Е-Polisia KZ мобильді қосымшасы іске қосылады

Алматы қаласының полиция департаменті “E-Polisia KZ” мобильді қосымшасын іске қосты. Қосымша арқылы азаматтар қала бойынша жүріп-тұруға рұқсатының бар-жоғын тексере және полицияға өтініш бере алады. Бұл жайлы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Алматы қаласының полиция департаментінің бастығы полковник Қанат Таймерденовтың айтуынша қосымшаның осы кезеңдегі басты артықшылығы – ЖСН және көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі бойынша КВИ-мен күрес жөніндегі жедел штабтың арнайы дерекқорында болуын тексеру мүмкіндігі.

Енді кез келген азамат өзінің смартфоны арқылы аталған базада бар-жоғын тексеріп, карантин кезінде қалада жүріп-тұруына рұқсат етілгенін көре алады.

Сонымен қатар қосымша арқылы онлайн-режимде полицияға өтініш беруге, төтенше жағдай кезінде жедел белгі жіберуге болады. Қосымшада коронавирус бойынша өзекті ақпаратпен танысуға болады.

Қосымшаның басты бетінде аудандық полиция басқармалары мен бөлімдерінің, сондай-ақ учаскелік пункттердің орналасуы туралы мәлімет бар.

Factcheck.kz