Lensa қолданбасы: алгоритм мәселесі мен авторлық құқықтың бұзылуы

Желтоқсанның басында Lensa қолданбасы жақсы танылып, Қазақстандағы ең табысты, АҚШ пен Ұлыбританиядағы ең көп жүктелген AppStore-дағы қолданба болды. Онда пайдаланушы 10-20 селфиін жүктеп, бірнеше доллар төлеп, нейрон желісі жасаған әртүрлі стильдегі портретін ала алады. Дүниежүзіндегі миллиондаған адам, оның ішінде әйгілі азаматтар нейрожелі жасаған фотоларын әлеуметтік желісіне салды. Дегенмен компьютерлік қауіпсіздік сарапшылары мен өнер қауымдастықтары қолданбаны сынға алды.

Lensa қолданбасы: алгоритм мәселесі мен авторлық құқықтың бұзылуы

Жеке мәліметтер

Қолданбаға суретін жүктейтіндерге төнетін ең басты қауіп — цифрлық деректердің ұрлануы және суреттің рұқсатсыз пайдаланылуы. Цифрлық қауіп жөніндегі аналитик Александр Вураско Lenta.ru-ға бұдан көбіне медиадағы танымал адамдардың жапа шегетінін айтты: “Дипфейк технология немесе жалған аккаунт ашып, өзгенің атынан біреуге, мысалы достарына ақша аударуын өтініп жазуы мүмкін”.

Ал TechCrunch интернет-басылымының журналистері Lensa алгоритмін оңай алдауға және үшінші тұлғалардың фотосуреттерінен эротика кескіндерін жасауға болатынын анықтады. Lensa авторлары эротика мазмұнындағы контентті цензураға түсіретін сүзгілерді іске қосумен айналысып жатқанын мәлімдеді.

Александр Вурасконың айтуынша, Lensa — қолданушылардың жеке деректері қылмыстық мақсатта пайдаланылуы ықтимал қолданбаның бірі. Сол себепті сарапшылар жеке мәліметтерді қажет ететін кез келген қолданбаны пайдалануда сақ болуға кеңес береді. Lensa-ға келсек, сарапшылар дүрбелең тудырмай, тәуекелдерді өлшеу керек екенін айтады — қолданбаны әзірлеушілер нарықта ұзақ уақыт жүргендіктен аса күмән тудырмайды, десе де жеке деректердің тарап кету ықтималдығы жоқ емес.

Авторлық құқық

Бұдан бөлек, Lensa-ны әзірлеушілер авторлық құқықты бұзды деп айыпталды.

Қолданба Pinterest, Shutterstock, Getty Images, Deviantart және Flickr-ден алынған суреттердің үлкен массивінде үйретілген Stable Diffusion жасанды интеллекті бойынша жұмыс істейді. Осы және басқа ресурстардағы көптеген жұмыс авторлық құқықпен немесе арнайы белгімен қорғалған.

Stable Diffusion — кез келген адам суретін жасау үшін тегін пайдалана алатын ашық коды бар коммерциялық емес жоба. Ал коммерциялық емес жобада суретті қолдану авторлық құқық мәселесін айналып өтуге мүмкіндік береді. Алайда Lensa пайда табу үшін Stable Diffusion-ның толық аяқталған нұсқасын пайдаланады. Компания тек қарашада 2 миллион доллар табыс тапқан. Алайда жасанды интеллект портретті басқа фотоның негізінде жасайды. Сәйкесінше суреттің алғашқы нұсқасындағы авторлық стиль сақталады. Тіпті кейбір суретші Lensa-дағы өзгелердің аватарынан өз жұмысын байқағанын айтқан. Әлеуметтік желі қолданушылары да жасанды интеллектің кей портретінде түпнұсқа авторларының қолтаңбалары мен арнайы белгілерінің қалдықтары сақталып қалғанын хабарлаған.

Осыған байланысты көптеген суретші Lensa әзірлеушілері туындыны рұқсатсыз, автордың аты-жөнін көрсетпей және өтемақысыз пайдалану арқылы авторлық құқықты бұзғанын айтады.

Ал кейбір өнер қауымдастығы авторлар шығармаларын өзгерлердің қолданғанын қаламаса, ашық кеңістікке жарияламауы қажет деп санайды.

Әртүрлі адамның жұмысы қолданылып, бейімделетіні рас. Бірақ суретшілер ғасырлар бойы бір-бірінен идея ұрлап келеді. Қазірдің өзінде “плагиат” деп айыпталмас үшін суретті қаншалық өзгерту керек екенін айту да қиын. Бұл шекараны өзіміз қоюымыз керек.

Алекс Хэнди, Калифорниядағы өнер және цифрлық ойын-сауық мұражайының негізін қалаушы

Пікір білдірушінің көбі технологияның деректерді қорғау заңнамасына қарағанда әлдеқайда жылдам дамып келе жатқанымен келіседі. Бұл нейрон желілері мен оларға негізделген бағдарламалардың қызметі үлкен этика және құқықтық мәселеге тап болатынын көрсетеді. Ал әлемдік қауымдастықтар жасанды интеллектіні қолдануға байланысты тағы да көптеген дауды шешуге мәжбүр болады.

Factcheck.kz