БҰҰ: 50 миллион адам құлдықта

Кейінгі бес жыл ішінде еңбек құлдығында және мәжбүрлі некеде тұратын адам саны 10 миллионға өсті. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) өз есебінде мәлімдеді.

Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ), Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) және Walk Free халықаралық құқық қорғау ұйымы 12 қыркүйекте бірлескен есебін жариялады. Құжатқа сәйкес, 2016 жылдан бері құлдықтағы адам саны 25%-ке өскен: 28 миллион адам мәжбүрлі жұмыста, тағы 22 миллион адам еркінен тыс некеге тұрған.

Зерттеушілердің мәліметінше, мәжбүрлі еңбекке тартылғанның басым бөлігі Азия-Тынық мұхиты аймағында 15,1 миллион адам, Еуропа мен Орталық Азияда 4,1 миллион, Африкада 3,8 миллион, Америкада 3,6 миллион, Араб елдерінде 0,9 миллион адам тіркелген.

Жағдайдың түзелмей жатқаны таңғалдырады. Адамның мұндай негізгі құқықтарының бұзылуын қалай болса да ақтау мүмкін емес.

Гай Райдер, Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры

Есеп авторларының айтуынша, адамдарды зорлық-зомбылықпен қанау әлемнің барлық дерлік елінде тіркелген. Дегенмен барлық құлдықтың жартысынан көбі және мәжбүрлі некеге тұрудың төрттен бір бөлігі табысы орташа деңгейден жоғары мемлекеттерде болған. Сонымен бірге басқа ересек жұмысшыларға қарағанда мигранттар үш есе көп «құлдыққа» ұшырайды.

Құлдық құрбанының көбі — мигранттар

Зерттеушілер мигранттардың заңсыз басқарылатын көші-қон жүйесі, жұмысқа қабылдау ережелері мен этикасын бұзу салдарынан адам саудасының құрбаны болатынын жазған.

Мигранттардың мәжбүрлі еңбек пен адам саудасына осалдығын азайту ең әуелі ұлттық саясат және құқықтық негіздерді қамтамасыз ететін көші-қон процесінің барлық кезеңіндегі адам құқығы мен негізгі бостандықтарының сақталуына байланысты.

Антонио Виторино, Халықаралық көші-қон ұйымының бас директоры

Мәжбүрлі неке де — құлдық

Зерттеушілердің мәліметінше, 2021 жылы 22 миллион адам мәжбүрлі некеде өмір сүрді, бұл бес жыл бұрынғыдан 6,6 миллионға көп. Дегенмен авторлар 16 жасқа толмаған балаларды қоса есептегенде мәжбүрлі некедегілердің нақты саны әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін ескертті. Мұндай құлдық түрі көбіне патриархал көзқарас пен дәстүрге байланысты. Мәселен, мәжбүрлі некеде тұратындардың 85%-інен астамына туыстарының қысымы әсер кеткен.

Мәжбүрлі түрде некеге тұру жағдайының үштен екісі (65%) Азия-Тынық мұхиты аймағында тіркелген. Араб мемлекеттерінде әрбір 1000 адамның бесеуі некеге тұруға мәжбүр, бұл — дүниежүзіндегі кез келген аймақтағы ең жоғары көрсеткіш.