“Бізді “массовка” ретінде пайдаланады” – Студенттер нені білуі керек?

15.01.2024 Upd: Материал сайтында жарияланған мәтіндерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу ережесіне сай өзгертілді. Министрліктің ресим жауабына сәйкес, “Студент екі мамандықта қатар оқи алатыны” туралы деректің мәнін өзгерттік. Оқырмандардан кешірім сұраймыз.

Студенттермен сөйлесе кетсең болды “бізді “массовка” ретінде пайдаланады”, “егер белсенді болмасақ, жатақханадан шығарып жібереді”, “оқуды қызылға бітіру үшін міндетті түрде белсенді болу керек”, “сайлау кезінде міндетті түрде дауыс беріп, оны фотоға түсіріп, кураторға жіберу керек” деген сияқты әңгімелер желдей еседі. Шынында солай ма? Қазақстанда студент болу үшін нені білу керек? Factcheck.kz ең көп тараған пікірлерді назарларыңызға ұсынады.

Кез келген студент жатақхана алуға құқылы

Қазақстанда жатақханадағы орын тапшылығының әсерінен “тек белсенді студенттер жатақхана алады”, “3,4-курс студенттері жатақхана ала алмайды” деген таптаурын ой қалыптасқан. Шын мәнінде, тұрақты мекен жайы жоқ студенттерді ЖОО белгіленген тәртіппен жатақханаға жайғастыруға міндетті.

Жатақханаларындағы орындардың бөліну тәртібі білім беру ұйымдарының жатақханаларындағы орындарды бөлу қағидаларының 3-бап, 10-тармағында көрсетілген. Алайда елімізде жатақхана орындары жетіспейтіндіктен, студенттердің көбіне орын табылмайды. Бірақ бұл жатақхана ала алмайсыз деген сөз емес. Кез-келген студент жатақханадан орын алуға құқылы.

Тақырыпқа сай оқи отырыңыздар: Елімізде қанша студентке жатақхана жетпейді?

Студент дипломсыз жұмыс істей алады

Еңбек кодексінің 32-бап, 1-тармақ, 3-тармақшасына сәйкес еңбек шартын жасау үшін, машық пен дағдыны талап ететін білімі туралы, кәсіптік біліктілігін тану туралы (болса), арнаулы білімі не кәсіптік даярлығының болуы туралы құжаттардың біреуі болуы шарт. Бұл университетті аяқтағанын растайтын диплом немесе салалық арнайы оқуды тәмәмдағанын дәлелдейтін құжат болуы мүмкін. Сонымен қатар азаматтық құқықтық негіздегі шарт арқылы да қызмет көрсетуге болады. Сондай ақ білім туралы заңның 47-бап, 4-тармақ, 2-тармақшасына сәйкес студент сабақтан бос уақытта оқуды жұмыспен ұштастыруға құқығы бар.

Студент университет ұйымдастыратын арнайы мерекелік парадтар мен массовкаларға қатысуға міндетті емес

Студенттің жоғары оқу орнына түскендегі негізгі мақсаты — білім алу. Студенттің рұқсатынсыз, ресми бұйрықсыз студентті сабақ уақытында аудиториядан шығарып іс-шараға алып кету — заңсыз. Сабақтан тыс уақытта болатын арнайы шараларға, студент өз еркімен бару не бармау туралы таңдау жасай алады.

Білім алушыны бос уақытында ЖОО басшылығы бір жаққа баруға міндеттей алмайды. Бұл әрекет ҚР-ның әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 76-бабына сәйкес әкімшілік жауапқа әкеліп соғады. Сондай-ақ білім туралы заңда студент ЖОО-ның атынан массовкаларға, парадтарға қатысуға міндетті деген пункт жоқ. 

Студент сайлауда дауыс беруге міндетті емес

Саяси науқан, сайлау, референдум болатын уақытта, студенттерді сайлауға баруға мәжбүрлеу жиі болады. Қазақстанның сайлау туралы Конституциялық заңының 3-бабына сәйкес Республика азаматтары сайлауға қатысуы ерiктi болуы керек. Азаматтарды сайлауға қатысуға я болмаса қатыспауға мәжбүрлеуге ешкiмнiң құқығы жоқ. Сонымен қатар, азаматтардың дауыс кімге дауыс бергені де – құпия, сол себепті оны фотоға түсіріп, кураторға жіберу де – заңсыз.

Әскери кафедра аяқтаған студент әскерге шақырылмайды

Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының  № 561-IV заңының 41-бап 6-тармағына сәйкес әскери кафедраны аяқтап, запастағы офицерлер мен сержанттар бағдарламалары бойынша даярлықтан өткен азаматтар запасқа алынды деп есептеледі. Запасқа алынған азаматтар әскерге шақырылмайды. Бірақ, запастағы әскерилер осы заңның  43-бабында көрсетілген талаптарды орындай отыра, арнайы әскери жиындардан өтуі керек. Сонымен қатар, заңның 27-бабында “соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында запастағы офицерлер әскери қызметке шақырылатыны” жазылған.

