Әділ сөз: Биыл Қазақстанда 27 журналиске шабуыл тіркелді

Кейінгі үш жылда Қазақстанда журналистерге шабуыл жасау, қоқан-лоқы көрсету және қызметіне кедергі келтіру дерегі көбейген. Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

2 қараша — журналистерге қарсы қылмыстың жазасыз қалуын тоқтатудың халықаралық күні аясында Алматыда баспасөз-конференциясы өтті. Онда мамандар мен сарапшылар журналистердің қауіпсіздігі мәселесін талқылады.

ЮНЕСКО мәліметінше, 2006-2020 жылдар аралығында дүниежүзінде 1200-ден астам журналист өлтірілген. Оған қоса осы кісі өлтіру бойынша әрбір 10 сот ісінің тоғызға жуығы аяқсыз қалған.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының мәліметінше, 2022 жылғы тоғыз айда елдегі журналистер, блогерлер мен медиа редакцияларға 27 рет шабуыл жасалған, 26 рет қоқан-лоқы көрсетілген, 17 журналисті ұстап әкеткен. Сонымен қатар тоғыз медиа қызметкерін тұтқындаған, бас бостандығынан айырған немесе шектеген, 80 журналиске “заң бұзды” деген айып тағылған. Қор биыл журналист әйелдердің де қудалауға ұшырау фактісі тіркелгенін айтады.

«Әділ сөз» қорының президенті Тамара Қалееваның айтуынша, еліміздің Қылмыстық кодексіне полицияның редакцияны тінтуіне, журналистердің материалдарын ордерсіз алуына тыйым салатын нормалар енгізу қажет. Сот ордерді ауыр қылмыс жасағанда немесе ауыр қылмыс жасады деп айыпталған адамды қорғауға қажет болғанда ғана беруі керек.

Журналистің дәрігер сияқты қателесуге құқығы бар. Бұл құқықты заңнамамызға енгізетін кез келді, яғни журналист қоғам мүддесі үшін адал әрекет етсе және бұл сотта дәлелденсе, оны жауапкершіліктен босату керек.

Тамара Калеева, «Әділ сөз» қорының президенті

Сонымен бірге Тамара Қалееваның сөзінше, Қазақстандағы журналистердің қауіпсіздігін жақсарту үшін ұлттық жоспар қажет. Ол құжат журналистер мен мемлекеттік органдардың мәселеге көзқарасын тоғыстыратын біріктіруші актіге айналуға тиіс.

Factcheck.kz