Сауд Арабиясы Роналду үшін заңын өзгертті ме?

Кейінгі күндері Криштиану Роналду сүйіктісі Джорджина Родригеспен некеге тұрмаса да Сауд Арабиясында бірге тұра алатыны туралы ақпарат тарады. Негізінен Сауд Арабиясының шариғатқа сай заңы бойынша, некелеспегендер ел аумағында бірге тұра алмайды. Алайда бұл жолы Роналду мен оның партнерына ерекше жағдай қарастырылғанын біраз медиа жазды. Тіпті Роналду үшін заңның кейбір нормаларын өзгертуге әзір екені айтылып жатыр. Осы орайда Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрген еді.

Роналду мен Джорджина Сауд Арабиясында неке туралы заңдағы кедергіге қарамастан бірге тұрып жатыр, себебі Роналду үшін ерекше жағдай қарастырылған.

Медиадағы ақпарат

Үкім: Манипуляция

Сауд Арабиясында некеге тұрмаған адамдардың (азаматтық неке және т.б.) бірге тұра алмайтыны рас, алайда 2019 жылдан бері бұл норма туристерге қолданылмайды. 2019 жылы күзде қабылданған жаңа туристік бағдарлама бойынша, үйленбеген немесе азаматтық некеде тұратын жұптар бірге тұра алады. Сондықтан да бұл өзгертулердің Роналду мен Джорджинаға қатысы жоқ.

Сауд Арабия Корольдігі “Vision 2030” деп аталатын ұлттық туристік стратегия аясында 2019 жылы күзде алғаш рет туризмге жол ашатын жаңа туристік виза бағдарламасын іске қосты. Осы бағдарлама аясында әлемнің 49 еліне туристік виза алуға мүмкіндік берілді. Стратегия мақсаттарының бірі – мұнайға тәуелділікті азайту әрі 2030 жылға қарай ЖІӨ-гі туризм саласын 10%-ке жеткізу.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz