Украиналық босқындар кесірінен Германияда мұғалімдер тапшы екені рас па?

Жақында бірқатар ресейлік медиа пен Telegram-каналдарда немістің Die Welt басылымына сілтеме жасап, «Германияда украиндық босқындар ағынына байланысты мұғалімдер жетіспеушілігі ушықты» деген жазбалар тарай бастады. Материалда босқындарды сынаған неміс оқырмандарының пікірлері де таңдап берілген.

Factcheck.kz хабарлама мен оның тақырыбы Die Welt басылымындағы мақала мазмұнына қаншалықты сәйкес келетін және Украинадан барған балалар Германияда қалай білім алып жатқанын тексерді.

Үкім: Манипуляция

Die Welt басылымының түпнұсқа мақаласында Украинадан барған мектеп оқушыларының неміс қоғамына енуіне жақсы мүмкіндік бар екені айтылады. Олардың білімі мен құзыреті жеткілікті деңгейде, бірақ көп жыл бойы қалыптасқан мұғалімдер тапшылығы украиндық мектеп оқушыларының неміс тілін меңгеруіне және соған сай көмек алуына кедергі келтіруі мүмкін. Босқындар легі салдарынан педагог кадрларының тапшылығы «ушыққаны» туралы ештеңе айтылмаған. Die Welt келтірген Мюнхен университетінің Экономикалық зерттеулер институты (Ifo) зерттеуі де мұндай қорытынды жасамайды.

Біз талдаған басылымдардан Украинадан келген босқындар Германиядағы білім беру жүйесіне негізсіз салмақ салып жатқандай, ал мұғалімдер мен ата-аналар украиндық мектеп оқушыларына күмәнмен қарайтыны, тіпті дұшпандық танытатындай әсер қалдырады. Бірақ белгілі бір шиеленіс болғанымен, мектептегі білім берудің негізгі проблемалары жергілікті билік пен эксперттерге жақсы белгілі. Дегенмен ол проблемалар ұзақ жылдан бері шешімін таппай келеді. Мұғалімдердің өзі айтқандай, кейінгі кездің басты мәселесі — COVID-19 пандемиясы мен оның салдары. Сонымен қатар, украиндық мектеп оқушылары мен олардың ата-анасын неміс қоғамына интеграциялау Германияның маңызды мүддесі болып отыр.

Толығырақ

Соғыс басталғалы бері Украинадан Германияға мектеп жасындағы 150 мыңға жуық бала барған. Неміс тілін шет тілі ретінде оқытатын кластар мен мұғалімдерді табу шынымен қиын болғанымен, бұл жағдай неміс білім беру жүйесі үшін жаңалық емес. 2015-2016 жылдары Сириядағы соғыс кезінде неміс мектептері 300 мыңға жуық сирия және ирак балаларын қабылдауға мәжбүр болды. Сол кезде жүйе дәл қазіргі проблеманы бастан кешірді: мұғалімдердің жетіспеуі, бюрократия және қаржыландыру жетіспеуі. Мектеп секторындағы кадр тапшылығы Германияда 10 жылдан астам уақыт бойы күрделі мәселе. 2018 жылы бос орындарды студенттер, зейнеткер ұстаздар, тіпті педагогикалық білімі жоқ қызметкерлер көмегімен жабуға тура келді.

Мигранттар ағыны мен туу көрсеткіші артуы оқушылардың көбеюіне әкелді. Сол уақытта көптеген мұғалімнің жұмыс жүктемесі артып, соған сай жалақы төленбегендіктен жұмыстан шығып кетті, жасы жеткендері зейнеткке шықты. Қазір жаңа кадрлар жетіспейді, бұған мұғалімдер дайындайтын профильдердің аз  екені әсер етіп жатыр. Түрлі бағалау бойынша, 2025 жылға қарай неміс мектептерінде 20 мыңнан 45 мыңға дейін мұғалім жетіспейді, ал оқушылар саны артып жатыр.

Роберт Бош қорының тұрақты сауалнамасы бойынша, мұғалімдердің 92%-і босқын балалардың келуі үлкен қиындық тудырмайды деп есептейтінін арнайы айтып өткен жөн. Мұғалімдер үшін басты мәселе коронавирус пандемиясы болды: оқшаулау кезінде онлайн оқыту мектеп оқушыларының білім сапасына да, олардың мінез-құлқы мен мотивациясына да кері әсер етті. Бұл ретте мұғалімдердің тапшылығы мұғалімдердің 10%-ке жуығы еңбек демалысында болғандықтан да қиындады. Осылайша, мұғалімдер бір мезгілде дисциплинаның бұзылуымен күресіп, оған қоса лық толы сыныптардағы оқушылардың оқу үлгерімі проблемасымен айналысуға мәжбүр.

Контекст

Ресейлік мадиа таңдап алған Die Welt мақаласындағы комментариде қолданушылар украиндық оқушылар соғыс біткен соң еліне қайтар болса, оларға ресурс жұмсап, білім беру жүйесіне интеграциялаудың не қажеті бар деген сауал қояды. Бірақ уақытша болса да интеграцияның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, қазір Украинадағы соғыс қимылдары қанша уақытқа созылатынын ешкім болжай алмайды. Тіпті, соғыс аяқталғаннан кейін де қалалар мен тұрғын үйлерді қалпына келтіруге және гуманитарлық дағдарысты еңсеруге уақыт қажет. Қайтатын жері барлар қазірдің өзінде Украинаға оралып жатыр: шілде айының соңында соғыстан қашқан украиндықтардың жартысына жуығы отанына оралды деп хабарланды. Бірақ украиндық отбасылардың қалған бөлігі үйіне қайтқысы келсе де, көбі Германияда ұзақ уақыт қалуға мәжбүр. Олар неміс қоғамының бір бөлігі болып, толыққанды өмір сүре алса, жақсы.

Екіншіден, эксперттер балаларға «қалыптылық» және тұрақтылық сезімін беру үшін оларды мектеп өміріне қосуды дұрыс деп санайды. Дегенмен, ең бастысы, ата-аналарға жұмыс табуға және тіл курстарына баруға уақыт беру (тіл білмеу – жұмысқа орналасудағы негізгі кедергі). Германия білім беру саласында ғана жұмысшылар тапшылығын бастан кешіріп отырған жоқ. Германияның Жұмыспен қамту қызметі мәліметі бойынша, биыл маусым айында көлік, логистика, сауда және денсаулық сақтау салаларында 900 мыңға жуық бос жұмыс орны ашылды. Бұл бос орындардың кейбірін білікті украиндықтар толтыруы мүмкін. Білім министрі Беттина Старк-Ватцингер де мұғалімдердің жетіспеуінің орнын толтыру және жас отандастарына қажет көмек пен қолдау көрсету үшін Украинадан келген мұғалімдерге мектеп пен балабақшада жұмыс істеуге рұқсат беруді ұсынды.

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz