Жұмыстағы харассмент: өзімізді қайтсек қорғаймыз?

Бұған дейін 2019 жылғы жұмыстағы жыныстық бопса мен зорлыққа қатысты Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) конвенциясы күшіне еніп, оны бірнеше ел ратификациялағанын жаздық. Алайда ол елдер қатарында Қазақстан жоқ. Конвенция еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалаудың, соның ішінде жынысына қарай бопсалаудың алғашқы халықаралық анықтамасын береді.

Көп елдегі мәлімет бойынша, жыныстық бопсалау, секспен байланысты алалаушылықтан қорғану шаралары туралы халықтың білім деңгейі өте төмен болып қана қоймай, сонымен қатар қоғам тарапынан мұндай түсінікті қабылдамау байқалады. Ал басқа елдерде, қысым алалау ретінде емес, кемсітушіліктің жалпы түрі немесе ұйымдасқан қудалау ретінде қабылданады.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, жыныстық бопсалау әлемде кең тараған құбылыс, оның ішінде еңбек пен білім беруде көбірек кездеседі. Азия елдерінде (Жапонияда, Малайзияда, Филиппинде және Оңтүстік Кореяда) жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша, әйелдердің 30-40%-і жұмыс орнында сексуал харассменттен зардап шегеді.

Қазақстанда жүргізілген екі сауалнаманың нәтижесі бойынша, адамдар, жалпы, жұмыстағы жыныстық бопса әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың бір формасы екенін түсінеді. Сексуал харассментің көп тараған түрі ретінде келесілер аталады: қалаусыз тиісу, жыныстық сипаттағы вербал пікірлер, секске шақыру, алалау белгілері бар ескертулер мен ұзақ қадала қарау. Алайда сауалнамағы қатысқан қазақстандықтардың 25%-і сексуал харассментті көріп тұрса да ештеңе істемейтінін (гендерге бөлсек, еркектердің 55%-і, әйелдердің 10%-і) айтқан.

Жұмыс орнындағы қудалаудың заттай дәлелі болуы немесе болмауы мүмкін. Не болып жатқанын түсіну, сізге осы тақырыпты талқылағанда көмектеседі. АҚШ-тағы жұмысқа орналасудың тең мүмкіндіктер жөніндегі комиссиясының деректері бойынша, бұрыс мінез-құлыққа қорлайтын әзілдерді, тіл тигізуді, эпитеттер мен физикалық шабуылдарды не қорқытып-үркітуді, мазақ етуді, қорлайтын заттар я суреттерді, сондай-ақ еңбек өнімділігіне араласуды жатқызуға болады. Жыныстық бопсалау түрлі кезде болуы мүмкін, оның ішінде келесідей жағдайлар да бар:

  • Құқық бұзушы жәбірленушінің жетекшісі, басқа саладағы бастығы, жұмыс берушінің агенті, әріптесі немесе мүлде қызметкері болмауы мүмкін;
  • Жәбірленуші қудалауға ұшыраған адам болуы міндетті емес, бірақ қорлайтын мінез-құлықтан зардап шеккен кез-келген адам болуы мүмкін;
  • Заңсыз қудалау экономикалық зиянсыз я жәбірленушіні жұмыстан шығармай-ақ болуы мүмкін.

Мәселені шешу жолдары мен кедергілері

Жыныстық бопсамен күресудің қиындығы — жәбірленуші өздерін қауіпсіз сезініп, мұндай іс-әрекет туралы хабарлайтындай жүйеге сенетін механизм құрылуы керек.

Ероодақтың 28 елінің тұрғындарына жүргізілген сауалнама мемлекеттің халықты қорғау жүйесінің жеткілікті деңгейде сенімді еместігін көрсетті: әйелдердің тек 4%-і ғана полицияға жүгінген; әйелдердің 4%-і жұмыс берушімен не басшысымен сөйлескен және 1%-тен азы адвокатпен, жәбірленушіні қолдау ұйымы немесе кәсіподақ өкілімен кеңескен. Басынан өткен ауыр жағдай туралы айтқан әйелдердің жалпы санынан 35%-і бұл туралы үндемеуді жөн санап, ешкіммен сөйлеспеген, 28%-і досына/құрбысына айтқан, 24%-і отбасы мүшесіне немесе туысқанына және 14%-і серіктеске хабарлаған.

Мұндай деректер жұмыстағы жыныстық бопсаның алдын алу үшін іс-әрекет алгоритмін құру кезінде кім жәбірленуші болуы мүмкін, олар өзін қалай ұстайды, өзін олай ұстауына не әсер етті, қандай шара жағдайды өзгерте алады деген сауалдарға жауап табуға көмектеседі.

Жоғарыда айтылған көрсеткіштерді ескере отырып, сексуал харассменттің алдын-алу үшін келесі шаралар ұсынылады:

  • Сексуал харассмент туралы білімді арттыру. Оның ішіне жәбірленуші қайда, қалай шағымдана алатыны, зардап шегушіден бөлек, басқа жұртшылық та жыныстық бопсаның не екені туралы білуі керек;
  • Гендерлік стереотиптерді жою шаралары қажет;
  • Қорғау жүйелері туралы жәбірленушілердің өзі жиі білмейтіндіктен, осы шараларды да қолға алу;
  • Жыныстық бопсаның алдын-алуға жұмыс берушілер де белсенді араласуы қажет;
  • Сексуал харассмент гендерге қатты байланысты болғандықтан, осы тақырыппен айналысатын институттарға гендермен жұмыс істеуге бейімдеу және жәбірленушілердің қорғау жүйесіне сенімін арттыру қажет.

Алайда Қазақстанда тиісті механизмдер жеткілікті жұмыс істемейтіндіктен не мүлде жоқ болғаны үшін харассментті тану мен өз-өзіңізді қорғау маңызды. Біз бұған дейін харассменттен өзіңізді қорғау амалдары туралы жазғанбыз, енді арнайы жұмыс орнында қорғануға арналған нұсқаулықты ұсынамыз:

  • Харассмент болған уақытты, жерді, адамның аты-жөнін, куәгер болса оны да жазып отырыңыз. Жағдайды барынша нақты суреттеуге тырысыңыз;
  • Харассменттен барынша аулақ болыңыз, ұнамаса — төзбеңіз. Агрессорға мұндай қылықтың ұнамайтынын, бұның харассмент екенін бірден айтыңыз. Мұны барынша қарапайым әрі қысқа сөйлеммен жеткізген дұрыс;
  • Егер сіз жыныстық бопсаға ұшырасаңыз басқа адамдар да сол агрессордың қылығынан зардап шеккен болуы әбден мүмкін, олардың басын қосыңыз, біріге дәлел жинаңыздар. Басқалар бұл туралы айтудан қорықса, оны да түртіп алыңыз да жұмыстың HR бөліміне шағым жазыңыз;
  • Дәлел жеткілікті жиналғанда басшылықтың әрбіріне кіріп шығыңыз, дәлелді көрсетіңіз және агрессорға қатысты шара қабылдауды, не сізді комапнияның басқа бөліміне ауыстыруды талап етіңіз.

Ақпарат MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Әйелдер мен қыздарды жыныстық бопсалауға жол бермейтін және төзбейтін қоғамдық сана қалыптастыру» жобасы аясында дайындалды. Жобаны қолдаған — CFLI (Canada Fund for Local Initiatives).

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz