NYT: Киев Ресей әскеріне тойтарыс берген соң, Буча кек алатын орынға айналған

11 сәуірде The New York Times газеті (NYT) Бучада өлтірілген бейбіт тұрғындар туралы репортаж жариялады.

NYT ондаған адамның өлтірілген орны мен уақытын анықтаған. Сонымен бірге, Буча тұрғындарын Ресей әскері өлтіргенін растаған куәгерлермен сұхбаттасып, мәйіт табылған жерлерді белгілеп, интерактивті карта жариялады.

Бұдан бөлек, журналистердің мәліметінше, қала Ресей бақылауында болған кезде Бучадағы бейіттен 100-ден астам мәйіт шығарылған.

Басылымның жазуынша, Киев Ресей әскеріне қарсы табанды тойтарыс берген соң, Буча қаласы террор мен кек алатын орынға айналған. Буча тұрғындарын әдейі өлтіру және кек алу мақсатында азаптау фактілері құжатпен сақталған. Бұған қоса кемінде 15 адам қолы байлаулы күйде оққа ұшқан.

Куәгерлердің айтуынша, Бучаның көптеген тұрғыны еш себепсіз, жай ғана көшеге шыққаны үшін атылған. Бұдан бөлек, NYT хабарлауынша, алты адам жергілікті қарттар үйінде аштықтан қайтыс болған.

Контекст

  • Бұған дейін The New York Times Бучадағы видеолар мен спутниктен түсірілген суреттерді зерттеп, қала көшелеріндегі бейбіт тұрғындардың мәйіті наурыздың ортасында, яғни, Ресей әскері Украинадан кетпес бұрын пайда болды деген қорытындыға келді.
  • Украина «бейбіт тұрғындарды ресейлік әскерилер өлтірді және бұл геноцид дәлелі» десе, ресейлік тарап біресе «қала көшелеріндегі мәйіттер жасанды» деп, біресе «қала тұрғындарының өліміне Украина Қарулы күштері кінәлі» деп түрлі ақпарат таратты. Буча қырғынына байланысты мәлімдемелер мен фактілерді тексеруге қатысты шолу материалды оқуға кеңес береміз.
Гүлнұр Бітіс