12 мамырда Adyrna.kz сайтында “Үнділер сиыр көңін коронавирусқа қарсы “дәрі” ретінде қолданып отыр” деген тақырыппен материал жарияланды. Factcheck.kz бұл ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.
Алдын ала ескерту
Үндістан медицина қауымдастығының президенті Джаялал коронавирусқа қарсы сиыр жапасы мен зәрін қолданбауға шақырды. Ол мұндай тәсілдің ғылыми дәлелі жоқ екенін ескертті. Дәрігерлер мен ғалымдардың сөзінше, мұндай тәсілдер адам денсаулығына одан сайын кері әсерін тигізуі мүмкін.
Сонымен қатар, ДДСҰ коронавирусқа қарсы халық арасында кең таралған медицина тәсілдерінің ешқайсысына дәлел жоқ екенін және өзін-өзі емдеумен айналыспауға, COVID-19 қарсы профилактикалық немесе дәрілік зат ретінде қандай да бір препаратты өз бетінше қабылдамауға шақырады.
Үнді дәрігерлері сиыр көңін коронавирусқа қарсы «дәрі» ретінде пайдаланып отыр. Мамандар халықтың басқа да жұқпалы ауруларға шалдығу қаупі бар екенін ескертті
Adyrna.kz сайтындағы материалдан
Үкім: Шындық
Үндістанның батысындағы Гуджарат штатында сиырға табынушылар аптасына бір рет денелерін сиыр жапасы мен зәріне шомылуға мал қораларға барған. Олардың ойынша, бұл коронавирусқа қарсы иммунитетті көтереді, сауығып кетуге көмектеседі.
Сиыр — индуизмде өмір мен жердің қасиетті белгісі. Олар сиыр жапасын ғасырлар бойы үйлерін тазартуға қолданған. Сонымен қатар, сиырдың емдік қасиеттеріне сеніп, дұға ету рәсімдері үшін пайдаланады.
Контекст
Үндістанда COVID-19 жұқтырғандардың жалпы саны (13 мамыр) 23,7 миллионнан асты. Бұл ел — әлемде коронавирус жұқтырғандар саны бойынша 2-орында. Вирус жұқтырғандардың 19,3 миллионнан астамы айығып, 258 мыңы қайтыс болды. Сарапшылардың болжауынша, коронавирус жұқтырғандар мен қайтыс болған адам саны 5-10 есе көп болуы мүмкін.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.