Журналист Жәния Ұранқаеваға үкімет үйіне кіруге шектеу қойылды

Press.kz интернет басылымының тілшісі Жәния Ұранқаеваға үкімет үйіне кіруге шектеу қойылды. Үкіметтің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, журналист “нысан ішіндегі режимді және кіру тәртібін” бұзған, “бірнеше рет жасалған ескертулерді елемеген”. Енді Жәния Ұранқаева осы жылдың соңына дейін үкімет үйіне кіре алмайды.

Журналист өзіне қатысты шешімді “цензура” деп есептейді. Ол өзіне қойылған шектеуді бір апта бұрын, 28 тамызда болған оқиғамен байланыстырған. Өткен айдың аяғында үкіметтің баспасөз қызметі журналистердің жұмыс істеу тәртібін өзгертіп, тілшілерді министрлер жүретін үшінші қабаттан төмен түсіріп, онда көтерілуге тыйым салған. Ұранқаева осы күні жоғары көтерілмек болғанда үкіметтің баспасөз қызметі жолын бөгеген, бірақ тілшінің қағаз жүзіндегі негіздемені көрсету өтінішін орындамаған. Бұдан соң Ұранқаева жоғары көтеріліп, дәлізде бірнеше министрден сұхбат алған. Ол “журналистерді төменгі қабатқа түсірудің артында тілшілер министрлерге сұрақ қоймасын деген мақсат тұр” деп санайды.

Қазақстан журналистер одағы Үкіметтің астаналық журналист Жания Ұранқаеваға қатысты шешімін сынға алды.

“Бұған дейін талқыланған журналистерді аккредиттеу туралы жаңа нормаларға қатысты қауіп ақыры шындыққа айналды. Журналистер кәсіби қызметіне атқару кезінде кедергіге ұшырай бастады”, – деп жазды ұйым мәлімдемесінде.

Factcheck.kz