Алматыдағы автобус зираты мен оны 53,6 млрд теңгеге жаңарту

Мемлекеттік сатып алу порталында Алматы әкімдігінің қала маршруттары үшін автобус сатып алуға арналған бірнеше хабарландыруы бар. Бір жыл ішінде 600 көлік сатып алу жоспарланған.

Бір қызығы, билік өкілдері миллиардтаған ақшаны жаңа авто сатып алу үшін жұмсап жатқан кезде, қала маңында жақында ғана жергілікті тұрғындарды тасымалдап жүрген жүздеген автобус тұрған автотұрақ пайда болды. Бірақ қазір олар жұмыс істемейді.

Factcheck.kz редакциясы әкімдік жаңа қала көлігіне қанша қаржы жұмсағанын және қалаға жақын маңда «автобустар зираты» қалай пайда болғанын айтып береді.

1 қыркүйекке қарай алғашқы 200 автобус берілді

25 қаңтарда Алматы қаласы Қала мобильдігі басқармасы қала маршруттары ретінде қызмет көрсету үшін автобус сатып алуға екі хабарландыру жариялады. Жалпы мекеме 100 көлік сатып алуды жоспарлаған: ұзындығы 18 метрлік 60 автобус және ұзындығы 10 метрлік 40 автобус. Оған әкімдік 11 548 000 000 теңге жұмсаған, ұзын автобустардың құны – 8 574 000 000 болса, қысқалары 2 974 000 000 теңгеге шыққан.

Жаңа көліктерді «Астана Моторс» тобы мекемесі – Hyundai Trans Auto жеткізді. Техникалық сипаттамасы бойынша, автокөліктер сығымдалған табиғи газбен жұмыс істейді. Келісімшарт бойынша, көлік 21 шілдеде жеткізілуі керек болған. Тендер сипаттамасында үлгісі көрсетілмегенімен, бұл Golden Dragon автобустары деп болжаймыз. Бұған дейін, шілденің соңында Алматы билігі 1 қыркүйекке дейін қалада 100 жаңа қала көлігін іске қосуға уәде берген.

8 тамызда әкімдікке есеп беретін «Алматыэлектротранс» компаниясы журналистерге осы автобустарды таныстырды. Билік өкілдерінің хабарлауынша, ірі автобустарды №37, 38, 38а және 201, ал шағындарын №24, 125, 131 маршруттарына бөлу жоспарланған. Жаңа Golden Dragon көліктері дұрыс техникалық қызмет көрсетілсе, 7-8 жыл пайдаланылатыны аталып өтті.

Таныстыру кезінде қала автобустарынан бөлек 100 жаңа мектеп автобусы да көрсетілді. Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметі бойынша, оларды «Алматыэлектротранс» 4 676 800 000 теңгеге сатып алған. Екі түрлі көлік алынды:  41 және 21 орны бар. Сыйымдылығы үлкен авто құны – 2 731 800 000 теңге болса, шағындары 1 945 000 000 теңгеге шыққан. Әкімдікке үлкен автобустарды бұрынғы Hyundai Trans Auto, ал кішілерін Allur Auto Astana ЖШС жеткізген.

Тамыздың соңында Алматы әкімі Ерболат Досаев бұл автобустар қаланың 30 мектебіндегі 7,7 мың баланы тасымалдайтынын мәлім етті. Сондай-ақ ол келесі жылы билік өкілдері тағы да осындай 50 көлік алуды жоспарлап отырғанын атап өтті.

Тағы 500 қала автобусы

Автопарк мұнымен жаңарып бітпейді. Сәуірде Алматы тұрғындарымен кездескен әкім Ерболат Досаев 2023 жылдың өзінде қала әкімшілігі 600 жаңа қала автобусын сатып алатынын мәлім етті. Жыл соңына дейін тасымалдаушылар жеті маршруттың құрамын жаңартуды көздейді, олар: №18, 19, 46, 98, 99, 109 және 122. Жаңа көлік сатып алу қажеттігін қала әкімі «қоғамдық көлік жұмысының сапасын жақсарту керек» деп түсіндірді.

Тағы 500 қала автобусын сатып алу туралы хабарландыруды Алматы қаласы Мемлекеттік активтер басқармасы маусымда жариялады, олар төрт лотқа бөлінген. Газбен жүретін 200 автобусты сатып алуға 16 750 000 000 жаратса, 170 автобус — 14 943 000 000 теңгеге, 100 автобус — 8 370 000 000 теңгеге және тағы 30 автобус 2 037 000 000 теңгеге алынған. Ең ірі тендер тағы да Hyundai Trans Auto компаниясына бұйырды, бірақ қалған көліктің бәрін әкімдікке автоөндіруші QazTehna жеткізеді. Компания Yutong көлік бөлшектерінен автобус пен электробустарды Саран қаласындағы (Қарағанды облысы) зауытта құрастырады.

Жалпы әкімдік қала автобустарын сатып алуға 53 648 000 000 жұмсаған, сатып алынған заттың көлемді екеніне қарамастан, бұл аз ақша емес. BES.media журналистері салыстыру үшін 2017 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықта Алматы әкімдігі 36,5 млрд теңгеге 650 қала автобусын сатып алғанын есептеп шықты. Досаевтың сөзінше, 2022 жылы билік өкілдері тағы 450 автобус сатып алған, бірақ келісім соммасы белгісіз. Сол жылы мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған екі лотты негізге ала отырып бағасын болжауға болады. 8 820 000 000 теңгеге 100 көлік алу жоспарланып, бірақ тендерлер тоқтатылған.

