Құранды өртеген белсендіге қарсы митиң туралы видео рас па?

Қаңтардың 21-де Расмус Палудан есімді белсенді Стокгольм қаласында орналасқан Түркия елшілігің алдында Құран кітабын өртегеннен кейін әлеуметтік желіде осыған қатысты мұсылмандардың наразылығы жайлы біраз ақпарат тарады. Желідегі видеоның бірінде Швецияда құранды өртегені үшін Түркиядағы провинцияларда наразылық болғаны бейнеленген.

Factcheck.kz оқырмандардың сұрауы бойынша видео расымен Түркияда түсірілді ме, жоқ па — тексерді.

https://www.tiktok.com/@turan_qazaq/video/7191629845724482821

Үкім: Шындық

Расымен митиң Түркиядағы Батман қаласында, 22 қаңтарда болған. Видео Rudaw медиасының туиттер парақшасында жарияланған. Хабарламада Швецияда қасиетті құранды өртегені үшін мыңдаған адам Солтүстік Күрдістанда наразылыққа шықты” деп жазылған. Этникалық күрдтер бұл қаланы Элих деп атайды.

Наразылық акциясын “Құранды мұқият ұста” деген ұранмен Құран ұрпақ платформасы (Kur’an Nesli Platformu) ұйымдастырған.

Желіде тараған видеоның толық нұсқасы.
Дереккөз: Rudaw медиасының туиттер парақшасы.

Басқа наразылық акциялары

Р. Палудан Швециядағы Түркия елшілігінің алдында құранды өртегеннен кейін әлемнің бірнеше елінде ислам дінін ұстанатындар наразылық білдірді. Солардың бірі — Стамбулдағы Швецияның Бас консулдығы алдындағы митиң. Жиналған жұрт Швецияның туын өртеген. Сонымен қатар, Анкарадағы Швеция елшілігінің алдында да бірнеше адам жиналған.

Құранды өртеген белсендіге қарсы митиң туралы видео рас па?
 Стамбулдағы наразы жұрттың Швеция туын өртеген сәті. Фото: Emrah Gurel/AP

Стокгольмдегі акция туралы

Щвеция билігі белсендіге Түркиядағы сөз бостандығына қатысты митиң өткізуге ғана рұқсат берген. Алайда ол акция барысында Құранды өртейтінін билікке ескерткені не ескертпегені белгісіз.

Щвецияның сыртқы істер министрі Тобиас Билльстрем болған жағдайға байланысты әлеуметтік желіде көзқарасын білдірді:

Исламофобиялық арандатулар қорқынышты. Швецияда сөз бостандығы өте ауқымды және бұл Швеция үкіметі немесе мен өзім айтқан пікірлерді [белсенді — ред.] қолдаймын дегенді білдірмейді.

Тобиас Билльстрем, Щвецияның сыртқы істер министрі

Контекст

  • XX ғасырдан бастап күрдтер мен Түркия қарым қатынасы суыды. Түркия билігі мұндай ұлттың бар екенін ұзақ уақыт жоққа шығарып келеді. Бұған қоса оларды “тау түріктері” деп атайды. BBC сайтының жазуынша, Күрдістанның жұмысшылар партиясы (КЖП) Түркияда, АҚШ-та және бірқатар Еуропа елінде террористік ұйым ретінде танылған.
  • Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған “Сириядағы күрд жасақтары Күрдістанның жұмысшылар партиясының бақылауында, сондықтан олар террорист” деп мәлімдеген. Алайда сарапшылар Сириядағы күрдтердің КЖП-ға тікелей бағынбайтынын айтады.
  • Құранды өртеген Расмус Палудан деген кім? Палудан туралы жазған материалымызды оқуға кеңес береміз.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz