Эстония мен Латвия парламенті Украинадағы соғысты геноцид деп таныды

Эстония мен Латвия парламенті Ресейдің Украинаға қарсы соғысын геноцид деп таныды. Бұл туралы Deutsche Welle сайты хабарлады.

21 сәуірде Эстонияның заң шығарушы органы Рийгикогу Ресейдің Украинадағы әскери қылмыстары мен геноцидке қатысты құжатты бірауыздан қабылдады.

Құжатта Ресей тарапы Украинаның бейбіт тұрғындарына қарсы геноцид жасағаны айтылған.

Ресей Федерациясы бейбіт тұрғындарға қарсы, оның ішінде уақытша басып алынған аумақтарда — Буча, Бородянка, Гостомель, Ирпень және Мариуполь қалаларында, сонымен қатар, Украинаның көптеген елді мекенінде геноцид актілерін жасады. Олар кісі өлтіру, ұрлау, депортация, бас бостандығынан айыру, азаптау, зорлау, сонымен бірге, мәйіттерді қорлаудан тұрады.

Құжаттан үзінді.

Бұған қоса, осыған ұқсас құжатты Латвия парламентінің депутаттары да қабылдады. Депутаттар Ресейдің Украинаға басып кіруін ел егемендігі мен шекаралық тұтастығын бұзу деп бағалады.

Сеймнің (Латвияның бір палаталы парламенті) Сыртқы істер комитетінің төрағасы Рихард Колстың айтуынша, Еуропа жүрегі Украинада геноцид болып жатыр.

Латвияның бір палаталы парламентінің қабылдаған түзетуіне сәйкес, Ресейдің Украинадағы соғысын қолдайтындарды Латвия азаматтығынан айырылуы мүмкін.

Контекст

  • Бұған дейін The New York Times Бучадағы видеолар мен спутниктен түсірілген суреттерді зерттеп, қала көшелеріндегі бейбіт тұрғындардың мәйіті наурыздың ортасында, яғни, Ресей әскері Украинадан кетпес бұрын пайда болды деген қорытындыға келді.
  • Украина «бейбіт тұрғындарды ресейлік әскерилер өлтірді және бұл геноцид дәлелі» десе, ресейлік тарап біресе «қала көшелеріндегі мәйіттер жасанды» деп, біресе «қала тұрғындарының өліміне Украина Қарулы күштері кінәлі» деп түрлі ақпарат таратты.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz