Алматыда ТЖ кезінде халықты жинау пункті туралы ақпаратқа 200 млн теңге жұмсалған

23 қаңтарда болған Алматыдағы жер сілкінісінен кейін сейсмикалық қауіп туралы БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде көп талқыланды. Одан бөлек халықты ақпараттандыру жүйесі мен мемлекеттік құрылымның төтенше жағдайға дайын емес екені де көп айтылды.

Бұл жолы Factcheck.kz редакциясы Алматыда орналасқан төтенше жағдай кезінде халықты жинау пунктеріне назар салды. Биыл қаңтардың басында тұрғын үйлердің кіреберісінде эвакуациялау орындарына бағыттайтын тақтайшалар орнатылды. Дегенмен қауіп ентелеп жеткенде оның көбі адамдарға қол жетімді емес екені белгілі болды.

Алматының төтенше жағдайлар департаменті қауіп төнген шақта халықты жинау пунктінің мекенжайы жазылған тақталарды қанша ақшаға орнатқаны және олардың шикілігі туралы айтып береміз.

Халықты жинау пункті дегеніміз не?

Халықты жинау пункті – бұл төтенше жағдай жарияланған кезде азаматтар бара алатын қауіпсіз жер. Көбінде мұндай орындар білім беру ұйымдарында болады: мектептер, балабақшалар, колледждер, ЖОО-лар. Оларды құрылыс нормаларына сәйкес тұрғызады, сол үшін де жер сілкінісі кезінде бұл жерлер қауіпсіз саналады.

Жиналу орнына адам келгенде оған карта беріледі, ол жерде өзі туралы толық ақпарат болады. Дәл сондай ақпаратты ТЖД қызметкерлері өз базасына тіркеп қояды. Бұл ең алдымен туған-туыстары мен мемлекеттік құрылымға керек. Себебі осы арқылы олар бұл адам көмек сұрап келді ме, жоқ па және қайда жіберілгенін біле алады. Қажет болған жағдайда азаматтарға медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі, сондай-ақ киім мен тамақ береді.

Алматы ТЖД мәліметінше, қалада жалпы саны 384 халықты жинау пункті бар. Олардың мекенжайын 2GIS қосымшасынан табуға болады. Ол үшін іздеу жолына «зардап шеккен халықты қабылдау пункті» деп жазсаңыз болғаны. Сондай-ақ нысандардың орналасу реті ТЖД сайтында бар.

Оған қоса, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап, тұрғын үйлердің кіреберісінде халықты жинау пунктерінің мекенжайлары жазылған ақпараттық стендтер орнатыла бастады. Қаңылтыр тақтайшаларда QR-код пен ауданның картасы сызылған. Бұл жерде жер сілкінісі кезінде, сел жүргенде және басқа та табиғи апат келгенде паналауға болатын жердің мекенжайы жазылған. ТЖД мұндай сызбалар бұрында қаланың биік ғимараттарында орнатылғанын айтқан, бірақ қағаз тез ескіріп, жарамай қалып жатқан, сол себепті де осы жолы қаңылтырдан жасауды жөн көрген.

Тақтайшаларға қанша қаржы жұмсалды?

2023 жылдың қыркүйегінде Алматы ТЖД «Девятка» ЖШС-мен ТЖ жағдайында халық үшін ақпараттық көрсеткіштер дайындауға шарт жасасты. Келісімшартқа сәйкес оған 201 428 572 теңге жұмсалды.

Техникалық сипаттамада ведомствоның жалпы саны 23 500 ақпараттық нұсқаулық сатып алғаны айтылған. Олар екі қабатты және одан жоғары көп пәтерлі тұрғын үйлердің барлық кіреберістерінің алдыңғы есіктеріне орнатылған. Тақтайшаның өзі қорғаныс бронды пленкамен қапталған мырышталған болаттан жасалған. Сипаттамаға сәйкес, мұндай дизайн соққыға төзімді, коррозияға, жауын-шашын мен күн сәулесінің әсеріне ұшырамауы тиіс.

Нұсқаулықта Алматы қаласының таңбасы, төтенше жағдайлар министрлігінің логотипі, QR-код және жақын маңдағы эвакуациялау пункттеріне баратын маршруттар бейнеленген. Әрбір тақтайшада: «Бұл үй үшін төтенше жағдай кезінде халықты жинау пункті мына көшелерде..» деп жазылған, содан кейін мекен-жайы көрсетілген. Мәтін үш тілде жазылған: қазақ, орыс және ағылшын. Жинау пункттерінің өзі картада жасыл жалаулармен белгіленген.

