Ресейде Ярославль және Тула облысында түрмеде жазасын өтеп жатқан тұтқындар “Медиазона” журналистеріне Украинадағы соғысқа қамауда отырған тұтқындарды қалай тартып жатқанын айтты. Тұтқындағылар соғысқа үгіттеген адамды Евгений Пригожинге ұқсатты.
Олардың айтуынша, орта бойлы үгіттеушінің кеудесінде “Ресей батыры” деген жұлдызшасы бар. Ол тұтқындарға “егер соғысқа қатысқан жағдайда ақша төленетінін, түрмеден босап, сотталғаны кешірілетінін” айтқан.
Медиазона дерегінше, тұтқындар соғысқа үгіттеген адамды Путин жанындағы адамдардың бірі Евгений Пригожинге ұқсатқан. Медианың жазуынша, Пригожин “Вагнер” жеке әскери тобымен байланысы бар кәсіпкер.
Пригоженге ұқсайтын үгіттеуші тұтқындағыларға соғысқа баруға келіскен жағдайда ай сайын 100 мың рубль (шамамен 715 000 теңге) және дәл сол мөлшерде сыйақы беруге уәде берген. Сонымен қатар, егер “ерлікпен қаза тапқан жағдайда” тұтқындардың отбасына 5 млн рубль (шамамен 35 750 000 теңге) төленетінін айтқан.
Бұдан бөлек, соғыста қаза табу ықтималдылығын 15%-ке, ал жаралану 25% екенін мәлімдеген. Үгіттеуші өзінің әскери тобы “Африка елдерінде екі күн ішінде тірі ешкімді қалдырмағанын және Украинада жаудың тас талқанын шығарып жатыр” деп мақтанған.
Тұтқынның айтуынша, үгіттеушінің ұсынысына келіскен шамамен 100-150 адамнан “шабуыл жасағы” құрылады.