Youtube фейк видеолардан «бөлісу» батырмасын өшіретінін хабарлады

YouTube компаниясының даму жөніндегі директоры Нил Мохан (Neal Mohan) компанияның дезинформациямен күресуге арналған жоспарын айтты. Жоспарға сай, мамандар жалған ақпарат интернетте аз тарауы үшін алдын ала анықтауға тырысады. Бұл туралы YouTube ресми блогына сілтеме жасап SecurityLab хабарлады.

Қазіргі уақытта YouTube компаниясында дезинформацияны анықтаумен жасанды интеллект жүйесі және модераторлар тобы айналысады. Дегенмен, фейк ақпарат тексерістен оңай өтіп, кез келген видеода жасырылуы мүмкін.

Компанияның биылғы жоспарына сай, видеодаларды желіде кеңінен тарамас бұрын толықтай тексереді. YouTube видеоны жүйелеу функциясын дамытып, жасанды интеллектті дамыту үшін қажетті дерекпен қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, іздеу жүйесінде бірінші тексерілген видео шығады. Бұған қоса, жаңалық туралы айтылған видео болған жағдайда сенімді медиаға сілтеме қойылады.

Екіншіден, алдағы уақытта фейк видеодан «бөлісу» батырмасы жойылып, фейктің тарауын алдын алады.

Бұдан бөлек, мұндай әрекет қолданушының еркіндігін шектеуі ықтимал екені және баланс сақталу қажеттілігі айтылды.

Контекст

Әлемдік фактчекинг одағының пікірінше, интернетте жалған ақпараттың таралуының негізгі арнасы — YouTube. Ал компания дезинформация таралуын алдын алу үшін көп күш салмайды. Бұл туралы 40 елдің 80-нен астам фактчекинг ұйымы қол қойған хатта айтылған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz