда, Монтеро айтқан 16 және 17 жастағы ұлдар мен қыздармен қарым-қатынас “педофилия” немесе “гебефилия” болып саналмайды. Тек белгілі бір жағдайда ғана эфебофилияның көрінісі деп есептеуге болады.

Осылайша, ресейлік медиа мен шенеуніктер Испания министрі Ирене Монтеро мәлімдемесінің мәнін бұрмалаған. Олар ең әуелі оның сөзін жалпы контекстіден үзіп алған, кейін оны орыс тіліне қате аударған. Монтеро бала зорлауды заңдастыруға шақырған жоқ. Оның үстіне ол жыныстық келісім жасына келген — 16 жасқа толған жасөспірімдер туралы айтқан.

Factcheck.kz