Автобустардың өлетін жері қайда

Сегіз жыл ішінде әкімдік 1 600 қала көлігін сатып алғанына қарамастан автопарк әлі де жаңара беретін тәрізді. Алматы Қала мобильдігі басқармасы жетекшісі Сағындық Телібаевтың сөзінше, жалпы 2025 жылға дейін әкімдік 2 680 жаңа автобус пен 200 электробус алуды жоспарлап отыр.

Бір қызығы, автобустарды жаппай сатып алу қоғамдық көлік мәселесін шеше алмай жатыр. Алматы тұрғындары маршруттардағы автобус жетпейтініне шағымданып, әлеуметтік желі мен БАҚ бетінде лық толы көлік пен сығылып қалған жолаушылардың бейнежазбалары жиі жарияланады. Қала билігі оған жолаушылар ағыны көбейіп жатқаны және жолдағы кептеліс салдарынан қозғалыс интервалы артатыны себеп деп келді. Дегенмен бірқатар сарапшы автобус жетіспеушілігі билік өкілдерінің қала инфрақұрылымына салғырт қарауының салдары дейді.

2023 жылдың шілдесінде Қазнетте Алматы облысы Жетіген ауылындағы «автобустар бейітінің» суреті тарап кетті. Қоршалған тұрақта қатар-қатар, кейде бірінің үстіне бірі қойылған, жақында ғана қала маршруты бойынша қатынап жүрген жүздеген автобус тұр. Қазір олардың көбінің дөңгелегі жоқ, терезесі сынған, салонын бөлшектеп алған және көптеген қосалқы бөлшегі жоқ. Бұл жерді Google-карта арқылы табуға болады.

Суреттерде көбіне 2013 жылы сатып алына бастаған қытайлық Yutong газбен жүретін автобустары бейнеленген, бірақ мұқият қарасақ, ЛиАЗ маркалы көлікті де байқауға болады, Алматы әкімдігі оны 2017-2018 жылдары сатып алды. «Власть» интернет-басылымы бұл «зират» туралы 2021 тарқатып жазған болатын. Ол жақтағы автобустардың тіпті он жыл пайдалану мерзімі де өтпеген.

Қоғамдағы дау-дамайдан кейін екі жыл бұрын «Алматыэлектротранс» Жетіген ауылындағы аумақ жөндеуді күтіп тұрған автобус тұрағы ретінде пайдаланылатынын хабарлады. Сондай-ақ ЛиАЗ маркалы автобусты жою үшін жинап қойғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Мекеме дерегі бойынша, 2021 жылы «бейітте» шамамен 97 автобус болған, бірақ 2023 жылға қарай саны 823-ке жеткен. Мұндай мәліметті Қала мобильдігі басқармасы келтірді. Сонымен қатар көліктердің 15-і ғана жөнделетіні, 157-і Алматы облысының балансына берілетіні аталып өтті.

Дау-дамай

Қоқысқа шығарылған қала автобустары туралы ақпарат қоғамның ғана емес, билік өкілдерінің де наразылығын тудырды. Тамызда Алматы мәслихатының депутаты Тимур Елеусізов пайдалану мерзімін өтемеген автобустарды әкімдік я болмаса тасымалдаушының өзі неге жөндеп көруге тырыспағанын, оған қоса жөндеуге болатын 800 көлік бола тұра неге тағы 600 автобус сатып алынғаны туралы мәселе көтерді.

Біз бір автопаркті өлтірдік. Сегіз жүз автобус қала жүктемесін азайта алатын еді. Олар автобустардың дизельмен жүретінін сылтау етіп отыр, бірақ олардың арасында газбен жүретін көліктер де бар ғой! Бар болғаны жөндейтін мекемеге беру керек болатын. Ол жаңа автобус сатып алғаннан немесе субсидиялағаннан арзанға түсер еді. Жөндейтін мекеме тауып, автобустарды өңдеп, қайта рейске қою керек!

Тимур Елеусізов

«Алматыэлектротранс» Жетігендегі автобустар дизель отынымен жүретін болғандықтан оларды пайдалануға болмайтынын, қала көліктің экологиялық түріне көшіп жатқанын хабарлаған-ды. Дегенмен, Қазақстан автокөлікшілер одағының бас директоры Сәбит Аманбаевтың айтуынша, көліктер сауатсыз пайдалану салдарынан бұзылған. «Бұл мекемелерде май мен фильтр ауыстырудан бастап жалғаса беретін уақытылы орындалуы керек жұмыстардың кестесі жоқ екенін білдіреді. Техникалық тәртіп жоқ, жүргізушілер жиі ауысады, бақылау нашар», – деп түсіндірді Аманбаев.

Алматы қаласының қоғамдық көлігі туралы жазатын тәуелсіз блогер Владислав Захаров «Власть» басылымына берген сұхбатында автобустар 10-15 жыл жүріп, мінсіз күйде бізге келетін Еуропаны мысал ретінде атап өтті. Оның сөзінше, мұндай көліктерді әлі он жыл пайдалануға болады, бірақ қызмет көрсету нашар болғандықтан олардың көбі жарамсыз болып қалған.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz