Қорғаныс министрлігі әскерді мақтауға 217 миллион теңге жұмсаған

Factcheck.kz редакциясы мемлекеттік сатып алулар порталын ақтарып, 2023 жылы қорғаныс министрлігі БАҚ-та материалдарды жариялау бойынша екі ірі келісім-шарт жасасқанын анықтады. Ведомствоның ойынша, мақтау сипатындағы мақалалар қазақстандықтардың қарулы күштерге деген сенімін арттыруға тиіс.

Қай медиа қазақ әскерін жарнамалайды және онысы қанша тұрады? 

№1 келісім-шарт

2023 жылғы 12 мамырда қорғаныс министрлігінің №65235 әскери бөлімі ақпараттық материалдарды БАҚ-қа жариялау үшін алғашқы келісім-шартты «Аманат» партиясына тиесілі «Нұр Медиа» медиахолдингімен жасасты. Медиахолдингтің құрамына «Астана ТВ», «Азаттық рухы», «Литер» газеті және т.б. кіреді. Бастапқыда шарт сомасы 269 571 423 теңге болғанымен, келісімге қол қойылғаннан кейін ол 206 113 742 теңге болып өзгертілді.  

Келісім-шарт екі бөлікке бөлінген: материалдарды интернет желісіндегі БАҚ-та жариялау, телеарналардан көрсету. Бұларды жеке-жеке қарастырайық.

Қорғаныс министрлігі бір жыл ішінде интернет-порталдарға әскери тақырыптағы 162 имидждік мақала жариялағысы келеді. Онда ведомства жұмысындағы жетістіктер және Қазақстан әскерінің жетістіктері туралы айтылады. Олар мақалаларды төрт сайтта, яғни бір порталға 40 материалдан жариялауды көздеп отыр. Дегенмен қай сайттармен жұмыс істейтіні көрсетілмеген, алайда ай сайын пайдаланушылардың орташа трафигі төрт миллион мен сегіз миллион арасында болуы керектігі нақтыланған. 

Талаптарға сәйкес, әр материал тапсырыс берушінің алдынан өтеді, ал мақала жарияланғаннан кейін міндетті түрде басылымның әлеуметтік желісіне де салынады. Бір қызығы, имидждік мақалалар PR белгісінсіз орналастырылуға міндетті. Бұл, әрине, мақаланың тапсырыспен жазылғанын оқырманның білмеуі үшін жасалады.

Сондай-ақ, қорғаныс министрлігі төрт республикалық телеарнада 103 материал, яғни әрқайсысына орта есеппен 25 жаңалық орналастыруды көздеп отыр. Бейнежазбалар кешкі жаңалықтарда және оның келесі күні берілетін қайталауында көрсетіледі. Екі телеарна үшін бір роликтің ұзақтығы 1,5 минуттан кем болмауы керек, ал үшінші телеарна үш минуттан кем емес бейнежазба дайындайды. Осы ретте сюжеттердің шығу жиілігі мен олардың мазмұны тапсырыс берушінің қадағалауында болады. 

Министрлік бұл материалдар жазылып жатқан тұста атқарылған жұмыстар үшін  жалпы сомманың 83 581 775 теңгесін төлеген.

№2 келісім-шарт

Қорғаныс министрлігі екінші келісім-шартты «Время» қоғамдық-саяси газетіне иелік ететін «“Время” баспасы» ЖШС-мен жасасты. Мұнда да имидждік материалдарды орналастыру мәселесі жазылған. Бірақ, бір ерекшелігі, бұл келісім-шарт өте арзан бағада жасалған. Мәміленің бастапқы бағасы 11 268 041 теңге болса, келісімге қол қойылғаннан кейін сома 11 235 065 теңгеге дейін азайған. 

Техникалық шарттарда газетте қанша мақала жариялануы керек екені көрсетілмеген. Дегенмен жеткізушінің «көлемі 3 078,1 шаршы см-ден кем емес ақпараттық материал» орналастыруы керек екені көрсетілген. Сондай-ақ, берілген сипаттамаға сәйкес, материал газеттің әр бейсенбіде шығатын екі парақтан тұратын санында жариялануы керек. Материал газетте жарияланғаннан кейін басылымның әлеуметтік желісіне салынуы қажет.

Жазбаны жазу кезінде жеткізушіге уәде етілген соманың 7 300 000 теңгесі төленген. Жалпы, 2023 жылы қорғаныс министрлігі интернет-БАҚ, газеттер мен телеарналарда мақтау сипатындағы мақалаларды жариялауға 217 348 807 теңге жұмсаған екен.

