Қазақстан ІІМ полиция туралы екі газетке 42 млн теңге бөлген

Біз материалдардың бірінде 2023 жылы Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарының Медиа-орталығы Polisia.kz журналын шығару үшін 119 млн теңге бөлгенін айтқанбыз. Басылымның мақсаты – қоғам алдында құқық қорғау органдарының мәртебесін көтеру, дегенмен, біздегі бар ақпаратқа сүйенсек, басылымды тек полицейлердің өзі сатып алады екен, тіпті көп жағдайда бұл процесс еріксіз өтетін сияқты.

Бір қызығы, бұл ішкі істер органдарының Медиа-орталығы шығаратын жалғыз басылым емес. Factcheck.kz «На страже» және Saqshy деген ұқсас газеттердің шығыны қанша екенін тексеріп көрді.

Газет қанша тұрады?

Жоғарыда айтқан газеттердің шығатыны туралы мемлекеттік сатып алу сайтында 15 қаңтар күні жарияланған. Порталдың мәліметіне сүйенсек, «На страже» газетіне ішкі істер органдарының Медиа-орталығы 15 488 000 теңге, ал Saqshy-ға 27 108 000 теңге бөлген. Жиынтығы 42 596 0000 теңге жұмсауға ниеттенген.

Дәл қазір бұл мәлімдеме қаралып жатыр, 22 қаңтар күні шешімі шығады. Алайда, мемлекеттік сатып алу туралы бар мәліметке сүйенсек, тендерді ұйымдастырушылар конкурс өткізбейді. Оның орнына қызмет көрсетуші сәтсіз мемлекеттік сатып алулар бойынша бір дереккөзден таңдалған. Бұл – «Медиа-холдинг “ERNUR”» ЖШС. Қызмет көрсету бойынша келісімшарт әлі жасалмаған. Бұны ресми түрде конкурс аяқталған соң жасайтын сияқты.

Техникалық сипаттамаларға сәйкес, «На страже» газеті айына төрт рет шығады деп жоспарланған. Бір басылғандағы тиражы – 8 000 дана, ал жалпы тиражы – 320 000. Saqshy да айына төрт рет шығады. Дегенмен оның бір басылғандағы тиражы 18 000 дана, ал жалпы саны 720 000 дана деп көрсетілген. Жазылушылар санына байланысты тираж да өзгеріп тұруы мүмкін екені де айтылған. Екі газет те 8 жолақ текст пен иллюстрациядан тұрады.

Бекіту үшін газет шығар алдында қызмет көрсетуші бір баспа және бір электронды данасын көрсету міндетті. Содан кейін бір реттік тираж басылады да, 20 данадан қызмет көрсетушінің кеңсесіне жіберіледі. Жұмыс нәтижесі бойынша жазбаша есеп берілуі керек. Газеттің басылымы наурыз айында басталып, 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.

Бұрын газет қанша тұратын еді?

ІІО Медиа-орталығының ресми сайтындағы ақпаратқа көз жүгіртсек, бұрын «На страже» және Saqshy газеттері 2020 жылдан бастап шыққан, мемлекеттік сатып алу порталының ақпаратына сәйкес, бұрынғы баға мен биылғы бағаның арасы жер мен көктей.

2020 жылы келісімшартқа отырғаннан кейін «На страже» газетіне 7 811 000 теңге, ал Saqshy-ға 11 340 000 теңге бөлінген. Сол жылы бұл екі басылымға салық төлеушілердің 19 151 000 теңгесі берілген. 2021 жылы қаражат айтарлықтай азайып, 13 465 400 теңге жұмсалған: «На страже» – 5 176 600 теңге, Saqshy – 8 288 800 теңге. 2022 жылы «На страже» газетіне 7 714 285 теңге қарастырылса, Saqshy-ға 10 285 714 теңге бөлініп, жалпы 17 999 999 теңге бөлген. 2023 жылы ең көп қаржы жұмсалған: былтыр ІІО Медиа-орталығы газеттерге 19 840 000 теңге бөлген: 8 640 000 және 11 200 000 теңге. Айта кету керек, бұл жылы басылымдар екі есе қымбаттаған. Неге олай екені белгісіз.

Тағы бір қызығы, газеттер пайда болғалы бері тек екі қызмет көрсетуші болған. 2020-дан 2021-ге дейін басылымдарды шығарумен «Алматы-Болашақ» АҚ айналысса, 2022-ден биылға дейін «Медиа-холдинг “ERNUR”» ЖШС айналысқан. Жеңімпазды үнемі ашық конкурс арқылы, яғни, қызмет көрсетушіні тікелей таңдамай анықтаған.

Газеттерде не туралы жазады?

Біздің мақалаға арқау болған газеттерді Polisia.kz журналы сияқты, дүңгіршектерден табу қиынға соғады. Дегенмен оларды онлайн-форматта оқуға болады. Сілтемесі ІІО Медиа-орталығының ресми сайтында бар.

«На страже» тек орыс тілінде, ал Saqshy қазақша шығады демесеңіз, екеуінің ақпараты бірдей деуге болады. Материалдардың дені полиция образының қоғам алдындағы мәртебесін көтеріп, жақсы жағынан көрсетуге бағытталған. Бірақ қызық нәрселер де жоқ емес.

Мысалы, 2022 жылға дейін бірінші жолақта Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқтаевтың фотолары кезек-кезек қойылатын: бір нөмірде Назарбаев туралы мақаламен басталса, келесі нөмірде Тоқаев туралы мақаламен басталған (мысалдар мында, мында, мында және мына жерде). Кейде олардың суреттерін бір коллажбен беріп, «Елбасы» және «президент» деген атақтарын бөлек жазған (мысалдар мында, мында және мына жерде). Алайда қаңтар оқиғасынан кейін экс-президент туралы мақалалар басты бетте шықпаған.

2022 жылдан кейін газеттердің басты бетінде тек Тоқаевтың фотографиялары басылған, ал Назарбаевты кейде екінші не үшінші жолақта ғана жазып жүрген. Оның өзінде тек Тоқаевты қолдайтыны туралы цитаталары немесе «екі биліктің», элитаралық қақтығыстың жоқ екені туралы айтқан сөздері ғана жарияланған (мысалдар мында және мында).

Қаңтар оқиғасына басқа да полиция басылымдары сияқты көп орын бөлінген. Ол жерде көбіне «ІІМ жауынгерлерінің террорлық агрессиядағы ергілі», «билікті басып алуға тырысқаны» немесе «Алматыда хаос орнатуға тырысқан кәсіби дайындықтан өткен содырлар» туралы жазылған (мысалдар мында және мында).

Кейде газеттерде басқа да қызық мақалалар жазылады. Мысалы, 2023 жылы «На страже» газетінің авторлары «Теория хороших дорог» («Жақсы жол теориясы») деген тақырыппен мақала шығарған. Бұл материалда қала жолдарындағы электроскутерлерді бақылаудың маңызы туралы жазылған. Желтоқсандағы нөмірде 2024 жылға арналған көк айдаһардың суретімен күнтізбе жасаған. Ал қаңтарда басылы +18 деген белгімен «Фартовый» тақырыбы қойылған әңгіме басқан. Бұл әңгімеде «Фартовый» деген лақап аты бар сотталушының әлдебір қазақстандық колонияда бастан өткен қызық оқиғалары жазылған.

Күштеп жазылу

Бұған дейін біз ҚР ІІМ Медиа-орталығы бес басылым шығаратынын айтқанбыз: Saqshy, «На страже», Qalan газеттері мен Polisia.kz, «Бүркіт» журналдары. Бұл басылымдардың бәрі дерлік министрлікке бөлінген бюджеттік ақшамен қаржыландырылады. 2024 жылы ІІМ жұмысына 168 млрд теңгеден көп ақша бөлінген. Бұл былтырға қарағанда 10 млрд-қа көп.

Сол материалда біз полиция туралы басылымға полицейлердің өздерін жаздыратынын айтқанбыз, көп жағдайда міндеттейтіні бар. Бұл туралы журналистерге бұрын істеген және қазір де полицияда қызмет ететін адамдар айтқан.

Мысалы, 2020 жылы Қазақстан Республикасының шағым мен ұсыныс түсіруге арналған виртуалды кітабында ШҚО Полиция департаментінің қызметкерінің хабарлама жарияланған. Ол жерде полиция қызметкері Saqshy, «На страже» газеттеріне және Polisia.kz журналына күштеп бір жылға жазылуға мәжбүрлегенін айтқан.  Ал 2019 жылы қостанайлық «Наша газета» басылымы WhatsApp-тағы скриншот жариялаған. Ол жерде ішкі істер органдарының қызметкерлерін өз ақшаларына полиция туралы басылымдарға жазылуға мәжбүрлеп, қоқан-лоқы көрсеткен.

Бұған жауап ретінде Қостанай облысының ПД баспасөз-қызметі қызметкерлерді ешкім жазылуға мәжбүрлемейтінін, «полиция қызметкерлерінің өмірі туралы жазған соң», тираж саны көбейгенін айтып құтылған.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz