2025 жылдағы Украина: бейбіт келіссөздер қандай болуы мүмкін?

Дональд Трамп Владимир Путиннің жеңілгенін жариялап, қақтығысты тоқтатып, бейбіт келіссөздерді бастайтын уақыт келгенін мәлімдеді. АҚШ-тың жаңа президенті соғысты аяқтауға бағытталған концепцияны қалыптастырып жатқан сияқты, ал Еуропада байланыс тобы құрылып жатыр.

Осы уақытта Украина мен Ресей болжалды бейбіт процестердің басталуына дейін майдан даласында өздеріне барынша тиімді позицияларды алуға тырысып жатыр. «Заборона» бұл процесстің қандай болуы мүмкін екенін талдап көрді. Factcheck.kz редакциясы серіктестерінің материалын назарларыңызға ұсынады.

Басты беттегі сурет Украина қарулы күштерінің бас штабынан алынды

Соғыстың аяқталуы: келіссөздерге дайындық

АҚШ-тағы президенттік сайлауда Трамптың жеңіске жетуі Ресей мен Украина арасындағы соғысты бейбіт жолмен реттеуге дайындықты жандандырды. Қазірдің өзінде қатысушылар келіссөздер үстеліне отыру үшін ортақ шешімдерді іздеп жатқаны айқын бола бастады. Осы тұрғыда ресми Киев пен Вашингтонның болашақ әкімшілігі арасындағы байланыс нығайып келеді.

«Әрине, бейбіт реттеу туралы егжей-тегжейлі талқыланып жатыр: Киев қандай қадамдарға баруға дайын, Трамп неге дайын, жалпы Батыс қандай шараларды қабылдайды. Меніңше, Ресей Федерациясының әрекеттеріне байланысты әртүрлі сценарий қарастырылып жатыр. Сонымен қатар Вашингтон мен Мәскеу арасында белгілі деңгейде байланыстар орнатылып жатуы мүмкін екенін де жоққа шығармаймын», — дейді саясаттану ғылымдарының кандидаты, халықаралық сарапшы Станислав Желиховский.

Кез келген алаң пайдаланылып жатыр — мысалы, Париж Құдай Ана соборының ашылуы. Зеленский мен Макронның кездесуінен кейін The New York Post-қа берген сұхбатында Трамп: «Ол [Зеленский] бейбітшілік орнатқысы келеді. Атысты тоқтатуды қалайды. Мәселелерді егжей-тегжейлі талқылаған жоқпыз. Ол бейбітшілік уақыты келгенін, ал Путинге бұл жайлы ойлану керектігін айтады, өйткені ол жеңілді. 700 мың адамнан айырылсаңыз, бейбітшілік уақыты келеді. Бұл бейбітшілік орнамайынша аяқталмайды», — деді.

Бейбітшілік процесіне АҚШ қана дайындалып жатқан жоқ. Киевке сапары барысында Германияның консервативтік ХДС/ХСС блогының канцлерлікке үміткері Фридрих Мерц Германия, Франция, Польша және Ұлыбритания қатысатын байланыс тобын құруды ұсынды. Бұл топ соғысты аяқтаудың жалпы еуропалық көзқарасын әзірлеп, оны АҚШ-қа ұсынуға тиіс.

Украинадағы атысты тоқтату және ымыраға келу жолдарын іздеу

Келіссөздерді бастау үшін алғашқы қадам атысты тоқтату туралы келісім болуға тиіс. Фронттағы динамикалы жағдай болып тұр, ал келіссөздерге қатысатын ықтимал тараптар шекара сызығы қай жерде құрылуы мүмкін екенін бақылап отыр. Бұл сызық келіссөздер кезінде уақытша қажет болады.

«Кейбір аумақтар оккупацияда қала беру ықтималдығы жоғары. Шекара сызығы қай жерде өтетіні келіссөздер барысында анықталады. Мысалы, Ресей конституциясына енгізген аумақтардың бәрін бақылауда ұстамайды, бірақ сонымен бірге Харьков пен Николаев облыстарының кейбір аумақтары оккупацияда қалып отыр. Сол сияқты, Украина да Курск облысының бір бөлігін бақылауда ұстап отыр. Мүмкін, осы жерде белгілі бір айырбас болатын шығар», — деп болжайды Станислав Желиховский.

Сонымен қатар сақтық шарасы ретінде бітімгершілік миссиясының енгізілуі қарастырылып жатыр. «Эммануэль Макронның ұсынысының мәні — бітімгершілік миссиясы, ол Кремльдің атысты тоқтату туралы мүмкін болатын келісімді бұзбауын қамтамасыз етуге тиіс», — деп жазады Rzeczpospolita.

Қауіпсіздік кепілдіктері

Украинаға арналған қауіпсіздік кепілдіктері туралы ұсыныстар келіссөздердің жеке бөлімі. Киев НАТО-ға «неміс сценарийі» бойынша кіруді талап етіп жатыр. Яғни, бұл сценарий бойынша Альянсқа тек Украина үкіметі бақылауындағы аумақтар қабылданады. Дегенмен, мұндай сценарийге қарсы пікірлер НАТО ішінде де аз емес, сондықтан Украинаның одаққа қосылуын барлық мүше елдің барлығы қолдамауы мүмкін.

«Ресей тарапынан жаңа агрессияны болдырмауға шынымен көмектесетін қандай да бір келісімге қол жеткізілсе, бұл жаман нұсқа болмас еді. Бірақ бұл келісімдер қандай болады… Белгілісі, Украина қазірдің өзінде 27 елмен екіжақты қауіпсіздік келісімдеріне қол қойды. Бірақ олардың нақты қандай пайдасы болатыны әзірге белгісіз», — дейді Желиховский.

Сонымен қатар сарапшы Украина Еуропалық Одаққа мүшелік мәселесі келіссөздерде талқыланбайды және саудаласу нысаны болмайды деп үміттенеді. «Әрине, Путин Украина ЕО құрамына кіргенін қаламас еді, бірақ ол бұған қарсы ештеңе істей алмайды. Себебі бұл әскери емес, саяси блок», — деп түсіндірді ол.

Кит Келлог жоспары

НАТО-ға мүше болуға қатысты табандылықты Вашингтон келіссөздер процесінің бұзылуы ретінде қабылдауы мүмкін. Мұндай жағдайда Украинаға көмекті тоқтатуды көздейтін Кит Келлог жоспары қолданылуы ықтимал.

«Қазіргі таңда Альянсқа мүше болу мүмкін болмай тұр. Сондықтан біз қауіпсіздік пен қорғаныс қабілетін нығайтуға баса назар аударып жатырмыз. Бұл заманауи қару-жарақ түрлерін талап етуді, Украина Қарулы Күштерін нығайту үшін қаржыландыруды, Батыстың озық технологияларына қол жеткізуді, сондай-ақ қару-жарақ пен техниканы бірлесіп өндіруді білдіреді. Пайдалануға болатын көптеген мүмкіндік бар», — деп санайды Желиховский.

Ресейдің келіссөздерге қатысты шарттары

«Путин келіссөздер үстеліне отырудан бас тартса, Ресейге қарсы айна қағидатына негізделген жоспар қолданылады. Сол кезде Трамп Кремльге қатысты күш көрсету позициясынан әрекет етеді», — деп түсіндіреді халықаралық сарапшы.

Қазірдің өзінде Дональд Трамп командасының өкілдері, жақын арада АҚШ үкіметіндегі негізгі қызметтерді атқаруы мүмкін тұлғалар, Ресейді бейбіт процесске конструктивті қатысуға ынталандыруға тырысып жатқаны байқалады. «Мысалы, Келлог Ресейге салынған санкциялық қысымды жеңілдетуді ұсынған болатын, бұл келіссөздер барысында талқыланатын мәселелердің бірі бола алады. Сонымен қатар Украина НАТО-ға кіру-кірмеу мәселесі өзіндік ынталандыру құралы болуы мүмкін», — дейді Желиховский.

Саясаттанушы ресейлік ресми тұлғалардың мәлімдемелеріне аса мән бермеуді ұсынады, себебі жария түрде айтылған тезистер бірнеше рет өзгеруі мүмкін. Алайда Джо Байден әкімшілігі қызметте болған кезде, агрессор елден келесі шарттар естілді:

  • Украина Херсон, Запорожье, Донецк және Луганск облыстарындағы толық бақылауға алынбаған аумақтардан әскерлерін толық шығаруы керек (Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков);
  • Украина НАТО-ға кіруден бас тартуы керек, ядролық қаруы жоқ және бейтарап мемлекет болуға тиіс (Дмитрий Песков);
  • Қырым Ресейдің бөлігі ретінде мойындалуы керек, ал Запорожье мен Херсон облыстарының шекаралары бойынша ымыраға келуге болады (Кремльге бағынышты Қырым парламентінің спикері Владимир Константинов).

Бұл тұлғалар Кремльмен келіспей, жеке пікір білдіруі екіталай. Ресей өз келіссөздік ұстанымын қалыптастырып, өзін жеңімпаз ретінде көрсеткісі келетін ақпараттық фонда жұмыс істеп жатқаны анық.

Бейбіт процеске қатысты болжамдар

Украинадағы соғыс бойынша бейбіт келіссөздер осы қыста басталуы мүмкін, деп мәлімдеді Польша премьер-министрі Дональд Туск. Ал Станислав Желиховский келіссөздерге жарты жылдай уақыт қажет болуы мүмкін екенін айтты.

«Әртүрлі дереккөзден, оларды атамай-ақ қояйын, 2025 жылдың күзіне қарай Украинада сайлау өтуі мүмкін деген ақпаратты бірнеше рет естідім. Бұл расымен жоспарланып отырса, онда әскери әрекеттер көктемде немесе жазда тоқтауы ықтимал. Себебі әскери жағдайды тоқтатып, сайлауалды науқан өткізуге уақыт қажет. Демек, соғысты тоқтату туралы келісімге келу 2025 жылдың бірінші жартысында немесе екінші жартысының басында болуы мүмкін деп ойлаймын», — деді халықаралық сарапшы.

Украинское независимое онлайн-издание, которое занимается расследованием общественно значимых проблем.

Factcheck.kz