Қорғаныс министрлігі бұған дейін жарнамаға қанша ақша бөлетін? 

Қорғаныс министрлігі БАҚ-та өзі туралы имидждік материалдар жариялау үшін бюджет қаражатын бірінші рет жұмсап отырған жоқ. Алайда өткен жылдардағы сома биылғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен еді. 

Мемлекеттік сатып алулар сайтының хабарлауынша, департамент былтыр ешқандай жарнамалық келісім-шарт жасамаған. Дегенмен 2021 жылы министрлік өзін БАҚ-та жарнамалау үшін төрт келісім-шарт жасасқан. Олардың жалпы сомасы 70 630 153 теңге.

Ведомство «Хабар» телеарнасына Қазақстан әскері туралы 20 телесюжет жасағаны үшін 16 071 428 теңге, Zakon.kz сайтына иелік ететін «ЮрИнфо» компаниясына 36 жарнамалық материал үшін 18 180 000 теңге, «Nur.kz» интернет порталына 36 материал үшін 18 550 600 теңге, Tengrinews.kz сайтына иелік ететін «Effective Media Liaison» ЖШС-на 35 имидждік мақала үшін 17 828 125 теңге төлеген. 

Ведомство 2020 жылы жалпы сомасы 78 509 000 теңгеге үш жарнамалық келісім-шарт жасасты. Nur.kz интернет-порталына 279 имидждік мәтін үшін 24 909 000 теңге төлесе, «Алматы» телеарнасында ұзақтығы 32 минуттық бейнероликтер мен «МИР» телеарнасында 35 минуттық бейнероликті жариялағаны үшін KJ Production компаниясына 32 500 000 теңге төлеген. 

Қорғаныс министрлігі сол жылы «KJ Production» компаниясымен 33 300 000 теңгеге басқа келісім-шарт жасасқанымен, келісім-шарт бұзылғандықтан, бар болғаны 21 100 000 теңге төлеген. Компания «Астана» телеарнасында 33 минуттық сюжет көрсетуге, сонымен қатар «Литер» газетінде көлемі 10 000 шаршы см материал, ал «Егемен» газетінде 8 450 шаршы см материал жариялауға тиіс болды. 

2020-2021 жылдары қорғаныс министрлігі отандық басылымдарда имиджін насихаттау үшін 149 139 153 теңге жұмсаған екен. Бұл ведомствоның 2023 жылы өзін-өзі жарнамалауға жұмсаған қаржысынан 68 209 654 теңгеге ғана аз. 

Мұның несі дұрыс емес? 

Билік өкілдерінің пікірінше, мемлекеттік бюджеттің имидждік мақалалар мен бейнероликтерге жұмсалатын мұндай шығыны қазақстандықтардың қарулы күштерге деген сенімін арттыруы керек. Дегенмен елде бұл факторды көрсететін статистика болмағандықтан, мақсат орындалып жатыр ма деген күмән бар.

Сонымен қатар, кейінгі екі жылда Қазақстанның қарулы күштері мен басқа да билік құрылымдары азаматтар мен БАҚ-тың ауқымды сынына ұшырап жүр (мысалдар мында, мында және мына жерде). Сарапшылар мен журналистердің айтуынша, қорғаныс министрлігі өркендеудің бейнесін ғана жасайды, ал іс жүзінде әскердің жауынгерлік қабілеті мен жауынгерлік әзірлігі күмән тудырады.

Сынға ұшырауына негізгі әсер еткен фактор – Қаңтар оқиғасы, нақты қауіп төнген кезде күштік құрылымдар дәрменсіздігін көрсетіп, ҰҚШҰ одақтастарының, атап айтқанда Ресейдің көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Кейбір сарапшылар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұндай қадамға баруына оның Қазақстанның күштік құрылымдарына сенбеуі себеп болды деп есептейді, ал бұл жағдайды одан әрі ушықтырады.

Сонымен қатар, Қазақстанның әскери қызметкерлері арасында әлімжеттік мәселесі әлі де бар. Baigenews.kz жазуынша, әскердегі зорлық-зомбылық ауыр жарақаттарға ғана емес, сарбаздардың өліміне де әкеліп соқтыратындықтан, жыл өткен сайын әскерге барғысы келетін адамдар азайып барады (мысалдар мында, мында және мына жерде). Былтыр жағдайдың ушыққаны соншалық, Тоқаев «әскери қызметкерлер арасындағы әлімжеттікті» жою үшін комиссия құруды тапсырды.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz