БҰҰ: Әлемде миллиондаған бала нәсілшілдіктен зардап шегіп отыр

Дүниежүзіндегі балалар ұлтына, тіліне және дініне байланысты нәсілшілдік пен дискриминацияға ұшырап жатыр. Ал бұл мәселе кедейлік пен теңсіздіктің өсуіне әкелді. Бұл туралы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) жаңа есебінде баяндалған.

Есеп авторларының сөзінше, нәсілшілдік пен дискриминация балалардың денсаулығының, тамақтануының және білімінің нашарлауына әкеледі. Сонымен қатар әділ және тең сот төрелігі жүйесіне қол жеткізуіне мүмкіндік бермейді. Ал дұрыс білім мен тамақтанудан айырылған балалардың түрмеге қамалуы, жұмыссыз және баспанасыз қалуы ықтимал. Оған қоса кемсітушіліктің құрбаны болған жасөспірім қыздар арасында ерте некеге тұру, жүкті болу көрсеткіштері жоғары.

Мысалы, Америка Құрама Штаттарында қара нәсілді балалардың ақ нәсілді балаларға қарағанда сабақтан шеттету ықтималдығы төрт есе, ал қамауға алу ықтималдығы екі есе көп

ЮНИСЕФ қолдауымен зерттеу жүргізілген. Оның нәтижесінде табысы төмен не орташа 22 елдегі маргиналданған этникалық, тілдік және діни ортадан шыққан балалардың оқу дағдылары бойынша қатарластарынан әлдеқайда артта қалғаны анықталған. Сол себепті ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры Кэтрин Рассел дүниежүзі азаматтарын барлық елдегі, қоғамдағы, мектеп және үйдегі балаға қатысты кемсітушілікке қарсы күресті қолдауға шақырды.

Жүйелі нәсілшілдік пен дискриминация салдарынан балалар көптеген мүмкіндіктен айырылады және оқшауланып қалады. Әрбір баланың құқығын қорғау — гүлденген әрі әділ әлемді құрудың дұрыс әдісі.

Кэрин Рассел, ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры
Factcheck.kz