“Қазақстандықтар жолда 34 минутын өткізеді”: ақпарат қаншалықты рас?

9 қыркүйектен бері қазақстандық бірнеше медиа мен әлеуметтік желілердегі парақшалар “көлік кептелісінің ең нашар елдері” рейтиңін жариялап жатыр. Материалдардағы ақпаратқа сенсек, еліміздегі жол қозғалысы индексі 133,9 болған, яғни рейтиңге қатысқан 87 елдің ішінде кептеліс нашарлығы бойынша Қазақстан 47-орында тұр. Рейтиң дерегіне сәйкес, қазақстандықтар жұмысқа барарда орта есеппен 34,73 минут жұмсайды-мыс.

https://www.instagram.com/p/CiSd9QtNBPN/?utm_source=ig_web_button_share_sheet
Әлеуметтік желіде тараған ақпараттың бірі

Оқырман өтініші бойынша Factcheck.kz бұл ақпаратқа қаншалықты сенуге болатынын тексерді.

Үкім: Манипуляция

Неге манипуляция? Қазақстандық медиалар ақпаратты біз бірнеше рет күмәнді екенін жазған (мында да) Numbeo ресурсынан алған. Numbeo сайттағы қарапайым сауалнамадан жинастырылған пайдаланушы мәліметтеріне сүйене отырып, қорытынды жасайтындықтан оны жеткілікті деңгейде сенімді деп айтуға келмейді. Сауалнаманы кез-келген адам толтыра алады және статистикалық сенімділігі сын көтермейді, әр елдегі пайдаланушылар саны да түрлеше, деректер хронологиясы да алшақ.

Numbeo ресурсы қозғалысқа қатысты көрсеткіштерінің методологиялық бөлімінде келесідей дерек келтіреді: “Біздің трафикке қатысты сауалнамамызға 3 236 қаладан 35 342 адам қатысты”. Ал Қазақстан туралы 2022 жылдың қыркүйегінде жаңарған ақпаратында елімзге қатысты деректер Numbeo сайтына кейінгі 3 жылда кірген адамдар енгізген ақпаратқа негізделгенін жазған. Сайт одан бөлек, әрбір қала қамтылғанын да айтады.

Осыған байланысты бізде бірнеше сұрақ туындады:

  • Қазақстан туралы деректі толтырған адамдар қазақстандық екеніне кім кепіл?;
  • Сауалнамада Қазақстанның барлық қаласы қамтылғаны жазылған, алайда қай қаладан қанша адам қатысты? Бұл тұста бірізділік бар ма?;
  • Егер кез келген адам дерек енгізе алса, оның дұрыстығы (рас екені) қалай дәлелденеді (тексеріледі)?

Контекст

Бұған дейін Studee.com сайты Numbeo деректеріне сүйеніп студенттерге арналған жайлы қала туралы рейтиң дайындаған. Ресурс 100 қаланың ішінде Алматыны 76-орында деп жазған. Алайда бұл ақпарат Numbeo деректерді сайтқа кірген адамдардан жинайтындықтан манипуляция болып шықты. Бұған қатысты жеке материалымызды оқи аласыз.

Одан бөлек, белгілі бизнесмен Марғұлан Сейсембайдың мәлімдемесін тексергенде де Numbeo рейтиңдеріне неліктен методологиялық тұрғыдан күмәнмен қарайтынымызды жаздық.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz