Мыс бұйымы коронавирусты жоя ала ма?

Коронавирустың тек ауада ғана емес, сонымен қатар әртүрлі бұйымдарда, металдарда және өзге де заттарда сақталатындығы туралы түрлі ой-пікірлер айтылып жүр. Соның ішінде “Мыс бұйымның коронавирусты жоятыны анықталды” деген материал Egemen.kz сайтында шықты. Шындығында мыс вирустарды жоя ала ма? Factcheck.kz әлемдік зерттеулерге сүйене отырып, тексеріп көрді.

Мәлімдеме:

Мыс бұйымының коронавирусты жоятыны анықталды

Egemen.kz

Үкім: Манипуляция

Egemen.kz моңғолиялық Zgm.mn сайтына сілтеме жасаған, ал ол сайт 1983 жылғы Филлипс Дж. Кун мен Саутгемптон университетінің профессоры Билл Кивилдің 2015 жылғы зерттеулерін көрсеткен. Коронавирустың жаңа түрі Covid-19 (SARS-Cov-2) 2019 жылдың аяғында анықталғанын ескерсек, бұл – манипуляция.

Ақпарат қайдан шықты?

1983 жылы дәрігер-зерттеуші Филлис Дж.Кун ауруханадағы мыс бұйымдары туралы зерттеу жүргізген. Есіктегі тот баспайтын болаттан (нержавеющей сталь) жасалған тұтқалардан қарағанда мыстан жасалған тұтқаларда бактериялардың өсуі салыстырмалы түрде баяу екені анықталған:

Есіктегі жылтырап тұрған тұтқалар көп жағдайда тот баспайтын болаттан жасалады, ол – шамамен 88% темір және 12% хромнан тұрады. Бұндай тұтқалар бактериялардың өсуіне кедергі келтірмейді. Ал, керісінше жезден жасалған тұтқалар әдетте 67% мыстан және 33% мырыштан тұрады әрі олар бактерияларды өлтіре алады

Филлис Дж.Кун, дәрігер-зерттеуші

Араға біраз жылдар салып (2015 жылы) Дж. Кунның зерттеуін жалғастырған профессор Кивил бастаған зерттеушілер зертханада кейбір қауіпті патогендермен жұмыс істей отырып, мыстың тек бактерияларды ғана емес, вирустарды да өлтіретінін көрсетті. Профессоры Билл Кивилдің айтуынша, мыс металы ауыр әрі өткір респираторлық синдром (SARS) және таяу-шығыс респираторлық синдромымен (MERS) байланысты респираторлық вирустардың таралуын тиімді түрде тоқтата алады.

Covid-19 вирусы мыста қанша уақыт тұрады?

Гамильтон қаласындағы (Монтана штаты, АҚШ) ұлттық денсаулық сақтау институтына қарасты вурусология бөлімінің (Винсент Манстер бастаған мамандар) жүргізген зерттеуіне сай, басқа металдармен немесе бұйымдармен салыстырғанда Covid-19-ды тудыратын SARS-Cov-2 вирусы мыста төрт сағатқа дейін тұрады.

Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, бұл вирус аэрозольде үш сағат, картонда 24 сағат және пластикалық, тот баспайтын беттерде 2-3 күнге дейін өмір сүреді.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz