ЖАЛҒАН | Екі қырғыз азаматы қазақстандық дәрінің кесірінен көз жұмды

    www. google.com сайтынан

    Жалған|2016 жылдың соңында Қырғызстан мен Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанда шығатын туберкулезге қарсы «ФС-1» деген дәрінің кесірінен қырғыз елінде екі адам көз жұмды деген ақпарат таратқан болатын. Бұл – жалған ақпарат.

    ФС-1 – туберкулезге қарсы дәрі. Қазақстандағы жекеменшік ғылыми орталық шығарған препарат қазіргі кезде клиникалық сынақтан өтуде. Өткен жылдың соңында Қырғызстанның бұқаралық ақпарат құралдарында осы дәріні пайдаланған екі азамат көз жұмғаны туралы ақпарат тараған. Алайда, Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.

    Қырғызстанның Ұлттық фтизиатрия орталығының директоры Абдуллаат Қадыров қайтыс болған азаматтар ФС-1 дәріні ішпегенін айтады.

    Біздің сауалымызға орай Абдуллаат Қадыров былай деп жауап берді:

    Туберкулез дертіне шалдыққан екі адам қайтыс болғанда, біз ФС-1 дәрісі өңдеп шығарып отырған Инфекцияға қарсы препараттардың ғылыми орталығына хабарласып, зерттеу құжаттарын сұрадық. Себебі бұл дәріні қабылдап жүрген аурулардың бар құжаты мен деректері осы орталықта болатын. Алынған құжаттар бойынша, қаза болған екі азаматтың ФС-1 қабылдамағаны анықталды. Көз жұмған екі адам бақылау тобында болған, олар плацебо ішкен

    Өткен жылдың қараша айында Қазақстанның Инфекцияға қарсы препараттардың ғылыми орталық мамандары да осындай мәлімдеме жасаған.

     

    Марат Құлманов, академик:

    Емделуші бұл дәріні ішпесе, ол қалайша ФС-1 препаратының жанама әсерінен көз жұмады? Дәрілік препараттарға жүргізілетін клиникалық сынақтардың талабы бойынша, емделушілердің бір бөлігі осы дәріні ішсе, екінші бір бөлігі плацебо қабылдаған. Бұл жайында емделушілер білмеуі керек. Қайтыс болған адамдар осы плацебоны қабылдаған. Олар қаза болғанда біз зерттеу жүргізіп, тексердік. Науқастар ауруын асқындырып алғандықтан, ем ережесін бұзғандықтан көз жұмған. Ал ФС-1 препаратын қабылдап жатқандардың көрсеткіші жақсы.

    Скриншот zanoza.kg сайтынан

    Қырғызстанда қазақ дәрісіне қатысты даудың туғанына біраз уақыт болған. 2016 жылдың мамыр айында Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық кеңесінің өкілдері ел Президентіне, Үкімет мүшелеріне және Парламент депутаттарына ашық хат жолдаған. Бұл құжатта Қоғамдық кеңес өкілдері Денсаулық сақтау министрлігінде орын алып отырған заңсыздықтар мен мекемедегі келеңсіздіктер жөнінде айтқан. Хат авторлары Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігі елдегі туберкулез ауруына шалдыққан науқастарға ФС-1 дәрісін беріп, клиникалық сынақ өткізіп жатқанын жазған. «ФС-1 препаратына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кепілдеме бермеген және бұл дәрі-дәрмек ұлттық клиникалық протоколда жоқ. Сол себептен бұл дәріні мемлекет аумағында пайдалануға болмайды», – деген.

     

    Ашық хатта мынадай жолдар бар:

    «Мемлекет нарығына тіркеусіз жіберілетін дәрілер тізімі анық әрі ашық болмағандықтан, бұл дәрілер тізіміне критерийге, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін және азаматтардың денсаулығына қауіп төндіретін дәрілер енгізілген. Яғни, бұл іске қатысы бар адамдардың жеке мүддесі болған деп болжам жасауға болады. Сол себептен бұл жағдай құзырлы органдардың  зерттеуін талап етеді».

    Бұған қоса хат авторлары Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек сатып алу жұмысын дұрыс жүргізбегенін, мемлекет ақшасына сатып алынған дәрі-дәрмектер дұрыс пайдаланылмағанын жазған.

    «Туберкулезге қарсы дәрілерді шығысқа шығару арқылы мемлекет қазынасына $300 мың көлемінде зиян келген. Бұл дәрі Ғаламдық қордың Қырғызстанға бөлген ақшасына алынған, – делінген хатта.

    Скриншот zanoza.kg сайтынан

    Ашық хаттан кейін Қырғызстанның бұқаралық ақпарат құралдарында ұлттық фтизиатрия орталығы директорының жауабы жариялана бастады. Бұл орталықтың жетекшісі Абдуллаат Қадыров жаңа дәрілерді жасау жұмысына жаңа белсенді фармакологиялық заттарды іздеу, соңынан оның клиникалық зерттеуін өткізу жататынын түсіндірген.

    Абдуллаат Қадыров:

    «Клиникалық сынақтар ұлттық фтизиатрия орталығында өтіп жатыр. Бұл сынақтар Қырғызстан заңдарына және клиникалық зерттеулердің халықаралық стандартына және талабына сай жүргізіліп жатыр».

    Скриншот zanoza.kg сайтынан

    Қоғамдық кеңес өкілдері Денсаулық сақтау министрлігінің жауабына қанағаттанбады. Көп ұзамай, 2016 жылғы мамыр айның соңында ФС-1 препаратының клиникалық сынағы тоқтатылды.

    Енді бұл дауға туберкулез дертіне шалдыққан науқастар кірісті. Олар мемлекет басшысына хат жазып, ФС-1 препаратын қайта қабылдай бастауға көмек беруді өтінді.

    Науқастардың хатында мынадай жолдар бар:

    «Бізге препаратты қайта ішуге, ал Қазақстан ғалымдарына клиникалық сынақ өткізуге мүмкіндік берсеңіздер. Бұл көптеген адамға туберкулез деген қорқынышты аурудан құтылуға көмектеседі. Мұнымен қоса, қазақстандық зерттеушілер бізге материалдық көмек бергенін айтқымыз келеді. Олар бізге ай сайын 5900 сом көлемінде ақша беріп, жақсы тамақпен қамтамасыз етіп отырды. Ауруханадан шыққаннан кейін фтизиатрия орталығынан үйге баратын жолақымызды да төлеп беретін».

    Скриншот zanoza.kg сайтынан

     

    Ұлттық фтизиатрия орталығы мен онда емделетін науқастар ФС-1 препаратын күтіп отырған шақта прокуратура «қазақстандық туберкулезге қарсы дәрілік препаратты клиникада сынақтан өткізу салдарынан екі адам көз жұмды» деп хабарлап, жауаптты адамдарға қатысты қылмыстық іс қозғады.

    Прокуратура өз мәлімдемесінде былай дейді:

    «Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі жанындағы ұлттық фтизиатрия орталығы қазақстандық «Ұлттық инфекцияға қарсы препараттар орталығы» компаниясымен FS-1 препаратын тиісті аккредитациядан өткізбей, клиникалық сынақтан өткізуге келісім жасасқан».

    Скриншот zanoza.kg сайтынан

    Қырғызстанның ұлттық фтизиатрия орталығының директоры Абдуллаат Қадыровтың айтуынша, бұл іс әлі зерттеліп жатыр.

    2016 жылдың қазан айында сол кездегі Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова бұл мәселеге қатысты былай деген болатын:

    Туберкулезге қарсы жасалған бұл препарат жаңадан ғана шығарылып, енгізілуде. Оны жекеменшік ғылыми орталық шығарып жатыр. Препаратты пайдаланбас бұрын оны лабораториялық зерттеуден, соңынан клиникалық сынақтан өткізеді. Сынаққа келіскен мекеме келісімді өзі беріп, өзі таңдайды. Сол себептен бұл мәселе осы екі мекемеге байланысты болады.

    Қазақстандағы Инфекцияға қарсы препараттардың ғылыми орталығы өздері шығарып, сынақтан өткізіп жүрген ФС-1 препараты жайында көптен бері айтып келеді. Өткен күзде олар қырғызстандық бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы түсініктеме де берген. Олардың айтуынша, бұл дәріні қазақстандық ғалымдар 2004-2009 жылдары шығарған. «Бұл – микробқа қарсы, иммунтүрлендіруші, туберкулезге қарсы дәрі. Препаратты шығару кезінде алғашқы кезеңде сынақты жануарларға жасап, соңынан адамдарға жүргізген. Зерттеу нәтижесінде препараттың қауіпсіз екені және тиімді әрі нәтижелі екені дәлелденді. Сол себептен бұл дәріні адамға пайдалану ұсынылды», –дейді орталық мамандары.

    ФС-1 препаратын жасаған ғалымдардың айтуынша, клиникалық сынақтар Қазақстанда ғана емес, өзге шет елдерде де өткен. Алайда, ФС-1 препаратына қарсы қырғыз мамандары қазақстандық мамандардың сөзіне, берген құжаттарына сеніп отырған жоқ. Олардың өз мүддесі болуы мүмкін. Ал дәл осы препараттан екі адам көз жұмды деген дерек – негізсіз.

     

     

     

     

     


    factcheck.kz мақалаларында аты-жөні аталған тұлғалар немесе оқырман біздің үкіммен немесе дәлелдемелерімізбен келіспейтін болса, тиісті материалдарды ұсынған жағдайда редакция үкімді қайта қарастырып, құжаттарды жариялауы мүмкін.

    Бұл басылым Сорос-Қазақстан Қорының қаржылай қолдауымен дайындалды (жарияланды, жарық көрді). Бұл жарияланымның мазмұны автор(лар)дың пікірі мен көзқарасын білдіреді, оның Сорос-Қазақстан Қорының көзқарасымен сай келуі міндетті емес.