Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев өз уәделерін орындай алды ма?

2022 жылы Алматы қаласының әкімі болып Ерболат Досаев тағайындалған еді. Сол уақыттан бері Досаев қала тұрғындарына бірнеше уәде беріп үлгерді. Алматының әкімі уәделерін орындай алды ма? Factcheck.kz тексеріп көрді

Уәде: Ең бастысы, тау бөктерінде құрылыс салуға тыйым салынады (1,2)

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың 2022 жылдың 17 маусым айтқан сөзі

Үкім: Орындалды

2022 жылдың 23 маусымында Алматы қаласының құрылыс жоспарын бекіту бұйрығына өзгеріс енгізілген. Қабылданған шешімге сәйкес, тау бөктерінің жолағында, оның ішінде еңістігі 15 градус және одан жоғары тiк беткейдегi алаңдарда жер учаскелерін бөлуге және аз қабатты ғимараттар салуға жол берілмейді. Бірақ, 2023 жылдың 22 мамырында Алматы қаласының прокуратурасы қала аумағындағы таулы аймақтарда 150-ден аса заңсыз құрылыс жүргізілгенін анықтады.

Уәде: 2022 жылы 46 орта білім беру объектісінің құрылысы жалғастырылады, оның 22-сі биыл 14 245 орынға арнап пайдалануға беріледі. (1)

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың 2022 жылдың 8 ақпанында айтқан сөзі

Үкім: Ішінара орындалды

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес 2022 жылы Алматыда 10 оқу орны пайдалануға берілген. Оның 7-еуі 14365 орынды қамтитын мектептер.

Уәде: Маусым айында Мамыр шағын ауданынан ауысымына 200 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулатория салуға тапсырма бердімжұмыстар 2023 жылдың I тоқсанында аяқталуы тиіс. (1)

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың 2022 жылдың 11 тамызында айтқан сөзі

Үкім: Орындалды

Қазір аурухана жұмыс істеп тұр. Дегемен, емхана Досаев айтқан уақыттан әлде қайда кеш ашылды. Мамыр-5 шағын ауданындағы 200 адам қабылдайтын аурухана ғимараты өткен жылдың І тоқсанында емес, ІІІ тоқсанында, яғни 11 қыркүйекте ашылған. Бұл туралы Алматы әкімдігі өзі хабарлады.

Емхана 2022 жылдың көктемінде ашылуы тиіс болған. Бұл туралы Алматының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғындармен кездесуде баяндаған. Аурухана салу туралы тендер 2021 жылдың соңында жарияланған. Жасалған келісім-шартқа сәйкес 6 ай ішінде қызмет аяқталуы тиіс еді.

Уәде: 2023 жылы газбен жүретін 300 автобус пен 100 троллейбус сатып алынады. (1,2,3)

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың 2022 жылдың 3 қарашасында айтқан сөзі

Үкім: Орындалды

2023 жылдың маусымында газбен жүретін 200 автобус сатып алуға, кейіннен тағы 170, 100, 30 автобусты жаңартуға тендерлер жарияланды. Жалпы 500 жаңа автобусқа 42 240 000 000 теңге жұмсалған. 2023 жылдың мамыр айында “Алматыэлектротранс” ЖШС 100 жаңа троллейбус алуға 127 900 000 теңге бөлген. 

Жаңа автобустар мен автобус зираты туралы төмендегі материалдан оқысаңыз болады.

Factcheck.kz