Иранда екі ЛГБТК+ белсендісі өлім жазасына кесілді

Иранның Батыс Әзербайжан провинциясының соты екі ЛГБТК+ белсендісіне шариғат бойынша «жер бетінде азғындық таратты» деген айыппен өлім жазасын тағайындады. Бұл туралы Hengaw құқық қорғау ұйымына сілтеп BBC хабарлады.

Құқыққорғаушылардың айтуынша, әйелдерді сексуал ориентациясына байланысты өлім жазасына кесу Иран тарихында бірінші рет болып тұр. Бұған қоса оларға христиан дінін таратуына және оппозициялық медиамен байланысына қатысты айып тағылған.

Айыпталушылар — 31 жастағы Заре Седигхи Хамедани және 24 жастағы Эльхам Чубдар. Осы іске қатысты ақпарат беріп отырған Hengaw ұйымының құқыққорғаушысы халықаралық қауымдастықтардан Иранға қысым көрсетуін және үкімінен бас тартуға ықпал етуін сұрап отыр.

Айта кетейік, айыпталушының бірі Заре Седигхи Хамедани осыдан екі ай бұрын Түркия арқылы Ираннан кетпек болған кезінде ұсталған. Белсендіні екі айға жуық оқшауланған камераға қамаған.

Иран сот билігі екі ЛГБТК+ белсендісіне қатысты үкімді растады.