Петропавлда журналиске имаммен сұхбаты үшін айыппұл салынды

Петропавлда журналиске имаммен сұхбаттасқаны үшін 153 мың 150 теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.

Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты журналист әрі қалалық мәслихат депутаты Руфия Мұстафинаға “Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу” бабы бойынша айыппұл салу туралы шешім шығарды. Алайда Руфия Мұстафина сұхбатта респондентпен Құрбан айт мерекесі жөнінде ғана әңгімелескенін айтады.

Маған діни мазмұндағы материалдарды таратқаным үшін айыппұл салынды. Сот төрешісі өз басылымымның сайты мен әлеуметтік желісіне жариялаған материалды діни сипатта деп тапты. Бұл сұхбатта бас имам Құрбан айт мерекесі, оған қатысты дәтүрлер туралы ғана әңгімелейді. Сонымен қатар, менің қолымда екі сараптама бар, олардың қорытындысы бойынша сұхбатта таратуға кедергі келтіретін ештеңе жоқ.

Руфия Мұстафина, журналист әрі қалалық мәслихат депутаты

Осы іске қатысты екінші сот отырысына дін істері басқарамасының маманы да қатысқан. Ол судьяға имамның рұқсатымен осындай мазмұндағы материалды таратуға болатынын түсіндірген.

Ал журналистің сөзінше, имам сұхбатқа өз еркімен келіскен. Оның үстіне шілдеде, материал жарияланған кезде оған ешкім наразалық білдірмеген. Тіпті қаланың ішкі саясат бөлімінің басшысы және қала әкімінің баспасөз қызметі материалды бөліскен.

Мұстафина сотқа аппеляция шағымын және судьяның үстінен шағым түсірмек. Ол тек журналист емес, депутат ретінде де бұл істі аяғына дейін жеткізіп, мән-жайды анықтайтынын айтады.

Осы бап бойынша тағы 22 адамға айыппұл салынған екен. Меніңше, бұл — абсурд. Мен қазақстандықтар өз құқықтарын қорғауы үшін және осындай проблемаға тап болмасы үшін осы істі жария еткім келеді. Өйткені, біз заңсыз нәрсе насихаттаған жоқпыз.

Руфия Мұстафина, журналист әрі қалалық мәслихат депутаты
Factcheck.kz