Апта шолуы: Қазақстандағы білім деңгейіне фактчек, балалар вакцинадан көп өле ме?

Осы аптада Factcheck.kz бірнеше депутаттық сауал мен әлеуметтік желіде тараған ақпараттарды тексерді. Әдеттегідей жарияланған материалдарға бірге шолу жасайық.

Фактчек | Балалар вакцинадан 52 есе көп өле ме?

Мессенжерлер мен сайттарда «COVID-19-ға қарсы вакцина салдырмаған балаларға қарағанда вакцина салдырған балалар арасында өлім-жітім 52 есе көп» деген ақпарат тарады. Материалда дерек Ұлыбританияның Ұлттық статистика басқармасынан (ONS) алынғаны жазылған. Factcheck.kz бұл ақпаратты тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Ұлттық статистика басқармасы [өзі білместен] Covid-19 вакцинасын салдырмаған балаларға қарағанда вакцина салдырған балалардың өлу ықтималдығы 52 есе көп екенін анықтады.

The Daily Exposé 

Үкім: Жалған және манипуляция

Несі жалған: Ұлыбританияның Ұлттық статистика басқармасы 2021 жылғы 1 қаңтар — 31 қазан аралығындағы «Вакцина салу деңгейі бойынша Сovid-19-дан өлу» көрсеткішін жариялаған. Материалда вакцина салдырған балалар арасындағы өлім-жітім көп екені туралы сөз айтылмайды. The Daily Exposé секілді деректерді бұрмаламаса, жарияланған құжаттан мұндай көрсеткіш шықпайды.

Несі манипуляция: The Daily Exposé қастандық теориясына сүйене ақпаратты бұрмалайтын сайт. Автор формуланы шығару кезінде санау жүйесі, іріктеу мөлшері және 10-19 жас аралығындағы вакцина алғандардың проценті секілді вакцина салу әдіснамасы мен статистикалық деректерді елемеген. Толығырақ мына сілтемеде.

Қазақстан «білім деңгейі жоғары» елдер рейтиңіне енді ме?

Бірнеше қазақстандық медиа «Қазақстан білім деңгейі жоғары елдер рейтиңіне енді» деген ақпаратты бөліскен. Рейтиңде US News & World Report компаниясы жасаған, «тізімде» 78 ел бар, ал Қазақстан 71-орында тұр. Бұл қандай рейтиң екенін Factcheck.kz сайты тексеріп көрді.

Қазақстан «білім деңгейі жоғары» елдер рейтиңіне енді.

БАҚ

Үкім: Шындық және Манипуляция 

Шындығы мынада: US News & World Report компаниясы расымен «білім деңгейі жоғары» елдер рейтиңін жүргізген, Қазақстан 78 мемлекеттің ішінде 71-орында тұр.

Манипуляциясы мынада: Бұл медиа-компания рейтиңіне әлемнің барлық елдері немесе БҰҰ-на қарасты мемлекеттер кірмейді. Бірақ бұл маңызды емес. Мәселе мынада, рейтиң білім деңгейін емес, азаматтардың осы мемлекеттерде оқуға қол жетімділігі мен білім алу мүмкіндігін бағалайды. Толығырақ мына сілтемеде.

Фактчек | Егін судың 90%-ін оңтүстік өңірлер пайдалана ма? 

10 ақпанда өткен сенат отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы суға қатысты мәселе қозғап, дерек келтірген. Factcheck.kz сенатор сөзі қаншалықты шындыққа келетінін тексерді. 

Мәлімдеме: Еліміздегі егін судың 90 пайызын оңтүстік өңірлер пайдаланады.

Мұрат Бақтиярұлы

Үкім: Шындық 

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, 2020 жылы (ең кейінгі дерек) суаруға, суландыруға және ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуге пайдаланылған су көлемі 12 361 млн текше метр болған, оның ішінде оңтүстік өңірлер (Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы облысы мен Шымкент, Алматы қаласы) 10 948 млн текше метр суды пайдаланған. Бұл жалпы көрсеткіштің 88,57%-і. Толығырақ мына сілтемеде.

Басқа жарияланған материалдар 

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz