Астанада әлеуметтік желіні бұғаттауға мүмкіндік беретін заңға қарсы митиң өтті

Сенбі күні Нұр-Сұлтанда әлеуметтік желілерді бұғаттауға мүмкіндік беретін заң жобасына қарсы рұқсат етілген митиң өтті. Оған шамамен жүз шақты адам жиналды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Наразылық акциясына қатысушылар “Әлеуметтік желіні пайдаланғым келеді және пайдаланамын” (Хочу и буду сидеть в соцсетях), “Еркіндік құқығы”, “Әлеуметтік желіні бұғаттауға қарсымыз” деген жазуы бар плакаттар болды.

Наурыздың басында мәжіліс құқық қорғаушылар мен медиа қауымдастықтың алаңдаушылығын туғызған аталған заң жобасын (ресми атауы – “Бала құқықтарын қорғау, білім, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы”) мақұлдап, сенатқа жіберген еді. Жоба авторлары “құжат балаларды кибербуллиңнен қорғайды” деп мәлімдеген.

2 сәуірде митиңде сөйлегендер заң жобасы билікке әлеуметтік желілерді бұғаттауға мүмкіндік беріп, олардың қызметін шектеуге жағдай жасайды деп мәлімдеді. Митиң модераторы Әсем Есқабыл “Facebook, Instagram және өзге де әлеуметтік желілердің кибербуллиңмен тиімді күресетін құралдары бар, бізге мұндай заң жобасының қажеті жоқ” деді.

Контекст

  • Қазақстанда әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің жұмысын шектеуге мүмкіндік беретін түзетулерді қабылдаудан бас тарту жөнінде петицияға қол жинау басталды. Әзірге шамамен 6000-нан астам адам петицияға қол қойды.
  • Біз Сарым-Закиева түзетулері деген атаумен танылған дәлелі әлсіз заң жобасы туралы былтыр да жазған едік. Биыл сол заң Сенаттың қарауына жетті. Бұл, шынтуайтынында, алаңдарлық жағдай. Екі кезең ғана қалады, содан кейін жағымсыз өзгерістер басталуы мүмкін.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz