Полицияның белсенді Байболат Күнболатұлына күш қолданғаны хабарланды

Алматыда Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүрген топ белсендісі Байболат Күнболатұлына полицияның ұстау кезінде күш қолданғаны хабарланды. Алматы тұрғыны Гаухар Құрманалиеваның сөзіне қарағанда, 8 сәуірде күндіз белсенді және тағы бірнеше адам Қытай консулдығы маңында наразылық білдірген. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

“Жаңа Халида апа хабарласып, Байболат Күнболатұлының Медеу аудандық полиция басқармасында көліктің ішінде жатқанын айтты. Әлі есін толық жинамаған. Не жедел жәрдем көлігі келмей жатыр. Полиция ұсталғандардың әрқайсысын әр жаққа алып кеткен” деді Гаухар Құрманалиева. Ол жұма күні наразылыққа шықпағанын айтты.

8 сәуірде кешке Азаттық тілшісі Медеу аудандық полициясына хабарласқан кезде кезекші бөлімде отырған өзін полиция капитаны деп таныстырған Әсембеков есімді қызметкер басқа нөмірге хабарласу қажеттігін айтты. Ал ол берген нөмірлер жауап бермеді.

Контекст

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде “жазықсыз қамалған немесе бостандығы шектелген” туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап еткен топ 2021 жылдың адам ақпан айынан бері Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында наразылық акциясын өткізіп келеді. 8 сәуірде олардың акция өткізгеніне 425 күн болды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz