Зеленский Екатерина ІІ ескерткішін порноактер мүсініне ауыстыруға шақырды ма?

Күні кеше бірқатар ресейлік медиада (РБК, «Московский Комсомолец», «Известия», Sputnik) Украина президенті Владимир Зеленскидің Одессадағы Екатерина II ескерткішін порно актеры мүсініне алмастыруды қарастыруды сұрағаны (немесе шақырғаны) туралы жаңалық тарады.

Мәтінде азаматтардың президент сайтына тіркеген петициясы туралы айтылған. Қарастырылып отырған порноактер – марқұм Билли Херрингтон. Ол 1990-жылдардағы ересектерге арналған фильм ролдерімен танымал, ал кейінірек мемдер кейіпкеріне айналған.

Ақпараттық ресурстар хабарлауынша, Зеленский аймақты советтік және ресейлік мұра саналатын ескерткіштерден «тазарту» маңызды екенін айтқан.

«Украина президентіне жарасатын нәрсе осы екенін білуіңіз керек», – деп жазады Ближнее зарубежье Sputnik Telegram каналы.

Factcheck.kz редакциясы жарияланым қаншалық дұрыс екенін тексерді.

Үкім: Манипуляция

20 мамырда Одессадағы жергілікті белсенді Украина президентінің ресми сайтында Екатерина II ескерткішін (Одесса негізін қалаушы ескерткіш ретінде де танымал) порноактер Билли Херрингтонның мүсініне ауыстыру туралы петиция жариялады. Дегенмен жаңалықтар ресурсында бұл бастаманы жан-жақты қолдап, тіпті Украина президенті көтерген сияқты ақпарат беріледі. Фокустың Зеленскиге түсуі — манипуляция мысалы. Өйткені 25 000 дауыс жинаған кез келген петиция (ал ескерткішті ауыстыру туралы петиция осы критериге сай келеді) президенттің қарауына жіберіледі. Бұл — заңнамада бекітілген бюрократиялық процедура. Зеленский заң талаптары бойынша, петицияны оқып, оны Одесса қалалық кеңесінің қарауына ұсынды. 2007 жылы осы кеңес қаулысы арқылы Екатерина II-ге ескерткіш орнатылған еді.

Петицияға жауап ретінде Зеленский Одесса қалалық кеңесіне “ұлттық мүдделерді қорғаудың” маңызы туралы және “Ресейдің Украинаға қарсы пропагандасын күшейтетін Ресей империялық және совет мұраларына қатысты қоғамдық кеңістікті нысандар мен ескерткіштерден тазарту мәселелерін пысықтау” туралы хабарлағанын жазды. Дегенмен бұл Екатерина II ескерткішін порноактердың мүсініне ауыстыру туралы нақты ұсыныстың болғанын білдірмейді.

Мысалы, ескерткішті басқасына ауыстырмай-ақ жай ғана бұзу туралы осы сияқты  петиция 28 маусымда президент сайтында жарияланды және 25 мыңнан астам қол жинады, сол кезде де Зеленский дәл осылай жауап берген. Мәтінде қоғамдық кеңістікті ресейлік пропагандамен ұштасатын нысандар мен ескерткіштерден тазарту туралы ұсыныс Одесса қалалық кеңесінің қарауына қайта жіберілгені туралы айтылады.

Ескерткішті бұзу туралы тағы бір өтініш Украина президентінің сайтында 4 шілдеде Одессадағы Екатеринская көшесі мен Екатеринская алаңының атын өзгерту және қайта құру туралы петиция аясында жарияланды. Материалды жазу барысында петицияға 311 адам ғана қол қойған еді, сондықтан ол президентке әлі жеткен жоқ.

23 тамызда қалалық әкімдіктің тарихи-топонимикалық комиссиясы ескерткішті бұзу туралы шешімді кейінге қалдырғаны белгілі болды. Одесса қалалық кеңесінің депутаты Петр Обухов журналистерге комиссияның заң бөлімі қорытындысы күтіліп отырғанын айтты.

Медиа объектісіне айналған петицияға оралсақ, украиналық «Общественные новости» басылымына берген сұхбатында петиция авторы Алексей Матвеев отаршылдық мәселесіне осылайша назар аударуды күлкілі санайтынын айтты. Оның үстіне, бұл Матвеевтің де өз идеясы емес. 2021 жылы біреулер Запорожье қаласындағы Маяковский көшесін Херрингтон көшесі деп өзгертуді ұсынған екен.

Ол петицияны алып тастап, басқа, анағұрлым маңыздысын дайындауды ойлаған. Бірақ президент сайтында жою опциясы жоқ. Артынша петиция туралы ақпарат медиа мен әлеуметтік желілерде тарайды. Матвеевке, шын мәнінде, Екатерина II-нің орнында не болатыны маңызды емес: «отарлаушыға арналған ескерткіштен басқасының бәрі жақсы», – дейді ол. 

Контекст: Екатеринская алаңында не болған еді?

Бастапқыда қазіргі Екатеринская алаңы орталығында шіркеу іргетасы қаланған. Бірақ оның құрылысына ақша болмағандықтан, аяқталмаған шіркеу 1821 жылы бөлшектелген. Оның орнына 1873 жылы субұрқақ салынды. Ол 26 жыл тұрды. 1900 жылы А.В.Суворовтың (орыс әскери теориясының негізін қалаушы) қайтыс болғанына 100 жыл толуына орай Одессада Екатерина II-ге және оның серіктері – граф Платон Зубовқа (облыстың бірінші басшысы) Франц де Воланға (Одесса құрылыс жобасының авторы), Иосиф де Рибасқа (қала мен порт құрылысының басшысы және ұйымдастырушысы) және орыс қолбасшысы Григорий Потемкинге ескерткіш орнатылған.

Алайда ескерткіш 1917 жылдан бері жерсінген жоқ. Ақпан төңкерісі кезінде матамен қапталып, Кеңес өкіметі орнаған соң толықтай бөлшектеліп, тарихи-өлкетану мұражайына жіберілген. Осы уақыт ішінде алаңда Одесса негізін қалаушылардың орнына Карл Маркстің бюсті, содан кейін оның толық ескерткіші, жұмысшылар мен шаруалардың орақ пен балға ескерткіші, кейін «Потёмкин» кемесінде өлтірілген көтерілісші матростарға арналған ескерткіш болған. Соңғысы Екатеринская алаңында 1965 жылдан 2007 жылға дейін тұрды. Кейін орнына Екатерина II-нің ескерткіші қайтарылды.

Екатерина ескерткішін қалпына келтіру әрекеттері Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қолға алынды. Алайда 1995 жылы Одесса қалалық кеңесі шешімінен кейін қалпына келтіру жұмыстарын президент Леонид Кучма тоқтата тұрды.

2006 жылы қалалық кеңес ескерткіш мәселесін тағы да көтеріп, келесі жылы тұрғызылды. «Потёмкин» ескерткіші Таможенная алаңына көшірілді. Қалпына келтіру жұмыстарына тапсырыс беруші және олардың демеушісі сол кездегі қалалық кеңес депутаты Руслан Тарпан (бүгінде ол бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді) болды.

Осыдан кейін президент Виктор Ющенко Одессада ресейлік монархтарға арнап ескерткіш орнатпауды сұрады. 2007 жылғы қыркүйектегі баспасөз мәслихатында ол: «Менің бір ғана өтінішім бар – Ұлы Петрдің немесе сол сияқты біреудің ескерткішін орнатпаңыздар. Тарихымызды құрметтейік, украин екенімізді ұмытпайық».

Қалпына келтіруден кейін, әсіресе ескерткіштің ресми ашылуынан кейін Одессаның украин қауымдастығы оны бұзуды талап етіп, көптеген наразылық шеруі басталды. Бірақ олар сәтсіз аяқталған — наразылық білдірушілерді құқық қорғау органдары таратып жіберген.

Зеленский Екатерина ІІ ескерткішін порноактер мүсініне ауыстыруға шақырды ма?
Одессада Екатерина ескерткішінің ашылуына қарсы наразылық. Қазан, 2007 ж. (Фото: Олег Куцкий / УНИАН)

Әртүрлі топтың әрекеті арқылы, сот арқылы ескерткішті бұзуға тырысуы кейінгі жылдары да жалғасты. Ресейдің Украинаға әскери шабуылы басталғаннан кейін орыс және совет мұраларына қатысты барлық нәрсе, соның ішінде ескерткіштер туралы пікірталас күшейді. Бір жарым айдың ішінде президенттің ресми сайтында Екатерина II ескерткішін бұзуды талап еткен үш петиция пайда болды. Бұл жолы азаматтардың сұранысы қанағаттандырыла ма, жоқ па, белгісіз. Бірақ шерушілер ескерткішті советтік ескерткіштер аллеясына ауыстыруды ұсынған Мәдениет министрі Александр Ткаченконың қолдауына ие болды.

журналист, фактчекер, выпускница Online Factcheck Academy 2020

Factcheck.kz