Microsoft жаңалықтар редакторларын жасанды интеллект алмастырады

Microsoft өзінің Microsoft News және MSN ұйымдарындағы ондаған журналист пен редакторды жұмыстан шығарады. Себебі компания қызметкерлерді роботтарға алмастырады. Бұл жайлы The Vergе хабарлайды.

Компания 2018 жылы Microsoft News және MSN іске қосқанда әлемнің 50 елінде 800-ден астам редактор жұмыс істейді деген еді. Енді Microsoft редакцияны қысқартып қана қоймай, MSN, Microsoft News және Edge қосымшаларында жаңалық орналастыру үшін жаңа редакторларды да жұмысқа алмайды.

Жалпы алғанда АҚШ-та 50 жұмыс орны, ал Ұлыбританияда 27 жұмыс орны босайды. Қазір бұл қызметкерлер Microsoft SANE (Search, Ads, News, Edge) бөлімінде маңызды жаңалықтарды сараптайды.

Microsoft бұрынғы қызметкерлерінің бірі “адамдарды боттармен алмастыру қауіпті” екенін айтады. Себебі жаңалықтар бөліміндегі редакторлар «өте қатаң ережелерге» сүйене отырып оқырмандарды жағымсыз контенттен “қорғайтын” еді. Бұл әсіресе жасөспірімдер үшін маңызды.

Microsoft өкілінің айтуынша, шешім пандемияға қатысы жоқ.

Factcheck.kz