Миллиардер Юрий Мильнер Ресей азаматтығынан бас тартты

10 қыркүйекте израиль-ресейлік миллиардер Юрий Мильнер Ресей азаматтығынан бас тартқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол өзінің Twitter парақшасында жазды.

Юрий Мильнер — 1999 жылдан бастап Израиль азаматы. DST Global сайтындағы ақпаратқа сәйкес, ол 2014 жылдан бері Ресейге бармаған.

2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап алғаннан кейін отбасымызбен Ресейден біржола кеттік. Ал осы жазда біз Ресей азаматтығынан шығуды ресми түрде аяқтадық.

Юрий Мильнердің Twitter парақшасынан

Юрий Мильнер — DST Global интернет-инвестиция фирмасының негізін қалаушы. Оған қоса ол Alibaba және JD.com (9618.HK) электрон коммерция платформалары сияқты қытайлық технология компанияларына инвестиция құю арқылы жетістікке жеткен.

Қазір Мильнердің Ресейде мүлкі жоқ, оның жеке байлығының 97%-і елден тыс жерде. Оған қоса Юрий Мильнер Ресей президенті Владимир Путинмен жеке де, топпен де ешқашан кездеспеген.

Factcheck.kz