Полиция туралы журнал неліктен 119 млн теңгеге шығарылады?

Мемлекеттік сатып алу порталын қарап отырып Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының медиа орталығының Polisia.kz журналын басып шығару туралы лотына көзіміз түсті. Тендерді зерттеп шыққан соң, басылым мақсаты ішкі істер органдарының қоғам алдындағы имиджін арттыру екені белгілі болды, алайда, оны негізінен полицейлердің өздері ғана оқитын сияқты. Factcheck.kz редакциясы мемлекеттік бюджеттен бұл журналды шығаруға қанша ақша бөлінгенін және бұл жерде қандай гәп бар екенін зерттеп көрді.

Полиция туралы журнал қанша тұрады?

Қазақстан Ішкі істер министрлігінің құрылымында «ҚР ІІО Медиа-орталығы» ЖШС деген мекеме бар. Ол Астана қаласында орналасқан. ІІМ ақпараттық порталы Polisia.kz дерегінше, медиа-орталық бес басылым шығарады: «Сақшы», «На страже» және Qalan газеттері, Polisia.kz және «Бүркiт» журналдары. Бұл басылымдардың бәрі министрлікке бөлінген бюджет қаражатына шығарылады. 2023 жылы ІІМ жұмысына 158 млрд теңге бөлінген.

Медиа-орталық жыл сайын Polisia.kz журналын шығаруға конкурс жариялайды. Мемлекеттік сатып алу порталының деректеріне сәйкес, 2023 жылы бұл мақсатқа 144 585 000 теңге бөлу жоспарланған. Оны «Даму-Астана» мүгедектер ұйымы» ЖШС ұтып алған. Келісімшарт жасалған соң шығын көлемі 119 400 000 теңгеге дейін азайған. Қазіргі таңда атқарылған жұмысқа тек 18 344 218 теңге төленген.

Сипаттамада журналдың айына бір рет шығатыны айтылған. Жалпы таралымы 300 000 дана, яғни, айына 25 мың дана деген сөз. Жазылушыларға байланысты таралым өзгеріп отыруы мүмкін екені айтылған. Журналдың өзі мәтін мен фотоны қамтитын 56 беттен және тағы төрт мұқаба беттен тұрады. Техникалық сипаттамада журналды шығармас бұрын тапсырысты орындаушы екі нұсқаны алдын ала бекітуі керек екені, содан кейін он күн ішінде айлық таралымы шығуы керек екені жазылған. Оны таратуға 15 күннен артық уақыт берілмейді. Жұмыс нәтижесі бойынша атқарылған жұмыс туралы жазбаша есеп тапсыру керек.

Сипаттамада жеткізу мекенжайы көрсетілмеген. Құжатты талқылау бөлімінде «Даму-Астана» мүгедектер ұйымы» қызметкерлері жеткізу аймақтарын нақтылауды сұраған, алайда ІІО Медиа-орталығы қажет ақпаратты бермей, басылымға жазылушылар саны өзгеруі мүмкін екеніне сілтеген.

Журналды шығаруға алдыңғы жылдары қанша жұмсалған?

2023 жылы полицейлер туралы журнал шығару бағасы күрт өскен. Салыстыру үшін айтсақ, бір жыл бұрын басылымды шығаруға 78 525 000 теңге жұмсау жоспарланған, бірақ келісімшарт жасаған соң ол 45 011 786 теңгеге дейін азайған. Яғни, бір жылда шығын 2,6 есе өсті деген сөз.

Басқа жылдары да бөлінген қаражат айтарлықтай аз болған. 2021 жылы журналды шығаруға 31 млн теңге, 2020 жылы — 40 млн теңге, 2019 жылы — 46 905 000 теңге, ал 2018 жылы — 33 429 000 теңге бөлген. 2020 жылы 200 000, 2019 жылы — 254 400, 2018 жылы — 207 000 дана журнал шыққан. Яғни, үш жыл бойы журналдардың саны мен сапасы өзгермеген, ал жұмсалатын қаражат өсіп жатыр.

Конкурс жеңімпаздарының да жағдайы қызық. 2018-2020 жылдары журнал шығару конкурсын астаналық «Тауелсіздік-Д» компаниясы жеңіп алған, алайда келесі жылдан бастап тапсырыс алушылар өзгеріп отырған. 2021 жылы журналды «Art Print TRADE» ЖШС, 2022 жылы «Қазақ зағиптар қоғамы» ҚҚ шығарған. Жеңімпаз үнемі ашық конкурс арқылы анықталған, яғни, тікелей таңдалмаған.

Жазылмасаң — демалмайсың

Басылымға бөлінетін көп қаржыға және Polisia.kz журналының таралымына қарамастан, қарапайым қазақстандық азаматқа басылымның бір данасын сатып алу не оған жазылу мүмкін емес. Мұндай қызмет «Қазпошта» қызметінде де жоқ. Әдетте, азаматтар «Egemen Qazaqstan» мен «Казахстанская правда» секілді басылымдарға осылай жазылады. Біз журналды Алматыдағы баспасөз сататын сауда нүктелерінен де таба алмадық. Десе де, оның электронды нұсқасы ашық дереккөзде бар, бірақ бұл туралы кейінірек айтамыз.

Бір қызығы, 2021 жылы Polisia.kz журналы Қазақстандағы оқырмандар ең көп жазылатын топ үш басылымға кіріп, үшінші орыннан көрінген. Екінші және бірінші орындарға «Казахстанская правда» және «Egemen Qazaqstan» газеттері жайғасқан. Exclusive.kz материалында полиция туралы журналға полицейлердің өздері жазылатыны айтылған. Журналистерге мұны ішкі істер органдарының қазіргі де, бұрынғы да қызметкерлері растаған.

Олардың сөзінше, басшылық ІІМ қызметкерлерін ІІО Медиа-орталығы шығаратын газеттер мен журналдарға жазылуға мәжбүрлейтін көрінеді. Бұрынғы қызметкер Арман Ташмағамбетов журналистерге Polisia.kz журналына жазылғаны туралы түбіртексіз еңбек демалысына жібермеген кездер де болғанын айтқан.

Бұл жалғыз мысал емес. Бір жыл бұрын Қазақстан Республикасының виртуалды шағымдар кітабында ШҚО Полиция департаменті қызметкерінің полицейлерді «Сақшы», «На страже» газеттері мен Polisia.kz журналына жазылуға мәжбүрлегені туралы жазбасы пайда болды. Сонымен қатар ол бұл басылымдағы материалдардың актуалды емес екенін де айтқан. Ал 2019 жылы қостанайлық «Наша газета» басылымы WhatsApp мессендері арқылы тарап жатқан скриншотты жариялады. Онда ішкі істер органдарының қызметкерлерін өз ақшасына ведомстволық басылымдарға жазылуға мәжбүрлеп жатқаны айтылған.

Оған жауап ретінде Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі қызметкерлерді газетке жазылуға ешкім мәжбүрлемейтінін, ал олардың «полиция қызметкерлерінің өмірі туралы» жазылатындықтан танымал болып кеткенін айтты. Қайткенмен де, ІІО Медиа-орталығы басылымдарын ерікті-еріксіз түрде полиция қызметкерлерінің өзі алып жатыр деген қорытынды жасауға болады.

Журналда не туралы жазылады?

Журналды сатып алу мүмкін емес екеніне қарамастан, оны онлайн-форматта оқуға болады. Оның сілтемесі polisia.kz сайтында бар. Интернетте журналдың 2020-2023 жылдардағы нөмірлері бар. Басылым материалдарын қарап отырып, оның негізгі мақсаты Қазақстан полициясының жағымды образын қалыптастыру екенін оңай түсінуге болады. Журналдың әр нөмірінде полицияның қылмыспен күресудегі жетістіктері, құқық қорғау органдары жүйесінің инновациясы я болмаса Қазақстан халқына қызмет етудің жарқын үлгілері жазылған. Алайда бірнеше қызық ерекшелік те бар.

2021 жылға дейін журналдың әр нөмірі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың цитатасынан (Мысалдар мына, мына және мына жерде бар) басталған. Сол жылғы қарашадағы нөмірде журналда «Елбасы және Қазақстан — бір тағдыр» деп аталатын мақала шыққан. Алайда Қаңтар қырғынынан кейін авторлар бұрынғы президентті айтуды қойған.

Қаңтар қырғыны тақырыбына да ерекше назар аударылған. 2022 жылғы қаңтарда журналдың нөмірі екінші бетінде «күшімізбірлікте» деген хэштегпен шыққан. Ондағы кейбір мақала былай аталады: «Ұсталғандар халықтан кешірім сұрауға дайын», «Өскемен қалай аман қалды?», «ҰҚШҰ көмегі дер кезінде келді». Журналдың наурыздағы санында авторлар наразылық білдірушілер «патрульдік бөлімшелер мен кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдарға оқ жаудыра бастамағанынша» қауіпсіздік күштері «шерушілерге қарсы күш қолданбағанын» айтады. Наразылыққа шыққандардың өзін бұзақы, қылмыскер және т.б. деп атайды.

Бұдан бөлек, журналда қазақстандық колониялардағы өмір туралы да айтылады. Мысалы, 2022 жылғы ақпанда «Пони Борис психотерапия өткізеді» деген мақала жарияланған. Онда Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/6 әйелдер колониясындағы Борис есімді пони туралы айтылады. Оны жазасын өтеушілерді психотерапиядан өткізу үшін пайдаланылғаны жазылады. Ал келесі айда «Рамкасыз сұлулық» деген тақырыппен материал шықты, онда колонияда өткен сұлулық конкурсы туралы жазылған.

Сонымен қатар журнал авторлары «Ұлттық гвардияның топ бес қызметтік иті», «Аты тергеуші, заты ақын» деген секілді материалдар жазып, журналдың бірнеше нөмірін ақын Абай Құнанбайұлына арнаған.

Сұрақтар

Осыған орай бізде Қазақстан Ішкі істер министрлігіне мынандай сұрақтар туындады:

  1. Журнал көлемі мен таралымының өзгермегенін ескерсек, 2023 жылы Polisia.kz журналына бөлінген қаражатты өсіруге не түрткі болды?
  2. Polisia.kz журналына республикалық мерзімді басылымдар орналасқан сервис арқылы неліктен жазылу мүмкін емес?
  3. Polisia.kz журналы қайда тарайды? Мемлекеттік сатып алу порталында ешбір хабарламада журналды жеткізу мекенжайы жазылмаған.
  4. Журнал полиция департаментінен басқа жерлерде тарай ма?
  5. Полицияның жоғары лауазымды қызметкерлері неліктен қол астындағыларды өз ақшасына ведомство басылымдарына жазылуға мәжбүрлейді?

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz