Үйдегі карантинде отырғандарға мобильді қосымша жүктеу міндеттеледі

Алматы қаласында және астанада үй карантинінде отырған азаматтарды бақылау үшін мобильді қосымша жүктеп алу міндеттеледі. Ал Алматы полициясы карантин ережесін бұзғандарды бақылау камераларының көмегімен ұстауы мүмкін. Бұл жайлы Медиазона хабарлайды.

Үй карантинінде міндетті түрде отыру керек адам Smart Astana мобильді қосымшасын орнатуға, геолокация, Wi-Fi, Bluetooth бойынша баптауларды қосуға, “Денсаулық” қосымшасы арқылы бақылауға алынуы міндетті. Белгілі бір себептерге байланысты біз адамның белсенділігін бақылап отыруға мүмкіндігіміз бар. Адам үйден 30 метрден артық қашықтыққа кеткен жағдайда, интеграциялау арқылы денсаулық сақтау министрлігіне ақпарат келіп түседі. Адамға себептерін анықтау үшін бейнеқоңырау арқылы байланысамыз

Малика Бектұрова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары 

Оның айтуынша, егер карантиндегі адам күндізгі уақытта телефонын төрт сағат бойы қолданбаса, онда оператор да жағдайды нақтылау үшін бейнеқоңырау арқылы байланысады.

Егер карантиндегі адам телефонын үйде тастап кетіп, көшеге шығатын болса да, “Денсаулық” және “Шагомер” сияқты басқа да қосымшалар арқылы оның белсенділігін бақылап отыру мүмкіндігі бар.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің айтуы бойынша егер адам мобильді қосымшаны жүктеп, нақты тұратын мекен-жайын көрсетсе, онда ол алғашқы болып жылжымалы зертханаларда тестіден өтуге мүмкіндік алады.

Контекст

COVID-19 қарсы күрес үшін азаматтардың геолокациясын қадағалауға жақында Израильдің арнайы билік қызметтеріне рұқсат берді. Мұндай шаралар АҚШ пен Еуропа елдерінде де талқылануда. Алайда олар жаппай бақылау азаматтардың құпиялылық пен жеке өмірді қорғау құқына қайшы екенін алға тартады.

Factcheck.kz