Фактчек | Коронавирусты 4 сағатта жоятын масканың шыққаны рас па?

Кешелі бері әлеуметтік желілерде Жапония ғалымдарының COVID-19-ды “4 сағатта жоя алатын маска” жасап шығарғандығы туралы ақпарат тарап жатыр. Жазбадағы мәлімет бойынша, маска мыс талшықтарынан жасалған әрі вирусты жою қабілеті бар. Factcheck.kz сайты Жапонияның ресми сайттарына жүгіне отырып, осы ақпараттың рас-өтірігін анықтап көрді.

Мәлімдеме:

Жапония ғалымдары коронавирусты 4 сағатта жоятын маска жасап шығарды

Үкім: Шындық әрі манипуляция

Шындығы мынада: Жапонияның Gunma Университетінің ғалымдары жергілікті Meisei Industry компаниясымен бірігіп мыс талшықтарынан жасалған маска, мата, қолғап және т.б. заттарды өндіруды бастады. Басты мақсат – коронавируспен күрес, себебі COVID-19 вирусы басқа металдармен салыстырғанда мыста аз уақыт (4 сағатқа дейін) өмір сүреді.

Манипуляциясы мынада: Бұдан бұрынырақ та біз коронавирусты тудыратын SARS-Cov-2 вирусының мыс бұйымдарында 4 сағатқа дейін тұратындығы туралы жазғанбыз. Алайда, Жапония ғалымдарының мыс талшықтарынан жасаған маскасы әлі тәжірибе жүзінде болғандықтан біз нақты қанша сағатта жоя алатынын айта алмаймыз, сондықтан бұл мәлімдеме – манипуляция.

Gunma университеті жанында құрылған Gunma University Development & Innovation (GUDi) кәсіпорны Жапонияның Китрью қаласында орналасқан. Осы кәсіпорын Meisei Industry компаниясымен бірігіп, Covid-19 вирусының таралуын алдын алу үшін мыс талшықтарынан жасалған тоқыма өнімдерін дайындай бастады.

Осы тәжірибелердің басы-қасында жүрген Gunma Университетінің профессоры және GUDi кәсіпорынының атқарушы төрағасы Хидеюки Итабаши былай дейді:

Қолданылып жатқан материал вирустың жаппай таралуына жол бермеу үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады және біз осы жетістікке тезірек жетуді қалаймыз.

Хидеюки Итабаши, Gunma Университетінің профессоры

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz