“Абай” шахтасындағы кеншілердің өліміне қатысты қылмыстық іс жабылды

Қарағанды облысы “Абай” шахтасында қаза тапқан кеншілердің өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс жабылды. Бұл туралы “АрселорМиттал Теміртау” компаниясының бас директоры Биджу Наир хабарлады.

Компания басшысының сөзінше, қайғылы оқиғаға қатысты іс жарты жыл тергелген.

Ол жерде ешқашан болады деп ойламаған, бірде-бір нұсқаулықта жазылмаған газодинамика құбылысы болған. Комиссия актісінде нақты бір қателер жөнінде айтылмаған. Полиция істі жарты жыл тергеп, кейін жапты.

Биджу Наир, “АрселорМиттал Теміртау” компаниясының бас директоры

Бір жыл бұрын, 2021 жылғы 7 қарашада Қарағанды облысындағы “Абай” шахтасында апат болып, салдарынан алты адам қаза тапты. Апат кезінде шахтада 64 жұмысшы болған.

Азаттықтың хабарлауынша, апатқа метан концентрациясының шамадан тыс тарауы түрткі болған. Полиция бұл іске қатысты “Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген тау-кен жұмыстарын жүргізу ережесінің бұзылуы” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған.

2022 жылғы 9 қарашада өткен мәжіліс отырысында депутат Юрий Жулин “АрселорМиттал Теміртау” компаниясының шахталарында апаттар жиілегенін, тіпті қалыпты жағдайға айналып бара жатқанын айтты.

Тергеу кезінде жүздеген құқықбұзушылық анықталды. Тек шахтаның өзінде 100 кенші қаза тапты. Өнеркәсіп қауіпсіздігі талаптарын елемеу салдарынан қайғылы оқиғалар жиі болады. Бұл жағдай қашанға дейін жалғасады? Қайтыс болған кеншілер мен металлургтердің жақындарына ел қай уақытқа дейін қайғырып, көңіл айтады? Депутаттар Миттал кәсіпорындарындағы мәселелерге қатысты қашанғы сауал алады? Елімізде өлім-жітім төмендеп жатса, «АрселорМиттал Теміртауда» өсіп жатыр. Осы жылдар бойы Миттал тек отандық кәсіпорындардан түскен пайданы алып, қазақстандық жұмысшыларды аяусыз қанап, инвестиция міндеттемелерін бұзып, мемлекет мүддесін елемей келеді.

Юрий Жулин, мәжіліс депутаты

Айта кетейік, жақында 3 қарашада Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада жарылыс болып, бес кенші қаза тапты.

Factcheck.kz