Шындық | Қазақстан христиандарға қырын қарайтын елдер тізіміне кірді

“Open Doors рейтингі: Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан мен Қазақстан – xристиандарға жек көрінішпен қарайтын елдер” деген тақырыппен 2019 жылдың қаңтарында Орталық Азия жаңалықтары шығатын CA-News.org порталында материал жарияланды. Мұнан кейін бұл жаңалықты басқа басылымдар көшіріп басты.

Үкім: Шындық

Мұндай тізім расымен бар. Ал Астананың рейтингіге кіруіне Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдермен салыстырғанда Қазақстандағы дін еркіндігі туралы заңның шектеулері көп болғаны себеп болған. 

Бірақ айта кететін бір нәрсе бар: заң елдегі барлық дінге бірдей. Бірақ мемлекет “дәстүрлі емес” діни ағымдарды ерекше бақылауда ұстайды. Оның ішінде христиандық ағымдар да бар. Билік өз дінін уағыздайтындармен күресіп жүріп, дін еркіндігіне де шектеу қойып жатады.

Дегенмен Қазақстан үшін дәстүрлі саналатын діни бағыттағы – сүнниттік ислам, православие, католицизм, лютеранизм және иудаизм сияқты  сенімді ұстанушылар нанымдарын мемлекет белгілеген шеңберден асырмай “ұстанса” әдетте қандай да бір қиындыққа тап болмайды. Бірақ “дәстүрлі емес” діндер мен қозғалыстардың жақтаушыларында үнемі түрлі мәселелер туындап жатады.

Рейтингінің мәні не және бізге баға беретін кім?

Орталық Азия елдері – Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Қазақстан – христиандар жиі қудаланатын және дініне байланысты құқықтары бұзылатын 50 елдің қатарына кіреді. Исаға сенетін адамдарға “қырын қарайтын” мемлекеттер рейтингі Open Doors (“Ашық есіктер”) халықаралық ұйымының сайтында жарияланған.

CA-News.org порталы деректі Open Doors-тан — 1955 жылы Нидерландта құрылған, “христиандар қудаланатын ең қауіпті елдерді қамтитын” ұйымнан алғанын жазған. Open Doors Библияны басып шығарып, таратады, христиан баспалары мен кітапханаларын құруға көмектеседі, дін қызметкерлеріне арналған біліктілігін арттыру курстарын өткізеді, сондай-ақ христиан қауымына, өлтірілген не сотталған жақтаушыларының отбасыларына қаржылай көмек береді.

Бұдан бөлек, Open Doors жыл сайын қудалау сипатын толық баяндай отырып, “христиандар қуғынға жиі ұшырайтін және дініне байланысты құқықтары бұзылатын” елдер (автономиялар да, нысандар да бар) тізімін (World Watch List) жариялайды.

Былтыр жарияланған “қудалау деңгейі өте жоғары” елдер тізіміне постсоветтік елдер бірінші рет кіріп тұрған жоқ – Өзбекстан (17-орын), Түркіменстан (23-орын), Тәжікстан (29-орын), Қазақстан (34-орын). Ал “қудалау деңгейі жоғары” елдер санатында Ресей (41-орын) және Әзірбайжан (50-орын) бар.

Совет одағында болған республикалардың ешбірі “қудалаудың төтенше деңгейі” (бұл санатта – Солтүстік Корея, 10 ислам мемлекеті және Үндістан) бар елдер тізіміне кірмеген. Есепте “посткеңестік республикалар үшін христиандарға қиындық жасауға “диктаторлық параноя” негіз болады” деп көрсетіледі. Ал Ресей бағанында “исламға жасалатын қысым” деген сөз де бар.

Баға қалай беріледі?

Open Doors есебінде мынадай құжаттарды негізге алады:

1) Азаматтық және саяси құқық жөніндегі халықаралық пактінің 18 және 19-баптары (Қазақстан бұл құжатты 2005 жылы ратификациялаған).

18-баптың 1-тармағы. Әрбір адамның ой-пiкiр, ар-ождан және дiн бостандығына құқығы бар. Бұл құқық дiнге сену немесе дiндi қабылдау және наным-сенімiн өз қалауынша таңдап алу еркiндiгiн, өз дiнiн, наным-сенімiн жеке өзi немесе басқа адамдармен бірiгiп тұту бостандығын, жария түрде немесе жеке жолмен уағыздау, құдайға құлшылық ету, дiни және наным-сенім мен iлiм салт-жораларын орындау бостандығын да қамтиды.

19-баптың 2-тармағы. Әрбір адам өз пiкiрiн еркiн бiлдiруге құқылы. Бұл құқық мемлекеттік шекараларға қарамастан кез келген ақпараттар мен идеяларды еркiн iздеу, тауып алу және оларды өз қалауынша таңдап алған құралдар арқылы ауызша, жазбаша немесе баспасөз арқылы немесе көркемдiк бейнелеу формалары түрiнде тарату бостандығын да қамтиды.

2) АҚШ-тың діни сенім ұстанудың халықаралық бостандығы туралы 1998 жылғы заңы.  

2297

Open Doors Қазақстанды не деп сынайды?

Зерттеудің қысқаша кіріспе бөлімінде былай жазылған:

“Қазақстанда христиандарды қудалаудың екі негізгі түрі бар: бірі – мемлекет тарапынан, екіншісі – қоғамдық қысым. Үкімет аңду, рейд жүргізу және ұстап әкету сияқты тәсілдерді пайдаланып, қоғамды бақылауда ұстауға және бақылауды күшейтуге жұмыс істейді. Христиандар ұдайы қадағаланып отырады. Ал радикалдық ислам қаупі еркіндікті шектеуге сылтау ретінде қолданылады. Мұның салдарынан христиан азшылықтың да ахуалы нашарлайды. <…>

Орыс православ шіркеулері үкімет қысымына не бақылауына біршама аз ұшырайды. Өйткені олар әдетте жергілікті жұртпен байланысқа түспейді. Ата-тегі мұсылман болған христиандар мемлекет пен отбасы, достары мен қоғам тарапынан жиі теперіш көреді. Христиан жолына жаңа түскендерді өз отбасы ұзақ уақыт бойы құрсаулап тастауы я ұрып-соғуы мүмкін. Түбінде оларды өз ортасынан шеттетіп тастайды. Жергілікті молдалар да уағыздарына христиандарға қарсы шығады”.

Жасалған қорытындылар арасында мынадай сөз бар:

“…Қазақстан Орталық Азия елдері арасында христиандар проблемаға ең аз тап болатын ел еді. Бірақ 2011 жылы Дін туралы заң күшіне енген соң бүкіл елде шіркеулер мен христиан ұйымдарын тексеру көбейді. Кейбір діни кітаптар мен қажетті жабдықтар тәркіленді. Полиция мен арнаулы қызмет кейде ғибадатханаға келіп, сондағы адамдарды видеоға түсіреді, жеке бас деректерін жинайды”.

Христиандар ғана емес…

Open Doors ұйымының қорытындылары діни сенім бостандығын қорғау жөніндегі норвегиялық Forum 18 ұйымының және АҚШ мемлекеттік департаментінің (2017 жылға арналған соңғы есеп) есептеріне ұқсайды. Open Doors өз есебінде ақпарат үшін осы екі ұйымға ұдайы сұрау салатынын ашық жазады.

Forum 18 христиандар ғана емес, елдегі діни сенім ұстанатындардың бәрі қудаланатынын жазады:

“Қазақстандағы дін мен сенім бостандығының бұзылуына сөз бостандығы, бірлестіктер және бейбіт жиындарға қатысты шектеу себеп болады. Forum 18 өз шолуында наным-сенімдерін ашық көрсететіндері үшін сотталғандар санының көбейгенін, тағылатын “айып” түрлерінің артып, қозғалған істер саны өскенін жазады”.

Ұйым заң бұзушылықтар сипатын көптеген мысал келтіріп, егжей-тегжейлі қарастырады.

Ұйым мәліметінше, 2017 жылы кем дегенде 284 адам не діни бірлестік және коммерциялық ұйым діни астары бар істер бойынша сотқа тартылған. 263 жеке және заңды тұлғаға қатысты қандай да бір жазалау шаралары қолданылған. Оның 284-тің 93-і – протестантизмге, 24-і – исламға, 167-і – басқа да діни ағымдарға қатысты. Осы 167-нің 56-сы –  компания не сатушы, төртеуі – Иегова куәгері және біреуі –  православ дінбасы.

Сондай-ақ, Forum 18 “2018 жылдың бірінші жартысында Қазақстан билігі кем дегенде 69 адамды не діни бірлестікті болмаса ұйымды қудалаған” деп жазады. Төрт айлық орташа жалақы көлеміндегі (1400 доллары) айыппұлдар мен діни әдебиетті немесе құлшылық ету үшін жиналу сияқты діни шараларды өткізуге үш айға тыйым салынған.

Сонымен қатар, АҚШ мемлекеттік департаменті USCIRF-тың – Дүниежүзілік дін бостандығы жөніндегі комиссиясының (мүшелерін президент пен сенаторлар тағайындайтын тәуелсіз федералдық үкіметтік комиссия) жыл сайынғы баяндамаларындағы ақпаратты толық пайдаланады. Бұл ұйым жыл сайын өздерінің елде не нәрсеге “алаңдаушылық” білдіретінін жариялап отырады.

Комиссияның 2018 жылғы есебінде қауіп деңгейі бойынша екі топқа бөлінген елдердің тізімі Open Doors ұйымының рейтингінен біршама өзгеше. Бірақ мұнда да Қазақстан Әзербайжанмен бірге екінші топта тұр. Ал Бакудің алғашқы тізімдегі Орталық Азия бойынша көршілері мен Ресей бірінші деңгейге көшкен.

Бұл баяндаманың негізгі қорытындылары Open Doors тұжырымдарына жақын. Есепте “Қазақстанда өзгеше ойлайтындар мен наразылар қудаланып, ешбір міни мәлімдеме жасамаған азаматтық белсенділер терроризмге айыпталды. Осылайша, Қазақстан билігі 2017 жылы діни бостандықты әдеттегідей өрескел бұзды. Биыл діни нанымын бейбіт түрде білдіргені үшін 20 адам, оның ішінде бір Иегова куәгері және “Джамаат Таблиги” ислам миссионерлік қозғалысының” бірнеше мүшесі бас бостандығынан айырылды. Билік әсіресе уағыздарға, шетелдік діни қозғалыстарға не ұйымдарға, сондай-ақ діни саясатқа қатысты айтылған сындарға күмәндана қарайды.

2011 жылы қабылданған “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” заң тіркелмеген діни қызметке тыйым салады және бұл заң полицияның рейдтері, ұстауы, айыппұл салуы мен діни ұйымдарды жабу арқылы жүзеге асырылады. 2016 жылғы желтоқсанда қабылданған осы заңға енгізілген түзетулер діни әдебиеттер мен қажылыққа қатысты жаза мен бақылауды күшейтіп, “миссионерлік қызмет” және “діни ілім” ұғымдарының анықтамаларын кеңейтіп, осы арқылы діни сенім көріністері үшін жазалау мүмкіндігін арттырды. 2017 жылғы желтоқсанда енгізілген қосымша түзетулер, оның ішінде балаларға білім беруге, жеке үйлерде құлшылық жасауға, сондай-ақ діни нанымдарды талқылау жайлы толықтырулардың мақсаты діни бостандықты шектеу еді.

Kazakhstan 2018_Russian

Көршілері – Ресей мен Өзбекстанның теріс тәжірибесін үлгі еткен Қазақстан билігі Иегова куәгерлері діни қозғалысының қызметін уақытша тоқтатып, бостандыққа шығуы тиіс болған бір тұтқынды діни сенімі үшін жаңа айып тақты. Осы проблемаларға байланысты 2018 жылы USCIRF діни сенім бостандығын бұзғанды талдауда қолданылатын стандарттардың кем дегенде бір сипатына (“жүйелі, жалғасып, қарқынды”) сай келгені үшін Қазақстанды тағы да екінші санаттағы елдерге жатқызған. Осылайша, Қазақстан халықаралық діни бостандық туралы заңға (IRFA) сәйкес CPC санатындағы (ерекше алаңдаушылық туғызатын елдер) ел саналады.

Дін жолындағы адамдардың құқықтарын қорғау жөніндегі батыс ұйымдары мен АҚШ үкіметтік ведомстволары Қазақстанды сенім ұстанатындардың құқықтарын бұзатын елдің бірі деп санайды. Ал Қазақстан үшін “дәстүрлі емес” саналатын христиан қозғалысының жақтаушыларын айрықша ерекшелеп көрсетеді.

Ел ішіндегі талқы

Танымал қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис “Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңы барлық дін ұстанатын адамдарды мүдделерін қамтиды” дейді. Өйткені, – дейді Жовтис, – бұл заң миссионерлердің қызметін шектейді, діни әдебиеттерді арнаулы жерлерде таратып, белгіленген орында құлшылық етуге міндеттейді. Алайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрамына кірмейтін мұсылман топтарға, православие, католицизм немесе лютеранизмге сияқты “дәстүрлі” христиан діни қауымдастықтарына жатпайтын діндарларға қырын қарау ерекше байқалады.

“Мемлекет ислам радикализмінен қатты қауіптенеді, сондай-ақ нео-христиан діндері мемлекетке қатер төндіреді деп санайды. Оның үстіне, билік уағыз мәселесіне де алаңдайды. Сол себепті 2011 жылы басталған шектеулер жыл сайын күшейіп барады”, – дейді ол.

Ал Қазақстан қоғамдық даму министрлігі жанындағы қоғамдық келісім комитетінің дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының ресми жауабына қарағанда, “Қазақстан бұл тізімге негізсіз қосылған”.

Орталық мынадай деректі келтіреді:

  • Тіркелген діни бірлестіктердің саны – 3 731 (18 конфессия өкілдері);
  • Оның ішінде 1020 христиан діни бірлестігі (православие – 340, католицизм – 86, протестант – 594);
  • 2018 жылдың төртінші тоқсанында 565 адам миссионерлік іс-шара өткізді (14 конфессия);
  • Миссионерлердің 77,4% – шетелдіктер, 2,7% – қазақстандықтар.
  • Миссионерлердің 83,7% – христиандық діни бірлестіктердің өкілдері (олардың 49,4%-ы – католицизм, 15,8% – православ, 18,5% – протестант).

Орталық жауабының соңында “Осы анализ негізінде Қазақстан діни бірлестіктердің өкілдері үшін қолайлы жағдай жасаған ел және діндарларды қудалаудың ешбір белгісі жоқ деп қорытынды жасауға болады” деп жазады.

Қорыта айтқанда:

  • Қазақстан заңдары христиандарға ғана емес, барлық конфессияға бірдей шектеу қояды. Бұл жергілікті заңнамадан жоғары тұратын азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге қайшы.
  • Сонымен қатар, билік “дәстүрлі” деп тапқан діндерді ұстанатындардың көбі мемлекет қойған шектеулерге қалыпты қарайды және олар қандай да бір шектеулерді анық сезінбейді.
  • Діни азшылықтар мемлекет бақылауында және олар өздерін қысым көргендей сезінуі мүмкін. Дегенмен олар Open Doors, Forum 18 және Бүкіләлемдік дін бостандығы АҚШ комиссиясының назарында. Сондықтан Қазақстан діни бостандыққа қатысты рейтингілерде үнемі “қара тізімге” кіреді.