Ресейде “Новое величие” ісіне қатысы бар Вячеслав Крюков босап шықты

Ростове-на-Донудағы №10 түзеу колониясынан “Новое величие” ісі бойынша айыпталушы Вячеслав Крюков босап шықты. Бұл туралы сотталғандарды қолдауға арналған “Новое величие” Telegram арнасында хабарланды.

Адвокат Леонид Соловьевтің айтуынша, Вячеслав Крюков — «Новое величие» ісі бойынша бостандыққа шыққан алғашқы айыпталушы. Ол басқа айыпталушылар сияқты Мәскеуде 2018 жылғы наурызда президент сайлауына бірнеше күн қалғанда ұсталған. Ол уақытта Вячеслав Крюков Геленджик қаласынан Мәскеуге келіп, Ресей мемлекеттік әділет университетінің екінші курсында оқитын 19 жастағы студент еді. Алайда ұсталғаннан кейін оны оқудан шығарған.

2020 жылы Крюков Қылмыстық кодекстің 282.1-бабының 1-бөлігі бойынша «экстремистік қоғамдастық құрды” деген айыппен алты жылға жалпы режимдегі колонияға қамалды. Тағы үш айыпталушыға нақты мерзімдер тағайындалса, басқа бесеуі шартты түрде сотталды.

Тергеушілердің пікірінше, «Новое величие» қозғалысы халық көтерілісін ұйымдастыруды, революция әрекетін жасауды және Ресейдің қазіргі жүйесін құлатуды мақсат еткен. Оларға мұндай айып тағуға Руслан Д.-ның куәгерлігі негіз болған.

Алайда тергеу барысында айыпталушылар чаттарда тек саясатты талқылағанын, рұқсат етілген наразылық акцияларына қатысқанын айтты. Оған қоса алғашқы жауап алу кезінде Руслан Костыленковтан басқалары билікті төңкеруді мақсат етпейтінін, мұндай нәрсе болуы мүмкін екеніне сенбейтінін жеткізді.

Студент Крюков қамауға алынғанынан бері тергеу изоляторында отырды. Тергеу кезінде ол бұлтартпау шарасын жұмсартуды талап етіп, аштық жариялап, Костыленковпен бірге сотта тамырын кескен.

Factcheck.kz