Мұғалімнің дәрісте діни және саяси ұстанымдарды үгіттеуі — заңсыз

Білім туралы заңның 51-бап, 5-тармағына сәйкес Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтердің білім беру процесін саяси үгіттеу, діни насихат жүргізу мақсатында я болмаса білім алушыларды Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін әрекеттерге итермелеу үшін пайдалануына тыйым салынады. Демек, дәрісті діни уағызға немесе саяси үгітке айналдыру – заңсыз.

Мұғалім студенттің жеке шекарасын бұзбауы керек

Білім туралы заңның 47-бап, 3-тармақ, 11-тармақшасына сәйкес студенттің адамдық қадір-қасиетінің құрметтелуіне құқы бар. Осы заңның  51-бап, 3-тармақ, 8-тармақшасына сай, мұғалім білім алушылардың, тәрбиеленушілер мен олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге құқылы.

Мұғалімдерге гүл, торт, шоколад сыйлауға болмайды

ЖОО-мұғалімдері мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғалар тізімінде жоқ. Бірақ, мемлекеттік университеттерде жұмыс істейтін қызметкерлерге шектеулер бар. Қылмыстық кодекстің 367-бабына сәйкес, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілет берілген және оған теңестірілген адамға  құны 2 АЕК-тен аспайтын (7384 теңгеден аспайтын – 2024 жылғы 1 АЕК – 3692 теңге) сыйлық беру қылмыстық жауапкершілікке әкеледі (бірінші рет берілген сыйлық есептелмейді). Дәл сол қызметкерлерге әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 676-бабына сәйкес кез-келген сомада заңсыз материалды сыйлық алғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылады.

Студент сабақ кестесін өз ыңғайына сәйкес өзгерте алады

Балон жүйесіндегі білім беру бағдарламасының жалпыеуропалық жүйесіне сәйкес (ECTS) студент бір семестрде қанша пәнді оқу керектігін таңдап, сабақ кестесін өз ыңғайына сай реттей алады. Ең бастысы оқу бағдарламасының соңына дейін қажетті кредиттерді игеруі керек.

Студентке мұғалім ұнамаса, оны ауыстыра алады

ЖОО-ның мұғалімі Қазақстанның білім туралы заң 51-бабы 3-тармақтың 7-тармақшасын, 4-, 5-тармақтарын, сонымен қатар педагог мәртебесі туралы заң 15-бап 1-тармақтың 4-тармақшасын, осы баптың 2-тармақтарын бұзса, студент университеттің басшылығына шағым түсіріп, мұғалімді ауыстыра алады. Әрбір студенттің сапалы білім алу хақы бар.

Сабаққа кешіккен студент сабақтың қалған бөлігіне қатыса алады

Студентті сабаққа кіргізбеуге ешкімнің құқығы жоқ. Бірақ, әрбір ЖОО-ның өзіндік ішкі ережесі болады. Пәндердің силабусында тәртіптік ереже жазылуы тиіс. Мәселен ҚазҰМУ-дың силабус үлгісі бойынша студент сабақтан 15 минуттан артық кешіксе “жоқ” белгісі қойылады. Дегенмен, студент “жоқ” белгісін алған күннің өзінде, сабаққа қатысып, білім алуға құқығы бар.

Студент екі мамандықта қатар оқи алады

Студент екі мамандықты бір уақытта оқи алады. Қазақстан Республикасының білім туралы Заңның 35-бабына сәйкес жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша күндізгі оқыту, онлай-оқыту және экстернат оқыту форматтарында жүзеге асырылады. Заңға сүйене отыра студент бірінші жоғарғы оқу орнында күндізгі оқыту бағдарламасын ал екінші университетте онлайн-оқыту немесе экстернат форматын таңдай алады.

Дегенмен магистратураны бір уақытта екі ЖОО-да оқуға болмайды. Қазақстанның білім туралы заңның  36-бабына сәйкес магистратура экстернат форматында оқытылмайды.

15.01.2024 Upd: Министрліктің ресим жауабына сәйкес, “Студент екі мамандықта қатар оқи алатыны” туралы деректің мәні өзгерді. Министрліктің жауабына сай, студент екі мамандықта қатар оқи алмайды. Оқырмандардан кешірім сұраймыз.

«Білім туралы» ҚР Заңына сәйкес жоғары оқу орындары Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымына қабылдау қағидаларын әзірлеу және бекіту жоғары оқу орындарының құзыретіне кіреді. Заңнамалық түрде бірнеше жоғары оқу орнында оқуға болмайды деген шектеу жоқ. Алайда, күндізгі оқу нысаны білім алушының тиісті мамандығы бойынша сапалы маман болып шығуы үшін білім беру процессіне толыққанды мән беруін және өзге жұмыстармен немесе басқа мамандық бойынша білім алумен шұғылдануын құптамайды. Сонымен қатар, жоғары оқу орындары құжаттарды қабылдау кезінде түпнұсқа құжаттарды сұратады, сондықтан бір құжатты екі немесе одан көп оқу орнына өткізу мүмкіндігі шектеледі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз хатшысы
Factcheck.kz