Алматыда ТЖ кезінде халықты жинау пункті туралы ақпаратқа 200 млн теңге жұмсалған
Ақпараттық нұсқаулық (Дереккөз: «Время» газеті)

QR кодтар кез келген мобильді құрылғыда оқылып, эвакуация пункттерінің мекенжайлары бар картаға бағытталуы керек. Бұдан бөлек, олар таңбаның 30%-ке зақымдалған жағдайда да оқылуы керек екені жазылған. Сондай-ақ, тапсырыс орындаушыдан қашу пункттерінің орнын IOS, Google және 2GIS карталарына орналастыру талап етілген.

Бір қызығы, электрондық төлем актілеріне сәйкес өнім беруші шарт бойынша  225 600 001 теңгеге жұмыс істеген, бұл дегеніміз белгіленген сомадан 24 171 429 теңгеге артық.

Халықты жинау пунктерінде қандай кілтипан бар?

ТЖ болуы мүмкін қала үшін ақпараттық нұсқаулықтарды орнату өте жақсы бастама екенін айта кетуіміз керек. Дегенмен бұл стендтер іске келгенде жай сәндік үшін ілінген сияқты, себебі халықты жинау пунктерінің өзі көп жағдайда халық қолданысына берілмей жатады. Бұған 23 қаңтарға қараған түні Алматыда болған жер сілкінісі мысал бола алады.

Сол кезде қала әкімі Ерболат Досаев шұғыл жиналыс ашып, қаланың әр ауданындағы мектептер, балабақшалар мен басқа да халықты жинау пунктері ашық деп айтты. Сондай-ақ олардың әрқайсысына аудандық әкімдіктің қызметкерлері келіп, халыққа көмек көрсетуге дайын екенін де мәлімдеді.

Шынтуайтында алматылықтар көптеген халықты жинау пунктері жер сілкінісі кезінде жабық болғанын жария етті (мысалдар мында, мында және мына жерде). Шенеуніктер бұл жерлер не үшін жұмыс істемегенін түсіндіре алмады. ТЖД баспсөз қызметі эвакуация орындары туралы сұрақты елемеді де, кейіннен халыққа «жиналу пунктеріне барудың қажеті жоқ» екенін айтты. Бұған қарамастан келесі күні таңертең ведомство халықты жинау пунктері 11 600 адамды қабылдады деп есеп берді.

Осыдан кейін қоғам төтенше жағдай кезінде салғырт жұмыс істеген мемлекеттік құрылымды сынға алды. Алдымен Алматы ТЖД басшысы барлық халықты жинау пунктері бір жарым сағат ішінде ашылды деп айтып, айыбын мойындамады. Оған жауап ретінде блогерлер мен журналистер адамдардың жер сілкінісі кезінде супермаркеттер, кофеханалар мен мейрамханаларда күтіп отырған фотолар мен видеоларын жариялады.

Нәтижесінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жер сілкінісіне дайын болмаған ҚР ТЖМ жұмысын сынға алып, министрлік халықты жинау пунктері жұмысқа дайын емес екенін мойындады.

Сондай-ақ кейбір эвакуация орындары жабық болғаны, кейбірі тіпті жер сілкінісінен зардап шеккендерді ішке кіргізбегені айтылды. Ведомство тәртіптік жаза беріп, жұмыс істеу әдісін жақсартамыз деп уәде берді.

Контекст: Алматыдағы жер сілкінісі

22-нен 23-не қараған түні Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында магнитудасы 6,7 балл жер сілкінісі болды. Оның бір толқыны Алматыға да жетіп, қалада бес баллдық жер асты дүмпуі болды. Сол түні тұрғындар қиранды астында қаламын деп қорқып далаға жүгіріп шыққан, қаладан шығатын жерде жол кептелісі болып, мессенджерлерде дүрбелең тудыратын хабарламалар тарап жатты. Нәтижесінде сегіз адам зардап шекті.

Айта кету керек, қалада дабыл дауысы іске қосылмады және тұрғындарға жер сілкінісі туралы СМС хабарлама келмеді, алайда бұған дейін Алматы ТЖД алдын ала ақпараттандыру жүйесін орнату үшін 1,1 млрд теңге жұмсаған. Мұны шенеуніктер «дабылды қосудың еш мәні жоқ» деп түсіндірді, ал мәтіндік хабарламалар «халыққа жетпей қалды» деп ақталды. Ақпараттандыру жүйесінен бөлек, ТЖМ жер сілкінісін болжау мен ақпараттандыру үшін 700 млн-дай теңге жұмсаған. Дегенмен отандық сейсмологтар 23 қаңтар күні түнде болған жер асты дүмпуін болжай алмай, сынның астында қалды.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz