Алматы полициясы қоғамдық көліктегі жолаушыларды тексереді

ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз орталығының хабарлауынша Алматыда полиция қызметкерлері қоғамдық көліктегі жолаушыларды тексеріп жатыр.

Полиция алматылықтардың карантин кезінде қала ішінде жүруіне рұқсаты бар-жоғын арнайы жүйе арқылы тексереді. Планшет арқылы полиция инспекторлары азаматтың КВИ-мен күресу жөніндегі Жедел Штабтың бірыңғай тізілімінде тіркеліп-тіркелмеуін анықтайды.

Алматы қаласы ПД басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбековтың айтуынша тексерісті учаскелік полиция инспекторлары жүргізеді. Әр азаматтың дерегі электронды түрде тексеріледі.

Порталда азаматқа қатысты ақпарат болмаған жағдайда, шұғыл қажеттіліксіз көшеде болуға қатысты шектеулер туралы ескерту жасалады. Тексеріс карантин режимі аяқталғанға дейін өткізіледі.

Алматы қаласының полиция департаменті “E-Polisia KZ” мобильді қосымшасын іске қосты. Қосымша арқылы азаматтар қала бойынша жүріп-тұруға рұқсатының бар-жоғын тексере және полицияға өтініш бере алады.

Factcheck.kz