Журналистерге шабуыл: медиа кеңістіктің күйі нашарлап бара ма?

БАҚ қызметкерлері күні жақындаған сайын, медиа ұйымдар мен журналистер өздеріне ақпараттық және цифрлық шабуылдың жиілегенін бірінен соң бірі хабарлап жатыр.

Маусымның басында қазақстандық Ulysmedia.kz сайтының бас редакторы Самал Ибраева цифрлық шабуылға ұшарағанын хабарлады. Ибраеваның сөзінше, әлдекімдер Kyzdar.net интимдік қызметке арналған сайтта журналистің жалған парақшасын жариялаған. Онда оның суреті, аты-жөні және телефон нөмірі көрсетілген.

«Біз тек халық пен мемлекет игілігі үшін өткір мәселелерді көтеріп жүрген тәуелсіз ақпарат құралымыз. Бізді миллиондаған қазақстандық оқиды және қолдайды, сондықтан олар болған оқиғаны қауіп-қатер және сөз бостандығына қысым көрсету әрекеті деп біледі», – деп жазды Ибраева.

Ulysmedia.kz бас редакторының айтуынша, бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Полицияға хабарласқаннан кейін бес күн өткен соң құқық қорғау органдары мұның киберқылмыс және цифрлық қорлау екеніне келісіп, қылмыстық іс қозғады. Әріптестеріммен осыған ұқсас жағдайды екі жыл бұрын бастан өткердік – кейін президент Тоқаев араласқаннан кейін іс алға жылжыды. Мен де мемлекет басшысының қолдауына сенемін, өйткені журналистерге қарсы мұндай қысым мен қоқан-лоққы ол айтып отырған қағидаларға қайшы келеді деп есептеймін.

Самал Ибраева

Осы жаңалықтан соң мәдениет және ақпарат министрлігі Самал Ибраеваға қарсы арандатушылықты айыптайтыны туралы хабарлады. Мәдениет министрлігі мәлімдемесінде Ибраеваға жасалған шабуылды «жол берілмейтін киберқылмыс» деп атаған.

Министрлік тыйым салынған ресурстарды, бірінші кезекте порнографияны тарататын және интимдік қызметтерді жарнамалайтын ресурстарды бақылауды күшейтетінін және оларды тез арада бұғаттау үшін құзыреті шегінде барлығын жасайтынын атап өтті.

Бұған дейін ақпарат министрлігі мен ішкі істер министрлігі 2023 жылдың аяғында Kyzdar.net сайтын жедел бұғаттау үшін жұмыс тобын құрған-ды. Алайда интимдік қызмет көрсетуге арналған жарнамалар бар ресурс үздіксіз бұғаттауларға қарамастан жұмыс істейді.

Ulysmedia.kz сайтына қатысты жаңалықтан көп өтпей, Orda.kz интернет-порталының бас редакторы Гүлнар Бажкенова ресурсты әлдекімдер тартып алғалы жатқаны туралы жазды.

Orda.kz сайтының жазуынша, ресурс журналистері мен басылымның бас редакторы Гүлнар Бажкенова жарты жылдан бері қудалауға, қоқан-лоққыларға, үнемі қысымға ұшырап келеді. Ақпараттық ресурстың жұмысшыларының мекен-жайына әлдекімдер келіп, өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстырып, көршілеріне журналистерге іздеу жарияланғаны туралы айтады екен.

Журналистерге шабуыл: медиа кеңістіктің күйі нашарлап бара ма?
Гүлнар Бажкенованың қайтыс болғаны туралы жалған ақпараттың скриншоты

Одан бөлек, сайт жұмысшыларының телефон нөмірлері OLX платформасында жарияланған.

Оның үстіне, әлеуметтік желілерде журналистердің фотосуреттері мен деректері жарияланған фейк аккаунттар ашылған. Олардың атынан жалған ақпарат таратылып жатыр, атап айтқанда, бас редактор Гүлнар Бажкенованың қайтыс болғаны туралы ақпарат жарияланған.

«Әлеуметтік желіде “Орданың” аккаунттары бұғатталып жатыр. Ал денсаулық пен өмірге қауіп-қатер жасырын чаттар арқылы келеді. Тәуелсіз БАҚ жұмысын бақылауға алудың сәтсіз әрекеттерінен кейін бас редакторға “Орданы” тәуелсіз деген басқа ақпарат құралдары орналасқан бір орталыққа көшіру ұсынылды. Біз бас тарттық. Сондықтан кейбір ықпалды адамдар заңды тұлғаны “тартып [алмақшы – ред.]”, рейдерлік арқылы басылымды тартып алуды ұйғарған», – дейді Гүлнар Бажкенова.

Orda.kz сайтының жазуынша, осылайша «OrdaMedia.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы, бас редакторы және бас директоры Гүлнар Бажкеновадан құтылып, ықпалды ақпарат құралын әлдекімдер өз қолына алуды көздеп отыр.

Бажкенованың сөзінше, ақпараттық сайт құқық қорғау органдарына шағым дайындап жатыр.

Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл жағдайларға пікір білдіріп, шабуыл жасаушыларды «біздің жау» деп атады. «Бұл жекелеген тәуелсіз журналистердің беделін түсіріп, қорқыту үшін ғана емес, мемлекеттік органдар мен жалпы мемлекетті де қаралау үшін жасалып жатыр. Бұлар іс жүзінде біздің жауымыз», – деді министр журналистерге.

«Обожаю» YouTube арнасының авторы Асхат Ниязов Алматының бұрынғы әкімі Ерболат Досаев туралы сыни жарияланымдарынан кейін оған қарсы шабуыл жасалғанын айтты. Ниязовтың сөзінше, өзінің, әйелінің және әріптестерінің Instagram, Telegram, WhatsApp әлеуметтік желілері жүйелі түрде бұзылған. Сонымен қатар, шабуылдаушылар оның атына 2 мыңға жуық несие рәсімдемекші болған. Әсіресе, Telegram-да және танысу сайттарында журналистің пәтерінің мекенжайы көрсетілген жалған жарнамалары пайда болған. Пәтерге түнде, көбіне мас күйінде бейтаныс адамдар келген.

ҚазТАГ сайтының бас редакторы Әмір Қасенов та «Freedom Holding Corp» құрылымы мен оның негізін қалаушы Тимур Турловқа қатысты агенттіктің жарияланымдарынан кейін шабуылдар мен қысым көрсету әрекеттері туралы хабарлады.

Ғаламторда жеке маған және ҚазТАГ агенттігіне бағытталған жасырын, ашық түрде жасалған жала жабулар қатары таралуда. Бұл материалдарда бірде-бір расталған факті жоқ, бірақ манипуляцияларға, алыпсатарлықтарға және «тапсырыспен жасалған шабуылдар» туралы жасырын айыптауларға толы – мәні бойынша жауап беретін ештеңе жоқтардың классикалық стилі.

Әмір Қасенов

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz